Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік – ұрпаққа ұлы аманат

0 413

Талғат Ешенқұлов,
М.Х.Дулати атындағы  Тараз өңірлік университетінің ректоры

Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік ұғымы – өзінің мазмұны мен маңызы жағынан кең көлемді, терең мағыналы сөз. Оның ауқымы жан-жақты, қоғамның саяси-әлеуметтік, қауіпсіздік, жаһандық, экономикалық және мәдени салаларын қамтиды. Сондықтан да тәуелсіздік мәселесі қазіргі таңда әлемнің көптеген халықтары алдында күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе болып табылады.

Биыл Қазақтан халқы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдарда біз неге қол жеткіздік деген заңды сұрақ туындайды.
КСРО тарағаннан кейін, 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет қазақ даласында Президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тізгінін қолына алды. Бұл – жаңа мемлекеттің қалыптасуы және дамуының, әрбір қазақстандықтың өз тағдыры мен келешегін тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Ұлт көшбасшысы дәл сол жылы 16 желтоқсанда бабаларымыздың арманына айналған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін бүкіл елге жариялау бақытына да ие болды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекеттің алдында әлемдік қауымдастыққа өзінің даму мақсаттарымен таныту арқылы ел тарихының жаңа беттері басталды. 1992 жылдың 2 наурызында еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет ретінде танылды. Ел шекарасын бекемдеу мәселелері бейбіт түрде шешілді. 1992 жылдың 4 маусымындағы мемлекетіміздің рәміздері, 1993 жылдың 28 қаңтарындағы егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы, 1993 жылы 15 қарашасынан ұлттық валютамыздың айналымға еніп, 1995 жылғы 30 тамызында жаңа Конституциясы қабылданды. 1993 жылдың 5 қарашасында білім беру мен санат жетілдіру мақсатында құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы талантты жастарға ғылым жолын жалғастыруға жасалған жаңаша дамудың бастамасы болды.
Мыңжылдықтардың тоғысында ұлттық мүдде мен қасиеттің маңызы сақталған елімізде жаңа заманауи тұрпаттағы полиэтносты және поликонфессиялы Қазақстан Республикасы қалыптаса бастады. 1995 жылдың 1 наурызында тағдыр талайымен елімізге саяси этникалық үрдістердің негізінде келген түрлі этностар мен этникалық топтардың өкілдерін бірлік пен ынтымақтастыққа ұйыстырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсаты үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл азаматтық қоғам институты Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бөлшегі болып табылады.
Иә, алғашқы мемлекеттілігіміздің қалыптасуында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған қызметі зор. Ол елге тәуелсіздік сыйлаған тұлға ретінде үлкен құрметке ие. Еліміздің шыңға өрлеп, бүкіл әлем мойындаған ел болуы Елбасының ерен еңбегі екенін бүгінде барша әлем мойындап отыр.
2011 жылдың 10 желтоқсанында халқымыз үшін аса маңызды, айтулы тарихи оқиғалардың бірі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізінде 1 желтоқсанда аталып өтетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің алатын орны аса ерекше. Бұл жалпыхалықтық қолдау тауып, ел мерекесіне айналды.
Тәуелсіздіктен кейінгі ұлттық рухты көтеру мақсатында жасалған тарихи тұлғаларды таныту мен мәдени мұраны жандандыру үшін жасалған іс-шаралар халқымыздың төлтума мәдениеті мен терең, бай тарихына тың серпілістер әкелді.
Кез келген елдің өткені мен болашағының сабақтастығы оның тарихи негіздегі жер-су атаулары десек, тәуелсіздік шежірелерінде өлке тарихындағы айтулы оқиға «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылдың 8 қаңтарында Жамбыл қаласының атауын тарихи Тараз атымен ауыстыруы еді. Мұндай үрдістер, еліміздің тарихи топонимикалық атауларымен қайта аталуы Қазақстанның барлық өңірлерінде етек алды.
Ал Қазақстанның жаңа, заманауи астанасын құру идеясы мен 1997 жылы оған көшу мәселесі, Еуразия құрлығындағы оның оңтайлы орналасуы қазіргі таңда Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық және мәдени тиімді көпірге айналды.
КСРО кезеңінде бір орталықтан басқарылатын қоғамдық басқару жүйесін, жаңа құрылған мемлекетте қалыптастыру оңайға түспеді. Сол кезеңдердегі жүйесіздік, бейберекеттілік белең алған заманда, барлығын қайта құрып, жылдам әрекет жасау қажеттілігі туындады. Осы көріністер білім саласында да болды. Елде реформалар барлық салаларды қамтыды. Сондай реформалардың бірі жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселесі еді.
1996 жылы Жамбыл қаласында бұрынғы Октябрьдің 30 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институты мен Алматы халық шаруашылығы институтының Жамбыл филиалы негізінде Жамбыл университеті құрылады. Халқымыз өзінің тарихи төл перзенттерімен қайта қауышу мақсатында 1997 жылы 13-15 наурызда, Жамбыл университетінде әлемге әйгілі ортағасырлық ғалым, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Конференция қарарының негізінде ҚР Үкіметінің 1997 жылы 3 қарашадағы №1485 Қаулысымен Жамбыл университетіне көрнекті ғалым, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати есімі берілді.
Ал 1998 жылдың 24 наурызында ҚР Үкіметінің № 256 Қаулысымен өңірдегі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты Жамбыл университетімен қосылып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті болып қайта құрылады.
1998 жылдың 26 тамызында әлемге танымал ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатиге арналған еліміздегі тұңғыш еңселі ескерткіш Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Бұл тәуелсіз ел өміріндегі елеулі, тарихи оқиға облыс халқын бір биік белеске көтерді. 1999 жылы Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдық тойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту салтанаты университет пен Тараз жұртшылығына бұйырды.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің әлемге танымал «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі: «1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде Қазақ хандығының негізі қаланған», – деген тарихи дерекпен 2014 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1448 «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын 2015 жылы тойлау туралы» Қаулысы шығып, елімізде торқалы тойы тойланды. Университет ғалым есімін иеленгендіктен, жоспарлы түрде халықаралық тәжірибелік конференция, түрлі республика, облыс, университетішілік іс-шаралар ұйымдастырды.
Ғылым мен тарих кез келген ұсынысты назарға алып, қабылдай бермейтіндігі анық. Заман талабына сай, білім саласын реформалау және оған әлемнің озық жоғары оқу орындарының әдіс-тәсілдерін енгізу мақсатында алғаш рет университет тарихында АҚШ-тағы Фресно қаласындағы Калифорния мемлекеттік университетімен жан-жақты бірлесіп жұмыс жасау мақсатында меморандумға қол қойылды. Университетте сол кезеңдерден бастап білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық деңгейдегі конференциялар өткізу мен шетелдік ЖОО-мен серіктесе, тәжірибе алмаса жұмыс жасауы дәстүрге айналды. Оқу, ғылым үрдісі бойынша жаңа жетістіктерге қол жеткізілді.
2003 жылдан бастап университет республикалық жоғары оқу орындары ішінен алғашқылардың бірі болып оқытудың кредиттік техно- логиясына көшті. Сол кезеңдерде білім беру жүйесінде жаңашылдық болып есептелетін бұл жүйе бойынша университетте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен Консалтингтік орталыққа айналды. 2005 жылдан бастап университет Жамбыл облысы сапа бойынша халықаралық стандарттар дәрежесіндегі сертификатты иеленді. Университеттің барлық қызмет түрлеріне ИСО-9001 сериялы халықаралық стандарттар талабына сай сапа менеджмент жүйесі ендірілді.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы №752 Қаулысы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бірігіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті құрылды. Өңірлік университет аймақтағы білімнің, ғылымның, мәдениеттің, рухани байлықтың орталығына, мемлекеттік жастар саясатының көшбасшысына айналды.
Еліміздегі жоғары оқу орындары ғылым, білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу орталығы ретінде қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, университетте заманауи талапқа сай профессор-оқытушылар құрамының сапасы жоғары.
Университетте халықаралық ынтымақтастыққа, білім беру, ғылым мен инновациялық қызметке, үштілді білімді іске асыруға, жоғары білікті маман даярлауға баса назар аударылған. Заманауи маман даярлау сапасы бойынша білім беру трендтері инновациялық білім беру технологияларымен жабдықталған.
Білім беру бағдарламаларына сай жаңа оқу-ғылыми зертханалары жаңартылды. Армения, Беларусь, Венгрия, Грузия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мемлекеттерімен 12-ге жуық келісімшарттарға қол қойылды. Бірнеше жылдар бойы Польшадағы Люблин политехникалық университетімен бакалавриат бағдарламасымен табысты жұмыстар жасалуда. Аталған университеттерде профессор-оқытушылар қауымы тәжірибе алмасып, студенттер білімін тереңдетіп, халқымыздың игілігіне орай жұмыс жасауда.
Болашақта ұлттың табысты болуы – оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатындығында. Осыған орай 2013 жылдан бастап университетте көптілді білім берудің тиімді жүйесі жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. 2021-2022 жылғы оқу жылында бакалавриат бойынша 18 мамандық көптілді оқыту жүйесіне енгізілген. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жастар санасына сіңіріп, жаһандану заманында жаңғыру міндетін атқара отырып, еліміздің ертеңі саналы да сапалы, Ұлы даланың төсінде Мәңгілік елдің өскелең жастарын тәрбиелеу – университеттің негізгі мақсаты.
Бүгінде Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті – еліміздегі заман талабына сай ірі жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі. Университет 138 мамандық бойынша бакалавриат, 107 мамандық бойынша магистратура, 14 мамандық бойынша PhD-докторантура мамандарын даярлауда. 6 кешенді кампуста мамандықтар негізі бойынша 6 факультетте 51 кафедра, 2 институт бар. Студенттердің әскери даярлығын қосымша оқыту мақсатында университетте әскери кафедра жұмыс жасайды. Сондай-ақ Қаратау қаласындағы тау-кен технологиялық колледжі орта деңгейдегі мамандар даярлауда.
Қазіргі кезеңде университетте мыңнан аса профессор-оқытушылар қауымы бар, 17 мыңнан аса студент білім алуда. Олардың ішінде Қытай, Ресей, Түркіменстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдерінен студенттер бар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 5 қаңтарында шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелестік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс», – деді.
Президент мақаласының өзегі – заман талабына сай тәуелсіздіктің тірегі еліміздің ертеңгі келбетін анықтайтын негізгі өлшем бәсекеге қабілетті, білікті, білімді жас мамандарды даярлауда М.Х.Дулати атындағы өңірлік университет өзінің құрылған кезеңінен бастап ел тәуелсіздігінің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.
Еліміздегі барлық жетістіктерге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – біздің ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқымыздың басты құндылығы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.