Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түзу жолдан тайдыра көрме, тағдыр!

0 248

Ұстараның жүзіндей жалт-жұлт еткен дүние көздің ағы мен қарасындай мөлдірейді. Сары ала қазы саңқылдап, жазы мен күзі өтпелі күндердің артымыздан жәутеңдеп қол бұлғап қала беретінін біле тұра әлденеге ұмтылып, әлденеден дәмеленіп, барынша мәнді, мағыналы ғұмыр кешуге талпынамыз. Қасыңдағы жақының демеу, қолыңдағы жиған барың жаныңа медет. Алайда айналасынан қармануға қара тал таппай, айдалада адасып қалғандардың күні нешік? Арманы қандай? Алаңдағаны не?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Мән-мағынасыз көше кезіп, итаяқтан ас ішіп жүргендерді Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық қолдау көрсетіп, қыстың көзі қырауда, мейлі жаздың аптап ыстығында демеу көрсетіп келеді. Әсіресе, ел басына күн туып, жердің бетін індет жайлаған тұста аспан асты, жер үстінде панасы қалмаған үй-күйсіз жүрген пенделерге тіпті оңай соқпағаны анық. Міне, сондай көше кезіп, көш соңында қалғандар мекен еткен орталықтың бүгінгі жай-күйімен танысуды жөн көрдік.
Бұл мекеме тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсетіп, ас-ауқатпен қамтып, қаңғып қалғандарды қанатының астына алып, құжаттарын түгелдеп, жұмыспен де қамтамасыз етіп отырған жайы бар.


Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасында төтенше жағдай жарияланып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялануынан бері бүгінде орталыққа адамдарды қабылдауға уақытша шектеу қойылыпты. Сондықтан осы жылдың І жартыжылдығында қабылданған қызмет алушылар саны өткен жылдың алты айының қорытындысымен салыстырғанда 2,7 есеге төмендеген. Соның салдарынан қызмет алушыларға әлеуметтік қызмет көрсету түрлері біршама азайғанымен, карантин шаралары бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Аталмыш орталыққа азаматтарды қабылдау бойынша 2020 жылдың І жартыжылдығында жүгінген белгілі тұрағы жоқ азаматтардың саны 51 адамды құраса, олардың ішінде ерлер 42, әйелдер 9 адамға жетіпті. Олардың ішінде денсаулық сақтау ұйымдарынан – 8, өз еркімен келгендер – 26, мобильді әлеуметтік патруль қызметі арқылы – 5 және ішкі істер бөлімінен – 12, оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемесінен арнайы жолдама хатпен 8 адам қабылданыпты. Орталық тарапынан осында қайырылған азаматтарға барлық әлеуметтік көмек түрлері көрсетілуде. Осы орталықта қызмет етушілердің айтуынша, мобильді әлеуметтік патруль қызметі бойынша 2020 жылдың І жартыжылдығында қала тұрғындарынан орталыққа 9 қоңырау келіп түсіпті. Бұл күнделікті түскен қоңыраулар журналға тіркеліп, қоңырау түскен жол бағыттары бойынша 4 адам орталыққа жеткізіліп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жалпы қоңырау түскен жол бағыттары бойынша ең алдымен алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, 4 адам орталыққа орналастырылса, оның 5-і көмектен бас тартыпты.
Ағымдағы жылы қала көшелеріне арнайы 8 рет рейд ұйымдастырылып, арнайы рейд кезінде 11 азамат кездесіп, олардың 10-ы көмекке мұқтаж еместігін алға тартып, көмектен бас тартса, солардың біреуі ғана орталыққа орналастырылған. Ағымдағы жылы 5 қызмет алушы Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтарына орналастырылса, 6 қызмет алушыны мүгедектік тобына шығару мақсатында құжаттары өткізіліп, жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.
Орталықта күнделікті тұрғындар жататын бөлмелерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 мезгіл көгілдір шам (кварц) қойылады. Қызмет алушыларға медбикелер тарапынан педикулез ауруы бойынша, темекінің зияны туралы және коронавирус инфекциясы туралы және басқа да түрлі денсаулыққа қатысты дәрістер оқылып тұрады.
Мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың төсек жабдықтары, киімдері уақытылы ауыстырылып, залалсыздандырылады. Сондай-ақ тұрғындарға санитарлық нормаларға сәйкес гигиенасына қажетті заттар уақытылы беріледі. Тазалық сақтау мақсатында кір жуу машиналары да осындағы азаматтардың қажетіне орай жұмыс істеп тұр. Науқастанған тұрғындардың денсаулық жағдайы тәулік бойы үнемі дәрігерлердің бақылауында. Әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 2020 жылдың І жартыжылдығында мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың құжаттарын қалпына келтіру бағытында 7 адамның жеке куәлігі және 7 адамның зейнетақы кітапшасы қалпына келтіріліпті.
Заңгерлік құқықтық көмек көрсету бойынша осы жартыжылдықта Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы әлеуетті өнім берушілермен және мекемелермен 120 келісімшарт жасасыпты. Мекемеде шығарылып жатқан бұйрықтардың заңдылығы тексеріліп, қол қойылып, сондай-ақ орталық тұрғындарына және қызметкерлерге құқықтық кеңес беру жиі жүргізіліп тұрады екен.
Сонымен қатар осы орталықта қызмет алушылар Б.Омаров пен М.Булегеновті Алматы қаласының әлеуметтендірілуге арналған орталығына орналастыру жұмыстары жүргізілсе, қызмет алушылар В.Сухов және М.Салиховты психоневрологиялық интернатқа орналастыру үшін №5 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының көмегіне жүгіну мақсатында экспертизадан өткізу жұмыстары жүргізіліпті.
Орталық мамандары еңбектің барлық қиындықты жеңетінін ескергендіктен, қол қусырып қарап отырмай, еңбек терапиясын жүргізуді де қолға алған. Орталық аумағын таза ұстау мақсатында күл-қоқыстарды тазарту, қар тазалау, мұздақтарды жару, көктем мезгілінде ауланы көгалдандыру, көгеріштендіру, гүл отырғызу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, тал-дарақтар бұталып, орталық аумағы абаттандырылып тұрады. Орталық аумағының тазалығымен қатар, тұрғындардың жеке гигиенасы, жатқан бөлмелері, төсектерін жинастыру күнделікті қадағаланып, тазалыққа аса мән беріледі.
«Ас – адамның арқауы» демекші, орталықтағы тұрғындардың тағамын дәмді де сапалы және дұрыс тағайындалуына да мән беріліп, күнделікті ескеріледі екен. Сонымен қатар 1-2 қаңтар – Жаңа жыл, 7 қаңтар – Рождество, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, 1 мамыр, 9 мамыр мерекелеріне орай қызмет алушыларға мерекелік тағамдар беріліп, нағыз салтанатты дастарқан жайылады.
Иә, бұл орталықта ғұмыр кешіп жатқандар – қара шаңырағы қаңырап, туған жер мен туған үйіне барар жолда адасып қалғандар. Бірі орта жолда опасыздықтан опық жеп, әділетсіздіктің қамытын киіп, іштегі отын сырттағы уытпен ұштастырып, жүректегі запыранды ащы сумен басып жүріп, бәрінен, барынан айырылған болса, енді бірі басына қонған бақты көтере алмай, ұшырып алған соң ғана қолын кеш сермеп, дүниеден баз кешіп кеткендер. Олар түскен жол қайда апарып тоқтайды? Жалпы өздері қайда бара жатыр? Итаяқтан ас жалап, ит тірлік кешкен ғұмыры жайлы не айтады? Сұхбаттасып көрдік. Сауал қойдық. Жауап та алдық. Жанға батқаны нәзікжанды қаракөздің өз хал-қадерін түзей алмай, қара көзіне жас толып, ата-ана, бауыр, бала-шағасымен бірге өткен күнін егіле еске ала тұрып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған өмірін қабылдай алмай, ащы суға салынып, қоя алмай жүргенін айтады. Еркелеп өскен елік қыз, ТарМУ-ды инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген екен. Тұрмыс құрып, ана да атанған. Алайда отағасымен түсінісе алмай, ажырасып кеткен соң, бала-шағасын ата-анасына беріп, өзі бөлек кеткен. Міне, сол бөлек кеткелі еркіндігін еріккендікке теліп, жолы болмаған ғұмырын арақпен басамын деп жүріп, ащы сусыз жүре алмайтын күйге жеткен. Бүгінде ата-ана, туған-туыс, дос-жараны бар болғанымен, бәрі күдер үзген. Орталықта ащы су ішкізбейді. Алайда сәті туса, тартынбайтыны көрініп тұр. «Мен солай ішімдегі мұң-зарды басамын. Кезінде туыстарым емдетпеді, көмектеспеді. Енді бәрі кеш», – дейді ол. Бұл орталықты бетке алғанның көбі кезінде «бетімен кеткендер». Ащы суды серік етемін деп жүріп ойланудан, ойға алудан қалғандар. Бүгінде қалған ғұмыры сол бір жұтым ащы судың ішінде қалғандай… Алайда жібі түзу, жөні бөлек жандар да жоқ емес. Мәселен, Бауыржан ағаны мұнда бәрі сыйлайды. Себебі ол кісі бұл орталыққа келгелі ішіп көрмепті. Жұмыс барысында қолын жарақаттап, жұмысқа жарамсыз болып қалғандықтан, осы мекемені паналап жүр. Жары қайтыс болған. Жалғыз қызының өміріне кедергіне келтіргісі келмей, осы орталықтың көмегіне жүгінген. Бүгінде осы мекеменің атсалысуымен мүгедектікке құжат дайындап жүр.
– Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келдім. 1988 жылы орта мектепті бітіргенмін. 1991 жылы отау құрып, үйлендім. Жарым қайтыс болды. Қазір бір қызым бар, қарым-қатынасым жақсы. Қызым пәтер жалдап тұрса да, маған қолынан келген көмегін көрсетуге даяр. Оң қолым жұмыс барысында сынып, содан жұмысқа жарамай, 2019 жылдан бері осы орталықтың қамқорлығындамын. Қазіргі уақытта орталықтың медициналық қызметкерлері маған мүгедектік топ тағайындауға кірісіп жатыр. Мен сияқты өмірлік қиын жағдайға душар болғандарға қол ұшын созған осы орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді Бауыржан аға.
Тағдыр жолы кімді қайда апарары белгісіз. Онсыз да баянсыз ғұмырда белгілі тұрағы жоқтардың көзінде үміт, жүрегінде шырағы жоқ. Өкінбей, өшікпей өмір сүру үшін жай ғана масаң күйде масайрап жүруді ойлайды. Ал бір күндері оларда да бәрі болған. Енді жоқ. Жоғалтты. Түзу жолдан тайдыра көрме, тағдыр!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.