Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәрбиеші – бала жанының бағбаны

0 348

Халқымызда «Тәрбие талбесіктен басталады» деген ұлағатты сөз бар. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, тәлім мен тәрбие жанұядан бастау алады. Баланың одан кейінгі дамуы, қоғамға бейімделуі, айналасын тануы, бойына ізгі қасиеттерді сіңіруі тәрбиешіге байланысты болады.

Жазу өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған Л.Н.Толстойдың өзі: «Менің қазіргі жетістігімнің барлығы мектепке бармай тұрып қалыптасты. Бес жастағы кезімнен дәл қазіргі маған дейін бір ғана қадам», – деген екен. Осындай сөзі арқылы атақты тұлға балабақша жасындағы балалардың қабілетінің ашылуының, сол кезеңде берілген тәлім-тәрбиенің өмірлік қазық болатынын көрсетіп отыр. Демек, тәрбиеші тәрбие ісіндегі алғашқы баспалдақ екенін әсте естен шығармауы керек. Тәрбиешінің жүзінен балалар жылылықты көрсе, олардың бойында да мейірімділік, қамқорлық секілді жақсы мінездердің қалыптасатыны сөзсіз.
Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде тәрбиеші болып қызмет атқарып жүргеніме үш жылға жуық уақыт болды. Бұл мекемеде жұмыс істеп келе жатқан әрбір күнім – мен үшін үлкен тәжірибе. Жыл өткен сайын өз мамандығымның соншалықты қызықты екенін ұғына түсемін. Тәрбиеші болу жан-жақтылықты талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиеші скульптор секілді. Әдемі мүсін жасау үшін мүсіншілер оның қоспасын дұрыстап илеп, қырын жақсылап шығарып жатса, тәрбиеші де баланың адам ретіндегі қалыптасу формасын жасауға ықпал етеді. Біле білсек, кез келген мүсіншінің бірдей болып шыққан екі жұмысы жоқ. Зер салып қарасақ, балалар да иленген батпақ тәрізді. Олар да қайталанбайды, әрқайсысының мінездері де әртүрлі. Сондықтан да балаларға индивидуалды тұрғыда қарап, бәрімен ортақ тіл табыса білу – үлкен өнер. Тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – балаларды жақсы көре білу болса керек. Бала деген күніне бес жүз рет «қалай?», жеті жүз рет «қайда?», мың рет «неге?» деген сұрақты қояды. Ал балаларды бар жан-тәнімен жақсы көрмейтін адам олардың сұрақтарына қалай жауап бермек? Біздің түзету кабинетіне ерекше балалар, дамуында ауытқуы бар балалар келеді. Кейбірінде тілі кеш шыққан, зейіні тұрақсыз. Олардың барлығына асқан жауапкершілікпен, мейіріммен қарап қана көмектесе аламыз. Тыңдағысы, сабақта отырғысы келмейтін балақайлардың тілін тауып, назар аудартып, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Болашақтағы жарқын күндердің іргетасын қалау тәрбиеші маманның күнделікті кәсібімен тікелей байланысты. Себебі тәрбиешілер ғалымның да, құрылысшының да, өнерпаздың да, бір сөзбен айтқанда, келешектің кілтін ұстайтын кемел азаматтардың қалыптасуына бірінші болып кірісіп, қоғамды тәрбиелейді.

Айзат Айлауова,
№2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің тәрбиешісі,
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.