Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт көшбасшысының қолтаңбасы қалған нысандар

0 1  779

Бүгінде Тараз қаласында көз тартатын көрікті орындар баршылық. Олардың қатарында Елбасымен үндескен нысандардың да қарасы қалың. Айтулы мереке қарсаңында Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы қалған жерлерге шолу жасасақ.

Жанға сая болған саябақ

Мұндай нысандар жайлы сөз қозғағанда, көне шаһардағы Тұңғыш Президент саябағы еске бірінші оралады. Тараздың символындай болған бұл демалыс орнына ат басын бұратын қонақтардың да қарасы қалың. Саябаққа 2009 жылы соңғы рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда биыл «Таразға тарту» жобасы аясында саябақ жаңғырып, көз тартатын орындар айшықтала түсті. Демек, Шу мен Қордай аудандарының Таразға тартуы жемісті жүзеге асып, саябақтың екінші тынысы ашылды десек болады. Енді ондағы жасанды көлшік пен амфитеатр қала тұрғындары үшін таптырмайтын орынға айналды. Амфитеатр құрылысын «Әулиеата» ЖШС жүргізсе, ал «Адия Групп» ЖШС осы саябақтағы жасанды көлшіктің суын тазартып, жұмысты эскиздік жобаға сай орындаған.
Елбасы атындағы алаң
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және облыс басшылығының қолдауымен шаһардың дәл ортасында орналасқан «Достық» алаңына 2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Ауданы 0,81 гектарды алып жатқан алаңның сквері 2012 жылы қайта жаңғыртудан өткізілген. Әсіресе ерліктің ерен үлгісін паш етіп тұрған Бәйдібек бабаның ескерткіші көрген жанның рухын оятады. Сондай-ақ мұнда 6 субұрқақ орнатылып, алаң түгелдей сыртқы жарықтандыру жүйесімен қамтылған.

Тұңғыш Президенттің мәжіліс залы

Елбасының есімімен тікелей байланысты тағы бір нысан – 2013 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қабырғасында ашылған Тұңғыш Президент атындағы мәжіліс залы. Түрлі басқосулар мен жиындарды өткізуге арналған орында Елбасының өмірі мен еңбек жолы туралы жазылған кітаптар қойылған арнайы бұрыш та бар. Залдың тарихы терең Тараз өңіріндегі іргелі оқу орнының қабырғасынан ашылуы үлкен тәрбиелік маңызға ие. Өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмір жолы Отанға шексіз қызмет етудің айқын көрінісі және өскелең ұрпақ үшін отаншылдықтың нағыз үлгісі болып табылатыны сөзсіз.

Шығыс ойшылының еңселі мүсіні

Шаһарымызда Тұңғыш Президенттің есімін иеленгеннен бөлек, Елбасының өзі лентасын қиған нысандар да жетерлік. Соның бірі – Тараз өңірлік университетінің бас ғимараты алдында алыстан менмұндалап тұрған шығыс ойшылы М.Х.Дулатидің еңселі ескерткіші.
Жалпы Елбасы аталған білім ордасына 3 рет табан тіреген. Алғаш рет 1997 жылы университетке бас сұғып, оқу орнының мұражайында жастарға арнап қолтаңба қалдырған. Бұдан кейін 1998 жылы еңселі мүсіннің ашылу рәсіміне қатысқан. Көрнекті ғалым М.Х.Дулатидің есімін иеленіп отырған университет республикадағы іргелі оқу орындарының бірі болуымен қатар, облыс орталығындағы ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы, рухани жаңғырудың орталығы іспетті. Әсіресе аймақтың мәдени өміріндегі елеулі іс-шаралардың көпшілігі университет ұжымының тікелей қатысуымен өткізілуде.

М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайы

2002 жылы Бүкіләлемдік мәдени қоғамдастық ежелгі Тараздың 2000 жылдығын атап өтті. Тараз мемлекеттік университеті бұл шараға белсене араласты. Осы мерейтой аясында оқу орнында Жастар сарайы ашылды. Ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев арнайы қатысып, университет жастарына жаңа сарайдың символикалық кілтін табыстады.

«Ежелгі Тараз» музейі

2015 жылы көне шаһарда Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Үш күнге жалғасқан торқалы той аясында Елбасының қатысуымен көптеген нысандар пайдалануға берілді. Солардың бірегейі – «Ежелгі Тараз» музейі.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстарына «Қазархеология» ЖШС-нің директоры Ж.Смайылов жетекшілік еткен. Сонымен қатар зерттеу жұмыстарына Ә.Марғұлан атындағы археология институтының, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қызметкерлері де тартылған. Қазба жұмыстары жүргізілгеннен бері археологтар бірқатар қалалық құрылыс нысандарының орындарын тапты. Осы жерден археологтар Қазақстанның ортағасырлық қалаларының ешбірінде табылмаған көлемді алтын, күміс, қола бұйымдары бар құнды қазынаны (әшекейлер) қазып алған.
Мұнда табылған құнды жәдігерлер «Ежелгі Тараз» музейіне қойылды. Тараз қаласы мен өңірінің 2000 жылдық тарихын көрсететін бұл музейден ежелгі, орта ғасырлар (соның ішінде Қазақ хандығы дәуіріне), Әулиеата, Кеңес Одағы және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне жататын құнды жәдігерлерді де табуға болады.
Археологиялық паркпен бір кешенде орналасқан «Ежелгi Тараз» музейі халықаралық тас жолы бойындағы Тараз қаласының экономикалық және мәдени орталық ретінде дамуына негіз болады. Бұл өз кезегінде қалада туристік саланың дамуына, ежелгі Тараз қаласының мәдени мұра нысандарын маңызды туристік бағыттарға қосуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, мерейтой шеңберінде Керей мен Жәнібектің қоладан құйылған ескерткіші орын тепкен «Мәңгілік ел» скверінің де ашылу рәсімі өтті.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.