Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тұңғыш Президентпен кездескен сәттер есімізден кетпейді»

0 415

Елбасымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адам сол кездесудің әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны шындық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір ауыз сөзі кез келгеннің жүрегінен жол тауып, адамның бойына ерекше күш бітіретіні хақ. Алғашқы еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, бүгінде әлемдік деңгейдегі қайраткерге айналған Нұрсұлтан Назарбаев жастарға сенім артып, қай кезде де қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе Елбасымен кездесіп, батасын алған жастар бүгінде еліміздің әр саласында еңбек етіп, егемен еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. Мереке қарсаңында Тұңғыш Президентпен жүздесу бақытына кенелген жастармен тілдескен едік.

Айбек Қадыралиев, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы:

– 2015 жылдың көктемі. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студентімін. Қалалық жастар ресурстық орталығында «Еріктілер қозғалысының» жетекшісі қызметін атқарып жүрген кезім. Жастар ресурстық орталығы мекемесінде алдағы болатын іс-шаралардың жұмыс жоспарларын жазып отырған едім. Кенет облыс әкімшілігі тарапынан ұялы телефоннан хабар келіп, әкімшілікке келуімді айтты. Әкімдік ғимаратына кірдім. Ойымда ештеңе жоқ. Мұндағылардың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Тараз-Арена» спорт кешенінде жастар форумын өткізу жоспарлануда екен. Сол жоспарға сәйкес облыс жастарының атынан Елбасының алдында сөз сөйлеуге іріктеу кезеңін облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев бастаған алқалы топ мүшелері өткізіп жатқанын көрдім. Ол топта облысқа белгілі саяси тұлғалар, әр бағыт бойынша үздіктер, белсенді, білімді жастар – бас-аяғы 30-шы болып тіркелдім. Шыққан үміткерлер өз бақтарын сынап, сөздерін сөйлеп жатты. Аз уақытта менің кезегім келіп қалғанын байқамаппын. «Қадыралиев» деген сөзді естіп, мінбер жаққа қарай жақындадым. «Өз ойыңды айт» деген дауысты естіп, жастар атынан жалынды сөздерді бастап кеттім. Басқа үміткерлердің сөздерін тыңдау уақыты үш минутқа дейін болып еді, мендегі уақыт бес-алты минутқа созылды. Жан-жақты қарасам, қошеметін соғып жатқан жұрт. «Болды, сен Елбасының алдында сөйлейтін жассың», – дегенді естудің өзі де бір ерекше сәт болды. Сол күннен бастап бір ай дайындалдым.
Форум өтетін күн де келді. 5000-ға жуық жастың қатысуымен шара да басталды. Елбасы келді. Мен шығатын сәт. Толқу сәті мен қобалжуды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ойымда әкемнің «айтатын сөздеріңді жаттап алып айту емес, жүрекпен жеткізсең, еркін түрде сөйлеп шығасың» деген сөзі ғана. Шықтым. Сахнада Елбасына қарап жастардың атынан сөйлеген сөзім де, арнаған өлеңім де бағыма орай сәтімен шықты. Көрген көрермен де, жалынды жастардың у-шуы да өмірімдегі естен кетпейтін көрінісі болып қала бермек. Тек арнайы тапсырмаға сай, Елбасымен суретке түсудің сәті түспеді. Келесі аптада облыс әкімінің арнайы Алғыс хаты оқу орныма жетті.

Назгүл Әбітаева, Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Студенттер мен бітірушілердің мансаптық өсу» секторының жетекшісі:

– Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді басқарған уақыт – тарихи оқиғаларға толы кезең. Бүгінгі таңда көк туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз әлемге қалықтаған, Елтаңбамыз елдігіміздің айшықты таңбасына айналған тәуелсіз мемлекет Қазақстанның азаматымыз. Талғамымыз жоғары, ең бастысы, таңдауымыз бар. Шетелде оқимын десек, «Болашақ» салған сара жол тұр. Кәсіп ашамын десек, екі қолға бір күрек мұнда да табылады. Тек идея мен ерік-жігер болса, болғаны. Бесіктен белі шыға салысымен, биліктің дәлізіне бас сұққысы келетіндерді де қолтығынан сүйреп жіберетін Президенттік кадрлық резерві тағы бар. Ал ауылға барамын деген жастардың аяғын «Дипломмен ауылға» жобасы жерге тигізбейді. Мемлекеттің берген көтерме жәрдемақысынан өзге, кейбір аудан, ауыл әкімдері тіпті «келген жас маманның алдына мал, басына үй салып беремін» деп отыр. Мұның барлығы – ертеңгі күні ел тұтқасына айналар жастардың қамсыз білім алып, мамандық игеріп, оны ел пайдасына жаратуы үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер.
2008 жылдан бастап жастар саясатымен айналысып келемін. Осы жылдар ішінде Елбасымен 5 рет кездесу бағы бұйырыпты. Президентпен алғашқы кездесуім 2009 жылы болды. Бұл студенттік өмірімдегі ұмытылмас сәттің бірі еді. Осы кездесуден кейін жастармен жұмыс қашанда өзекті екенін түсіндім. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Жастар – ел болашағы!». Қалған кездесулерім «Jas Otan» жастар қанатының съезі арқасында өтті. «Jas Otan» – белсенді және шығармашыл жастардың аумағы. Мен ең мықты жастар ұйымының қатарында болғанымды мақтан тұтамын. «Jas Otan» съезінің арқасында Елбасымен селфиім де бар. Бесінші кездесуім 2018 жылы облысымыздың жастар саясаты басқармасының ұсынысымен өңірімізде Елбасының қатысуымен өткен форумда болған екен. Көшбасшымен болған бұл кездесуге жастардың атынан 4 қана өкіл барды. Әдемі безендірілген зал, облысымыздың құрметті тұлғалары. Атмосфераның өзі таң қалдырарлық. Бұл жолы да толқу болды, өйткені мұндай кездесу күнде бола бермейді. Бірақ жылы жүзбен Нұрсұлтан Әбішұлы залға кірген бойда толқу басылды. Елбасы өз өмірінен қызықты оқиғаларын айтқан сәтте залда еркін, ашық әңгіме өтіп жатқаны сезілді.
Ел болып, егемендік алғанына адам жасымен салыстырғанда да, тарихи тұрғыда да аз ғана уақыт болғанына қарамастан, ең басты қайтарымды инвестицияны адами капиталға – болашаққа салған Елбасының көреген саясатының нәтижесі. Егемен елдің ертеңінің қандай болмағы тәуелсіз мемлекеттің тұтқасын ұстар өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Жастары өнер үйреніп, білім алуға ұмтылып тұратын мемлекеттің болашағы да жарқын болары сөзсіз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.