Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табақ тарта білесіз бе?

0 1  466

Қазақ дәстүрінің ішінде қаймағы бұзылмаған салттың бірі – табақ тарту рәсімі. Қонағына қой сойса да кәдесінен жаңылмаған, өзіндік мән-мағынасы бар.

Малдың он екі жілігі жəне басқа мүшелері адамның қоғамдағы орны мен жолына лайықталып тартылған. Қазақ халқында дастарқан жайғанда, отырған әр адамның жасына, жынысына қарай өзiне лайық сыбағасы тартылған.

Қазақ халқы той-томалақ, өлім-жітім болсын, келген қонағына сыйлы асы – етті кәделеп ұсынған. Тартылған табақтың орны ауысып кетсе немесе кәде дұрыс салынбаса, қонаққа жоғары дәрежеде сый-құрмет көрсетілмеді деп саналған.

Қазіргі уақытта көпшілік табақ тартудың жөнін білмейді, әсіресе, жас буын. Тоқтала кетсем, этнографиялық деректер бойынша бас тартудың мәні құда-құдағилар бір-бірімен қарым-қатынасымыз үзілмесін, басымыз тек жақсылықта қосылсын деген ниетпен ұсынатын болған.

Әдетте кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қартаны, жал-жаяны табаққа бірге салып береді. Бізде басты тартар алдында маңдайын айқастыра тіліп қояды. Ол дегені бастың жолын ашу деп біледі. «Әкесі бар адамдар басты мүжімейді» деген ырым бар.

Басты қария бата-тілегін айтып, алдымен оң езуінен кесіп, өзі ауыз тиеді. Одан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кіші адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.

Құлақ ұсыну. Ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Сондағысы – «сақ құлақ, алғыр болсын» дегені. Бір бастың екі құлағын бір балаға бермейді. Міндетті түрде екі балаға беруі керек. Ал ірі қара малдың құлағы берілмейді.

Көз ұсыну. Бас мүжіп отырған адам малдың көзін біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға қатар береді. Яғни бір бастағы екі көз екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша көз қос қолмен ұсынылады.

Тіл ұсыну – ас ұсыну жолындағы тамаша кәденің бірі. Малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпайды. Оны көбінесе келінге береді. Кейде үйге келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып, «менің жолымды берсін» дегендей тілек айтады.

Таңдай ұсыну. Басты кесіп отырған адам таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге ұсынады. Таңдайды ұсынғанда, үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана береді.

Кей аймақтарда бастың тісін қақпай әкеліп жатады. Салт-дәстүрді зерттеушілер бұл дұрыс емес дейді. Тісін қақпау, біріншіден, тазалыққа жатпайды. Екіншіден, ішкі реніші бар адамдар бастың тісін қақпай әкелетін болған. Бұл жөнінде халық арасында кең танылған мынадай әңгіме бар. Ауылдың сыйлы адамына іштей ренжіп жүрген бір кісі оған қалай айтарын білмей жүреді. Бір күні ауылдың үлкендерін жинап, қой сойып, қонаққа шақырады. Қонақтардың ішіндегі ең үлкені өзі іштей ренжісе де, батып айта алмай жүрген кісі болғандықтан, басты соған тартады. Бірақ бастың тісін қақпай алып келеді. Қолына басты ұстаған кісі өте ақылды адам болса керек, жасалған дәстүрдегі ерекшелікті байқап, үй иесінің не айтқысы келгенін жазбай таниды. Қолына ұстаған бастың тісін көріп, «маған айта алмай жүрген өкпе-реніші бар екен ғой» деп үй иесімен сөйлесіп, ренішін сұрап білген. Егер реніші орынды болса, кешірім сұраған. Ал орынсыз болса, керісінше, айыбын мойындаған үй иесі ат-шапанын кигізген.

Табақ тартудың жөн-жосығын білетін адам ғана малдың жілігін кәделеп салған. Етті қонақ санына қарай салады. Бір табаққа кемінде екі жілік салмасаң, аздық етеді. Мысалы, бас табаққа жамбас міндетті түрде салынады. Бас табақ үлкендерге тартылатындықтан, жанына кәрі жілік салынады. Бірақ кәрі жілік бір бөлмеде отырған қонақтарға бірнеше табақ тартылғанда екі рет салынбайды.

Екінші табаққа ортан жілік, қабырға, омыртқа, сүбе, құйрық май салынады.

Үшінші табаққа жауырынмен бірге омыртқа, сүбесі, құйрық майымен салынады.

Ал төртінші табаққа асықты жілік салынады. Егер күйеу болса төсін қосады. Ал құдағиларға арнап бесінші табаққа жағымен қосып жамбасты салады. Келесі табаққа кәрі жілік қабырғасымен, омыртқа сүбесімен салынады. Одан кейінгі табаққа ортан жілік салынады. Содан кейін тоқпан жілік алынады. Жауырынмен тағы бір табақ тартылады.

Қалған тоқпан жілік, асықты жілікті жастар жағына қояды. Қазақ етті ағаш табаққа салған. Ағаш ет табағы қайта сәнге айнала бастады. Ал бүтіндей бір қойдың етін астауға салған. Табаққа тек еттің өзі ғана салынады. Етке қамыр салу – XX ғасырда пайда болған дәстүр. Кейін еттің жанына картоп, үстіне тұздық құйып жасайтын болды.

Төс пен құйымшақ тарту дәстүрі. Жасы 70-80-ге келсе де, өз үйіне келгенде кемпір қыз болып есептеледі. Күйеу бала да солай. Сондықтан төркіндеп келген қыз төрде отырады. Ал қыз отырған жерде табаққа құйымшақ салынады. Ал күйеу бала келгенде төсін алдына қойып, жеңгелері міндетті түрде төстің кәдесін алады.

Табақ түрлеріне тоқталсақ, қазақтың салт-дәстүрін зерттеумен айналысқан Болат Бопай «Қазақ кәдесі» еңбегінде табақ түрлерінің бірнешеуін атап өтеді.

Бас табақ – қазақтың қонақ күту, сыбаға сыйлау дәстүрінде, ата салтында үйге кісі, сыйлы адам, ауыл ақсақалы келгенде, не алыстан өте құрметті, қадірлі кісі келгенде, не оларды арнайы қонаққа шақырғанда ұсынылатын табақ түрі. Қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүбе қабырғасын, жауырынын, белдемесін, кәрі жілігін, ішек-қарнын, тоқ ішегін, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел табаққа салып, қонаққа тартады.

Орта табақ – бас табақтан қалған еттердің кәделі жіліктерінен жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме, кәрі жілік сынды сүбелісін төрдегілерден кейін отырған жасы кішілеу қонақтарға тартады.

Аяқ табақ – үлкендерге бас табақ, одан соңғыларға орта табақ, аяқ жағында отырғандарға аяқ табақ тартады. Оған асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме сынды кәделі жіліктерді тартады.

Сый табақ сыйлы қонаққа, жасы үлкен қарияларға, құда-құдағиларға арнап тартылады. Малдың басы, жамбасы, жылқы еті асылса, жал-жаясын, қазы-қартасын, ортан жілік пен белдемені, омыртқаны, қара қабырға сынды кәделі бөліктері асылады. Сиыр-түйе сынды ірі қара болғанда, белдеме, жая, өркеш, омыртқа, қарын-сұрын, қимай асылады. Ұсақ мал сойылса, бас, жамбас, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, қабырға және сүбе қабырға, кәрі жілік, ішек-қарын, тоқ ішек, жүрек салынады.

Құда табақ – қойды арнап сойған болса, табаққа басын, жамбасын, кәрі жілігін, ортан жілігін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын салады. Жылқы болса, шекесін, жал-жаясын, қазы-қартасын, омыртқасын, ортан жілігін, арқа, қабырғаларын асады. Сиыр болса, жая, омыртқа, арқа, ортан жілік, қарын, қимай, белдемесін асады.

Құдағи табаққа ері қайтыс болған, құда жоқ, құдағи ғана келгенде, «құданың жолы» деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Ал ері тірі әйелдерге әдетте бас тартпайды.

Күйеу табаққа асық жілікті, төсті, ортан жілікті, сүбе қабырғаны, арқаны, белдемені, қарын мен тоқ ішекті салады.

Қыз табақ – бұл төркіндеп келген қызына көрсетілетін құрмет. Жамбасты, асық жілікті, жауырынды, белдемені, тіл-жақты, қарын-сұрынды, сүбе қабырғаны, жүрек-бауырды, бүйрегін салады.

Келін табақ – ата-енесі келінге асық жілік, тіл-жақ, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, жүрек-бауыр салынған табақ тартады.
Жеңге табақ. Халық арасында аз кездессе де, мұндай табақ түрі де бар екен. Табаққа қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, тоқ ішегін, қарын-бүйректерін салады.

Жезде табақ. Бұл табақты балдыз қыздар дайындайды. Ортан жілік, жауырын, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақ салынады. Жезде табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен жеңге табақтағымен бірдей болады. Ал ұқсамайтын жері құйымшақ қосылады. Онысы – балдыз қыздардың жездесіне көрсеткен әзілі, қалжыңы деп түсінген жөн.

Беташар табақ. Қазақтың келін түсіру салтында беташар рәсімін жасаған адамға арнап ұсынылады. Табаққа тіл-жақ, жүрек-бауыр, ортан жілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырғалар салып, үстіне таңдай қосады. Оның үстіне әдемі кестелі қолжаулық жабады, болса күміс жүзік, теңге қояды.

Бала табақ. Үйге келген балаларға арнайы табақ тартып, дәм сыйлап отырған. Мұндай табаққа асық жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ, қабырға салынады.

Құрдас табақ. Қонаққа жылдас адамды шақырғанда жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме сияқты сыбағалы жілік сыйлайды.

Қос табақ. Қазақтың қонақ күту салтында үлкен қарияларға, ерекше сыйлы қонағына тартады. Қос табақ құрмет-сыйдың ең үлкені саналады, жоғары бағаланады. Қос табаққа да жамбас, ортан жілік, арқа, белдеме, жауырын, қабырға салады, біреуіне бас қосады.

Тілашар табақ. Баланың ең алғаш былдырлап тілі шыға бастағанда, әке-шешесі қойын сойып, мол дастарқан жаяды. Ауылдың үлкендерін шақырады. Арнайы сойылған қойдың жамбас, кәрі жілік, жауырын, белдеме, арқа, сүбе қабырға, қара қабырға, тоқ ішек, қарын-сұрындары салынған табаққа ең үстіне қойдың басы мен тіл-жағын қойып тартады.

Төре табақ – табақ тартудың бір түрі. Ел арасында кейде төбе табақ деп те атайды. Төре табаққа бір қойдың етін, кәделі жілігін түгел салады да, балуан, батыр азаматтардың алдына тартады.

Кежім табақ қазақ тарихында өте сирек тартылған. Оны өте сыйлы, мәртебелі қонақтарға ғана тартады. Кежім табаққа үлкен қойдың еті, бас-сирағымен қосып бір-ақ салынады. Бөліп-жарып жатпайды. Кезінде Абайдың әкесі Құнанбай Қытай жеріндегі қазақ еліне барғанда Шәку деген бай қажыны қонақ қылғанда, осы кежім табақты тартқан екен.

Біз өте ырымшыл халықпыз. Үлкендер ас жеп болған соң, жастарды шақырып алып, бас табақтан асатып жатады. «Бас табақтан ас жеп отыратын біздің жасымызға жет, жолымызды берсін» деп тілегені.

Табақ тартушы жігіттер болған «Абай жолында» М.Əуезов: «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды», – деп астың этнографиялық мәнін ерекше суреттейді.

Осы аса жауапты қызметті мінсіз атқару үшін табақ тартушы жігіттер алдын ала арнайы дайындықтан өтетін. Ол үшін табақ алып қашу немесе мүше алып қашу ойындары өткізілген. Шауып келе жатқан аттың үстінде қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай апаратын жеріне дұрыстап жеткізуді жетік меңгергендер ғана табақ тартуға таңдалып алынды.

Мысалы, құрметтi кiсiлерге бас жамбас ұсынылса, күйеу мен қызға асықты жiлiк пен төс, балаға бүйрек пен құлақ салынады. Егер лайық мүше ұсынылмаса, ол кiсiлердiң өкпелеуге хақысы бар, айып та сұрай алады. Қонаққа қоғамдағы əлеуметтік мəртебесіне сай, өзіне тиісті жілік мүшесін тартпау немесе шатастырып, ауыстырып жіберу ұят саналған. Жəне керек кезде кейбір адамның ел алдында намысына тиіп, қорлаудың белгісі де болып табылған.

Ет табақтарды ер адамдар өз қалтасына салып жүрген бәкісімен тураған. Еркек пен әйел араласып отырмаған. Тек қымыз, шай құятын кезде ғана дастарқанның аяқ жағына тізе бүккен. Ас соңында сол табақтан тамақ ішкен адамға сәлем еткен. Яғни табақ алу рәсімі кеңінен тараған. Себебі келіндер қонақтармен дастарқан басында бірге отырмағандықтан, келген қонаққа өзінің қолынан дайындалған астан ауыз тигеніне рақмет айту үшін сәлем салатын болған. Сонымен қатар келіндер қонақтардан ешқашан «тамақ дәмді болды ма?» деп сұрамаған.

Қорыта келе, соңғы кездері қонаққа барғанда, жілікті табаққа дұрыс кәделеп салмайтынын байқап жүрміз. Етті турап әкелетін дәстүрді шығарды. Бұл біздің қонаққа көрсететін ең үлкен құрмет-сыйымыз болғандықтан, ол дәстүрден ажырамауымыз керек.

Айжан Жарылқапова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің тарихшысы, ҚХА мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.