Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төрт түлігіңе ие болмасаң, айыппұл арқалайсың

0 503

Жамбыл облысында жол бойына шығып кеткен төрт түлікті көлік қағу фактілері жиілеп барады. Осыған орай өңірлік полиция департаменті арнайы рейдтік шара ұйымдастырып, мал жаю ережелерін сақтамаған 269 деректі анықтады.

Тәртіп сақшылары шара барысында жолға жақын орналасқан елді мекен тұрғындары мен қосалқы шаруашылық иелері арасында жол апатының алдын алу үшін түсіндіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде 269 деректің 242-сіне ескерту жасалып, 27 әкімшілік айыппұл салынған.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы 1-бөлігі бойынша 44 дерек анықталды. Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 5 дерек, Жуалы ауданында – 5, Қордай ауданында – 3, Меркі ауданында – 2, Мойынқұм ауданында – 5, Тұрар Рысқұлов ауданында – 9, Сарысу ауданында – 4, Талас ауданында – 11 дерек. Төрт түлікке жарық шағылыстыратын элементтер тағу керегі, жол жанында мал жаюға болмайтыны тұрғындарға түсіндірілуде. Алайда малды көлік қағу фактілері азаймай тұр, – дейді облыстық полиция департаменті ЖПҚБ бастығы Рахымберді Әшкеев.
Департамент мамандарының жүргізген тағы бір тексерісінің қорытындысында алаяқтық сипаттағы 50-ге жуық хабарландыру мен 115 интернет-ресурс көздері анықталып, бұғатталып отыр.
Негізі жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 301 дерегі тіркелсе, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 72 пайызға жоғары. Полиция қызметкерлерімен 44 алаяқ ұсталса, оның 14-і басқа облыстардың тұрғындары. Сондай-ақ ТМД аумағында өңір азаматтарына қатысты интернет желісі арқылы 82 алаяқтық дерегі жасалған. Көбіне мұндай фактілер банктік карталар мен шоттардан қаражат ұрлаумен, азаматтардың жеке деректерін алаяқтық жолмен пайдаланумен, тауарларды сату немесе қызметтерді көрсету туралы хабарландырулар берумен, сондай-ақ ақшаны пайдалы бизнеске салу туралы жарнамалармен байланысты орын алған. Сол себепті қазіргі таңда екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен кибер алаяқтықтың алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
«Алаяқтардың барлық веб-ресурстарды қолдана алатынын және нақты компаниялардың сайттарынан ажырату қиындық туғызатын жалған парақшалар жүргізетінін естен шығармаңыздар. Сақ болыңыздар! Бейтаныс адамдарға маңызды жеке мәліметті (жеке деректеріңіз, құпия сөздеріңіз және PIN-кодтар, банк карталарының CVV-кодтары) бермеңіздер!» дейді облыстық полиция департаментінің мамандары.
Міне, осылайша сала мамандарының ауқымды тексеріс жұмыстарынан кейін бірнеше бағыттағы қылмыстардың беті ашылып отыр. Бұл, әрине, тұрғындардың қауіпсіз тұрмыс кешуі үшін жасалып жатқаны анық. Сондықтан мұндай бастамаларға өңір тұрғындары қолдау білдіріп, тәртіп сақшыларының тексеріс жұмыстарына түсіністік танытады деп сенеміз.

Дедек ТӨЛЕН 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.