Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табиғатты қорғау – азаматтық парыз

0 1  689

Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, оны басқару қазіргі дамыған қоғамның ең маңызды мәселесі болып тұр. Әсіресе ғылым мен техниканың қарыштап дамуы табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Сол үшін де табиғи ресурстардың сарқылуы – өзекті мәселе. Оларды тиімді пайдалану, адамзат әрекетінің зиянды зардаптарына жол бермеу, бүкіл табиғи кешендердің өнімділігін сақтап, арттыру қажеттілігі туындайды. Бұл тұста Табиғат-ананың берген сыйын кешенді қолдану, қалдығы кем немесе қалдықсыз технологияларды пайдалану ерекше маңызға ие.

Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектарды құраса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,4 миллион гектарды құрайды. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектарға жуық жерге орман ағаштарының көшеттері егіліп, тұқымы себілуде. Мемлекет басшысы Жолдауында жүктеген тапсырмаға орай облыстың орман қоры жеріне 140 миллион түп ағаш отырғызылады деп жоспарлануда. Ағымдағы жылы 3100 гектар жерге 6,1 миллион түп ағаш егілсе, 4000 гектарға сексеуіл тұқымын себу күз айларына белгіленді.
Өзімізде егілетін көшеттермен 2022 жылы 13 290 мың гектарды, 2023 жылы 15 650 мың гектар жерді қамтамасыз ету үшін қарағаш (26 гектар), сексеуіл (180 гектар) және қылқан жапырақты ағаш (1,5 гектар) көшеттерін өсіруге тұқым бақтар 49 гектардан 207 гектарға арттырылды. Алынатын көшет материалдары жылына 36,1 миллион дананы құрайды деп күтілуде. Биылғы жылдың көктемінде 17,6 гектар тұқым баққа 2549 келі қарағаш тұқымы себілді.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысының ағаш отырғызу бойынша тапсырмасының орындалу барысымен танысу қарапайым халыққа қолжетімді болмақ. Ол үшін арнайы жұмысты мониторингілеу бойынша интерактивті карта әзірленген. Бұл халыққа мобильді қосымша арқылы жеткізіледі.
Орман – Жер шарының тілсіз өкпесі дейтін болсақ, өсіріп-баптау жұмыстарымен қатар, оны қорғауға баса назар аударылып келеді. Әсіресе жаудан келер зиянның зардабы ауыр. Мұның алдын алуда мамандардың тынымсыз жұмысы қажет. Ағымдағы жылы 2 орман өрті оқиғасы тіркеліп (Байзақ орман шаруашылығы мекемесі орман қоры), өртенген аумақ 392,6 гектарды құрады (шығын – 264,5 мың теңге).
Биыл қосымша 6 найзағай отын бұру қондырғысы мен 6 өрт бақылау мұнарасы 7,2 миллион теңгеге орнатылды. Сондай-ақ климаттық зоналарда және мемлекеттік орман қоры жерлерінде сынақтан өткізілген «Орман.кз» жаңа геоинформациялық мобильді қосымшасы барлық мекемелерге қойылып отыр. Бұл өрттің қайдан орын алғанын лезде анықтау үшін өте маңызды.
2021 жылға орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын толық жақсарту бойынша 49 дана техника, 10 трактор, 8 автокөлік, 8 мотоцикл, 9 соқа, 17 көшет отырғызу машинасы, 10 тұқым сепкіш, 1 топырақ қопсытқыш, 3 рация және 7 трактор тіркемесі алынды. Сондай-ақ 8 су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр.
Сонымен қатар Меркі ауданындағы Аспара өзенінің деңгейі түскен кезде Батыс Үлкен Шу каналын (ЗБЧК) 1,5 м3/сек дейін сумен қамтамасыз ету және 1325 гектар жерді суаруға Меркі ауданында «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» жаңа су қоймаларын салуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 36,8 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні «Тараз-Технопроект» ЖШС мердігер ретінде белгіленіп, жұмыстар жүргізілуде.
Табиғаттың байлығы – қоршаған орта мен ондағы жан-жануарлар дүниесі. Бүгінде қорықтар мен қаумалдардағы аң-құстардың көбеюіне, сонда тұрақтап қалуына қорықшылардың қосып отырған үлесі зор. Қаскөйлерден табиғат байлығын сақтауда қорықшылардың қырағылығы қажет-ақ. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды қорғау үшін облыс аумағында ерекше қорғалатын Үмбет, Меркі табиғи аумақтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Жуалы, Талас, Жамбыл аудандарының аумағынан Қаратау арқарын қоруды күшейту мақсатында жергілікті мәндегі ерекше қорғалатын қаумалдарды құру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 148 300 гектарды құрайтын «Жуалы-Қарашат» мемлекеттік қаумалдары және Қордай мен Шу аудандарының аумағынан 369 960 гектарды құрайтын «Қордай-Жайсаң» қаумалы құрылды. Осының арқасында жабайы тұяқты аңдардың өсімі тұрақталды. Сондай-ақ Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарының таулы аймақтарында аумағы 128 846 гектарды құрайтын жергілікті маңызы бар «Сұлутөр-Ботамойнақ» мемлекеттік табиғи қаумал құру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш қаумал құрылған кезде таудағы 6 аңшылық шаруашылық (Таулы Луговой – 39 030 га, Қарақыстақ – 20 790 га, Сұлутөр – 33 280 га, Қайыңды – 23 980 га, Көгершін – 19 294 га, Ботамойнақ – 6700 га) жұмысын тоқтатады және ол жерде аң аулауға толық тыйым салынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде», – деп жануарлар дүниесінің құрып кетпеуіне, табиғат заңдылығына қарсы келушілермен күресуді мықтап қолға алу керектігіне баса назар аудартқан болатын.
Қасақылықпен күрес бойынша 2021 жылдың 9 айында мемлекеттік орман қоры мен аңшылық алқаптардың және балық шаруашылығы су айдындарының, учаскелерінің резервтік қоры аумағында жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 1252 рейдтер мен тексерулер жүргізіліп, табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзу фактілері бойынша 412 хаттама толтырылды. Сондай-ақ басқармаға қарасты «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» КММ-нің инспекторлары орман қоры аумағында және еркін аймақтарда жыл басынан бері 109 рейдтік шара ұйымдастырып, нәтижесінде 90 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұл көлемі 13 миллион 340 000 мың теңгені құраса, өндірілгені – 6 миллион 339 100 теңге. Бұдан бөлек, жедел топ өкілдері жыл басында Сарысу ауданының орман қоры аумағынан Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты атып алған азаматтарды құрықтады. Бүгінде іс аудандық полиция бөлімшесіне барлық айғақ заттармен өткізілді.
Бұл бір ғана мысал. Бұдан бөлек те, табиғаттың төл тумаларына зиян келтірушілердің саны азаймауда. Сондықтан басқарма мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, аянбай еңбек ететін болады.

Мұратхан Шүкеев,
облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.