Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік жылдары – объектив көзімен

0 265

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында «Тәуелсіздік жылдарындағы ең жақсы сәттер» атты фотосуреттер көрмесі өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Көрмеге 1991 жылдан бергі Тұңғыш Президенттің Таразға және облысқа сапарын бейнелеп, тарихынан сыр шерткен 600-ден астам танымал фотографтардың жұмыстары қойылды. Атап айтқанда, Орлик Ким, Геннадий Кошкинцев, Валерий Сутулов, Виктор Мостовых, Виктор Барбаш, Төлеген Елемесов, Петр Норкин, Молдахан Мұқатаев, Юрий Ким, Саттар Құлыбаев, Дмитрий Полулях, Айдын Керімбаев, Ақәділ Рысмахан, Алтынбек Қартабай, Мұрат Таубаевтардың фотосуреттерін көре аласыз.

Бұл шығармашылық адамдары өңірге өте үлкен еңбек сіңіріп, туған жердің фотохроникасына үлес қосты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық «Araı» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай осы шығармашылық экспозицияны ұйымдастырып, фотоаппаратын өмірлік серігі ете білген жандардың еңбегінің жемісін өнерсүйер қауымға ұсынды.

Тәуелсіздіктің соңғы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көне шаһарға және Жамбыл облысына бірнеше рет ат басын тіреген. Ардагер журналист және публицист Бекет Момынқұл көрменің ашылуында сөз сөйлеп:

– Еліміздің және егемендігіміздің сырына қанығып, тарихынан сыр тартқан бұл туындылар кешегі тарих, бүгінімізді және болашағымыздың болмысын көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев Таразда және Жамбыл облысында бірнеше рет болған. 1996 жылы Елбасының Тараздағы Қарахан кесенесінің аумағында ұрпақтарына арналған ампуланы қалай салғаны және 2002 жылы жергілікті студент жастармен кездескені, сол жылы Жамбыл егістігінде болғандығы менің де есімде. 2009 жылы «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров Елбасына аймақтағы жаңа жобаларын ұсынған болатын. Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай өңірінің тұрғындарымен кездескен. Осынау көрме осы өткен сәттердің куәсі болып тұр. Міне, игіліктің ісі деген осындай болады, – деп өз ойын білдірді.

Сонымен қатар кеш барысында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт Тұңғыш Президентке қатысты өз естеліктерімен бөлісті. Фотокөрме қаңтардың ортасына дейін, бір ай бойы жалғасады. Тәуелсіздіктің әр сәтін қалт жібермей объективке сыйдырып, өткен күндердің тізбегінде қайта ұсынылған естелік суреттер сондай ыстық. Себебі мұнда ел тарихы мен танымы бейнеленген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.