Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ей , қу арақ!

0 24

Алкоголизм хақында дерек іздегенде, оның салдарынан болатын қылмыстың саны мен сипаттарына кезігіп, жағаңызды ұстайсыз. Бүкіл әлемнің, әсіресе Еуропа мен Орта Азия елдерінің күресіп жатқан бұл дертіне әзірге дауа болмай тұр. Ал кейде алкоголизм дертке емес, өмір сүру салтына айналып кеткендей көрінеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19% – жүрек аурулары, қал¬ғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағуда. БҰҰ мәліметтері бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің арасында Қазақстан 10-орында тұр. Жамбыл облысындағы статистика да көңіл көншітпейді.
«Сүйкімсіз» статистика
2020 жылдың жарты жылындағы есеп бойынша Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерге алкогольге тәуелділік бойынша 3622 адам тіркелген. Оның 437-сі әйелдер. Алкогольді масаң күйге медициналық куәландыру жүргізуге тәулік бойына орташа есеппен 60-65 адам келеді. Полиция тарапынан күшейту жұмыстары жүргізілгенде, 80-85 адамға дейін баратын көрінеді. Маскүнемдікке салынғандарды туыстарының өтінішімен немесе соттың арнайы шешімімен құзырлы органдар еріксіз емделуге жіберіп жатады. Ондағы емнің бәрі тегін жүргізілетінін ескерсек, мұның өзі мемлекет қоржынына қаншалықты салмақ салып жатқанын аңғару қиын емес. Өкінішке орай, бірнеше айлық емдеу курсынан өтетіндердің бәрі бірдей жынды судан біржолата бас тартып кетпейді. Ауруханадан шыға сала араққа бас қоятындар жетерлік. Санасына терең сіңіп қалған ішімдікке деген әуестік оларды емделіп шыққаннан кейін де еріксіз маскүнемдікке қайта түсіріп жатады.
Арақтың тағы бір залалы – адамдарды қылмыс жасауға итермелейтіндігі. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың дені жынды судың кесірінен жасалады екен. Санасын арақ тұмандандырған адамның көлікке отыруының соңы апатқа, үлкен бақытсыз жайларға ұшырататыны айтпаса да түсінікті.
Ащы судан уланғандар мен шектен тыс пайдалану әсерінен ажал құшқандардың сандық көрсеткішінен жағаңызды ұстайсыз. Нақтыласақ, Таразда 73 адам спирттік ішімдікті мөлшерінен көп тұтынып ауруханада ем қабылдаса, 10 адам көз жұмған. Мұның бәрі ресми деректер ғана. Аталмыш деректерді ұсынған әр мекеме қоғамда ішімдікке тәуелділік деңгейінің азайып, мамыражай күй орнауына барынша үлес қосуға тырысып бағады.
Арақ атадан қалған ас емес!
Адамзат алкогольмен қанттың көп мөлшері бар жемістер мен көкөністердің ашытылған шырынын кездейсоқ тұтынған кезде кезіккен. Алкогольді ішімдіктердің негізгі белсенді ингредиенті – этил спирті. Ол жемістерді ашыту нәтижесінде алынған: саңырауқұлақтар әсерінен сұйықтықтағы қант этил спиртіне айналғанда, ол ағзаға зиянды концентрацияға айналады. Айта кету керек, маскүнемдік жоғары дамуға ие болған әлеуметтік-саяси топтарда үздіксіз дамыған. Әрбір адам өмір сүру үшін тырбанып әрекет жасайтын қарабайыр мәдениеттерде маскүнемдік кең таралмайды. Грекияда маскүнемдер ұдайы таңертең шарап ішетін болған. Көптеген ғалымдар Римді құлатқан да алкоголь деп есептейді. Еуропада өмір сүру деңгейі күрт көтеріле бастаған кезеңде, капитализмнің алғашқы нышандары байқала бастағанда маскүнемдік деңгейі артқан. Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат берілмеген. Ресейдегі ертеден келе жатқан құжаттарда жаңадан отау тіккен жастарға ішімдік ішуге тыйым салынған. Франция елінде арақ ішкіш ата-аналардан туған әлсіз балаларға арналған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар екен. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Алкоголизммен күрес дегенде Ресейде Горбачевтің «құрғақ заңы» еске түседі. Бұл заңды қабылдауға себеп аз болған жоқ. 1970 жылдардың соңына қарай КСРО-да спирттік ішімдіктерді тұтыну ел тарихында рекордтық деңгейге жетті. Ал Ресей империясы мен сталиндік Ресейде алкогольді тұтыну жылына 5 литрден аспаған, ал 1984 жылы бұл көрсеткіш 10,5 литрге жетті. Бұл тек тіркелген жағдайлар ғана, ал егер астыртын жасалатын алкоголь өнімдерін ескеретін болсақ, онда бұл сан жылына бір адамға 14 литр арақтан келгенін көрсетеді. Бұл дегеніміз жылына әрбір ересек Кеңес адамы шамамен 90-110 бөтелке арақ ішкен. Қалған алкоголь самогон, шарап немесе сыра түрінде қолданылған. Сондықтан да Михаил Горбачевтің биліктегі уақытын КСРО тарихындағы ең күрделі және қарама-қайшы кезеңдердің бірі деп атауға болады. Жаңа сайланған бас хатшының алғашқы ірі реформасы көптеген дау тудырған. 1985 жылдың 16 мамырында «Маскүнемдікке қарсы күресті күшейту туралы» КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы шықты. Ол тарихқа «құрғақ заң» деген атаумен енді. Горбачевтің алкогольге қарсы науқаны нәтижесінде спирт бағасы 45 пайызға қымбаттап, елдегі жүзімдіктер жойылды. Ал дүкендерден қант жоғалып кеткен. Сонымен қатар халықтың өмір сүру ұзақтығы артып, қылмыс азайған. Кез келген реформа сияқты, Горбачевтің алкогольге қарсы науқанының өз артықшылықтары мен кемшіліктері болды. Оның айқын артықшылықтарының бірі халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру еді. Осылайша, ерлердің өмір сүру ұзақтығы 2,6 жылға өсті және бұл Ресей тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болатын. Бұдан басқа, бала туу көрсеткіші артты. Сонымен қатар денсаулығы нашар балалардың саны сегіз пайызға азайды. Науқанның тағы бір маңызды қорытындысы алкогольдің әсерінен жасалған қылмыстар санының күрт төмендеуі және халық өлімінің қысқаруы болды. Алайда осы көрсеткіштің барлығы Кеңес экономикасына алкогольге қарсы науқан әкелген зиянның орнын жаба алған жоқ. Билік қоғамның «моральдық сауықтыру» бағытындағы құрғақ заңының негізгі нәтижесін көрсе де, халықтың көп бөлігі оны үкіметтің қарапайым халыққа қарсы бағытталған абсурдтық бастамасы ретінде қабылдады.
Алкогольді заңды сатуға тыйым салу көлеңкелі экономиканың қуатты толқынын тудырды. Қант сату 1985 жылғы 7850 мың тоннадан 1987 жылы 9280 мың тоннаға дейін өсті. Есеп бойынша самогон өндірісіне сол жылдары 1,4 миллион тонна қант жұмсалып, нәтижесінде 140-150 миллион самогон декалитрі өндірілді. Мұнымен қоса, 80-ші жылдардың соңында құрғақ заңның негізінде елде нашақорлар мен токсикомандар саны күрт өсіп кетті. 1987 жылы 44 мыңнан астам алкогольден улану дерегі тіркелді. 11 мың адам қаза тапты. Денсаулық сақтау министрлігі тіркеген нашақорлар саны 9 мыңнан 20 мыңға дейін өсіп кетті. Алкогольді сатуды қысқарту Кеңес экономикасына елеулі зиян келтірді. Спирттік ішімдіктерді сатудан түскен кірістер мемлекеттік бюджеттің 30 пайызын құрайтын. Горбачев науқаны басталғаннан кейін жыл сайынғы бөлшек тауар айналымы орта есеппен 16 миллиард рубльге қысқарды. Бюджет үшін бұл шығын сұмдық құлдырау еді: бұрынғы 60 миллиард рубльдің орнына азық-түлік өнеркәсібі 1986 жылы 38 миллиард, 1987 жылы 35 миллиард қана пайда түсірген. Нәтижесінде «құрғақ заңның» кесірінен 62 миллиард рубльден айырылып қалды. 2005 жылы алкогольге қарсы науқанның 20 жылдығына орай Михаил Горбачев Ресей басылымдарына берген сұхбаттың бірінде «жіберілген олқылықтардың кесірінен мінсіз бастама аяқсыз қалды» деп өзінің қателігін мойындады. Бұл тұста қазақ араққа қашан тәуелді болды деген заңды сауал туындайды. Әсілінде, қазақтар Октябрь революциясына дейін араққа үйірсектемеген. Бұл дерт біздің елде 1922 жылы Кеңес үкіметі құрылған соң пайда болды. Мұны Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» шығармасында келтірілген деректерден аңғаруға болады. 1922-30 жылдар аралығында НКВД қызметкерлері мен ауылнайлар өздерінің басшыларына еліктеп араққа әуестене бастаған. Алайда бұл уақта оңтүстіктегі халық арақтың дәмін аса біле қоймаған еді. Одан соң Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Тарихи деректер ол кезеңде орыстардың әлсіздеу, ал фашистік Германияның әскери күші әлдеқайда мықтылау болғанын айғақтайды. Міне, осы кезде әскерді өлімнен қорықпас үшін, шегінсең артыңда өзіңді ататын НКВД-ның арнайы жасағы бар, қайда қашсаң да бір өлімді ойламау үшін әскерге спирт беріле бастаған. Әр шабуыл алдында және Ресейдің аязды қысында бұл дұрыс шешім болып көрінген-ді. Сол соғыста қанша рет шабуыл болғанын, екі жақтан да қандай аязды қыс болғанын ойласаңыз, қатардағы солдат та, офицерлер де қанша рет арақ ішкенін ойлай беріңіз. Соғыс жеңіспен аяқталды, қаза болған жауынгерлер бақилыққа кетті де, жеңіспен оралғандар кеудесіне жарқыратып орден, медаль тағып, елге келіп, қызу еңбек майданына араласты. Араласып жүріп, мейрам, тойларда тіпті мейрамсыз-ақ «За Сталина! За победу!» деп 100 граммды қағып салатын болды. Міне, осындай ардагер жауынгерлердің арақ ішу үлгісін көрген 1930-40-50 жылғы жастар да арақ ішуді өнеге тұтты. Сталиннен кейінгі Н.С.Хрущев кезінде бұл қорқынышты үрдіс үдей түсті. Өйткені Никита Хрущев алып мемлекет басшысы бола тұра құлай ішетін. Қазақстанға келіп тұрып «Өзбек xалқына сәлем!» деуі, сол мас кезі болса керек. Л.И.Брежнев кезінде де бұл құбылыс тоқтаған жоқ. Кез келген мәселе ащы сусыз шешілмейтін. М.С.Горбачев арақты қойдырамын деп заң қабылдады. Бірақ ол нәтиже берген жоқ. Өзі тақтан тайды. Ізінше Одақ мүлде тарап кетті. Тәуелсіздік алған 90-жылдары халық жұмыссыз қалып, барын ақшаға айырбастады. Бертін келе қазақтың жағдайы оңала бастаған соң той көбейді. Ал тойдың арақ-шарапсыз өтпейтіні бесенеден белгілі.
Маскүнемдіктен балаларды қалай қорғаймыз?
Маскүнем ата-ананың жүгенсіздігінен зардап шегетін ең әуелі – бала. Ондай мысалдар айналамызда аз емес. Араққұмар әке-шешеден әрдайым сау бала туа бермейді. Тіпті отбасының әлеуметтік мәртебесі мен материалдық әл-ауқаты балада алкоголизммен мәселе болмауына кепілі бола алмайды. Әл-ауқатының жоғары болуына және жақсы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қарамастан, жасөспірім ішімдік ішетін құрдастарының ықпалымен ішімдіктің кез келген түрін қолдана алады. Бала дамуының осы кезеңінде достары ата-ана ықпалынан да көбірек әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде ата-ана баланы ұдайы бақылауда ұстап, сыртқы факторлардан қорғауы тиіс.
Мұндай жағдайда тұқым қуалаушылықтың да әсері аз емес. Генетиктер алкоголизмнің дамуын анықтайтын геннің жоқ екенін айтады, дегенмен маскүнемдікке бейімділіктің қандай да бір дәрежесін анықтайтын факторлардың бірнеше түрі барын алға тартады. Алкоголизмді ауру ретінде емес, маскүнемдіктің тез қалыптасуы мен дамуына алып келетін, ал кейде адамды одан қорғайтын нейропсихологиялық ерекшелік ретінде тұқым қуалайды.
Ата-аналардың өзі де үлкен мысал бола алады. Егер ата-анасы ішімдіктен бас тарта алмаса, шулы отырыстарды жақсы көрсе, балада «нағыз демалыс осы екен» деген тұрақты стереотипі қалыптасады. Есейген кезде ол осы әдіспен демала бастайды. Ал ата-аналарға баласына мұның дұрыс емес екенін түсіндіру қиын. Сондай-ақ біздің жағдайымызда «бала үшін бәрін жасау» деген ұғым көбінесе материалдық мәселелерді шешуде ғана қолданылады. Ал оның психологиялық, эмоциялық жай-күйі ешкімді алаңдатпайды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің азаймай тұрғанына да осы факторлар себеп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) кез келген алкоголь түріне у деп баға берді. Осыған байланысты бұл халықаралық ұйым тіпті денсаулыққа зиян келтірмей ішуге болатын алкогольдің ең аз мөлшерін анықтаудан бас тартты. ДДҰ сарапшылары 18 жасқа дейінгі жастар алкоголь ішпеуі керек деп санайды. Мамандардың пікірінше, адам өз өмірінде алкоголь дәмін неғұрлым кеш татса, соғұрлым өзіне жақсы. Ғылыми зерттеулер спирттік ішімдікпен ерте танысудың келешекте алкоголизмге душар болуға себеп болатынын айтады.
Егер адамда ауыр тұқым қуалаушылық болса, онда алкоголизм өте тез қалыптасуы мүмкін. Әсіресе, ата-ананың екеуі де алкоголизммен ауыратын болса. Алкоголизм проблемасын көп жылдар зерттеген ғалым, профессор В.Б.Альтшулердің пікірінше, нағыз алкоголизм ащы суға физикалық тәуелділік маскүнемдік жүйелі түрде 3 жылдан 10 жылға дейін жалғасқанда пайда болады. Арақ ішетін жасөспірімдердің көпшілігі бұл бәлеге 13-14 жастан ұрынады. Жасөспірім бала – толық қалыптаспаған адам. Көп жағдайда оның ішкі әлемі өзгеріске ұшырайды. Құндылықтар қайта сарапқа салынады және ол алкогольді асыра пайдалануды тоқтатады. Академик П.И.Сидоров өзі жүргізген ғылыми зерттеулерде алкогольді тұтынатын жасөспірімдер тобын ұзақ уақыт бойы бақылап отырған. Пайымдауынша, есейгенге дейін олардың жартысынан көбі алкогольді қалыпты қолдануға көшеді немесе одан мүлдем бас тартады екен. Алайда бұл маскүнемдік салдарынан болатын қылмыс санының азаюына әсер етпей отыр. Мұндайда тиісті мекемелер, наркологиялық диспансерлер, психологтар іске кіріседі. Ата-ана өз баласын жекелей құтқара алмайды. Бұған, өкінішке орай, айналамызда мысал аз емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.