Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төтеншеліктер арасындағы тартысты дода

0 143

Тараз қаласында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ведомстволық бағынысты бөлімшелері арасында «Ардагерлер қатарда!» байқауы өтті. Төтеншеліктер арасындағы жарыс үгіт-насихат, шығармашылық және зияткерлік сөз сөйлеу форматында ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын дамыту, ардагерлер мен жас қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды көздеген шара жас қызметкерлердің тәжірибесін арттыру бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған.

Байқауға бес команда қатысты. Мұнда ардагерлер, белсенді қызметкерлер және азаматтық қорғау қызметтерінің жас мамандары жиналды. Командалар байқауды сәлемдесумен бастап, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті. Келесі кезеңдерде командалар интеллектуалды сұрақтарға жауап беріп, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ ерекше жағдайға тап болған ұжымды біріктіруге арналған психологиялық тренингке қатысып, өткен жылдардағы әндерді табу бойынша блиц-викторинаға қатысты. Байқаудың барлық қатысушылары мен жанкүйерлері үшін облыстық филармония әртістері байқауды музыкамен әрледі.
Байқауға қатысушылардың өнерін Жамбыл облысының Азаматтық қорғау ардагерлері, Жамбыл облыстық жоғары медициналық колледжінің, Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды «Қазгидромет» РМК филиалының «Жігер» құрамасы, екінші орынды өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің «Алау» командасы, ал бірінші орынды Төтенше жағдайлар департаментінің «Қызыл алау» тобы иеленді. Сондай-ақ Жедел-құтқару жасағының және Апаттар медицинасы орталығы филиалының командалары байқауда белсенділік танытқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.