Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын жобаның берері көп

0 1  896

Елімізде азаматтық қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі –құқықтық білім беру. Өйткені халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам дамуының негізгі жолы. Осыған орай, мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға жағдай жасап, олардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін қорғаудың жолдарын үйретуді қамтамасыз етіп келеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау – барынша әділ және инклюзивті қоғам құру жолындағы әлеуметтік-құқықтық әрекеттің маңызды бөлігі. Сондықтан еліміздің кез келген, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматы білім алуға, жұмыс істеуге, денсаулық сақтауға, мәдени-сауықтыру шараларына қол жеткізуге және қоғамдық шешімдер қабылдауға толық қатысуға тең мүмкіндіктер мен құқықтарға ие болуы қажет.
Өкінішке қарай, азаматтардың көпшілігі өздерінің не нәрсеге құқылы екенінен әлі күнге дейін бейхабар. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтық сауатының болмауы өздеріне мемлекет тарапынан көрсетілуге тиіс қолдауларды кеңінен пайдалана алмауларына әкеліп отыр. Осыған орай, аталған олқылықтың толтыру жолында біршама шара қолға алынған. Соның бірі – «Құқықтық сауаттылық» жобасы.
Күні кеше Таразда аталған жоба аясында «Құқықтар туралы сөйлесейік» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырыс аясында қолға алынған ауқымды шараны «Шамшырақ-Тараз» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Жиынға мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің басшылары мен мүшелері, жергілікті атқарушы және ішкі істер органдарының, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін мекемелердің өкілдері мен заңгерлер, психологтар қатысты.
Семинар-тренингтің ашылуында сөз сөйлеген «Шамшырақ-Тараз» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрсынбике Бакирова қазіргі уақытта құқықтық сауаттылықты арттыру аса маңызды мәселе болып отырғанын алға тартты.
– Бүгінгі таңда өмірлік қиын жағдайға түсіп, не істерін, қайда барарын білмей жүрген жандар көрінгеннің жол сілтеуімен жүріп, алаяқтарға алданып, «жемтік» болып жүр. Осыны ескере отырып, Тараз қаласының аумағында тұратын І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдардың өз құқықтары жөніндегі білімдерін арттыру мақсатымен осы жобаны қолға алып отырмыз. Оның шеңберінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өзгерістер туралы және өзге де ақпараттарды жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені әрбір азамат өзінің құқықтарын біліп, қорғай білуі маңызды, – деді Тұрсынбике Әбдікәрімқызы.
Шара барысында медициналық-әлеуметтік сараптама, денсаулық сақтау, мемлекеттік кірістер органдарының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, жолаушылар көлігі, құрылыс, сәулет, энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің және басқа да уәкілетті органдарынан мамандары өз салалары бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ұсынылатын қолдаулар туралы жан-жақты ақпараттар берді. Сонымен қатар позитивті ойлауды қалыптастыру, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, мүгедектігі бар адамдардың ІТ саласында білім алуы және «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік ашу жолдары жайында мәліметтер ұсынылды.
Жалпы «Құқықтық сауаттылық» жобасы осы жылдың 30 қарашасына дейін жалғасады. Ол екі кезеңде өтіп, кемінде 3 көшпелі семинар-тренинг ұйымдастырылады деп күтілуде. Онда мүмкіншілігі шектеулі жандарға құқықтық сауаттылық бойынша консультациялық жұмыс жүргізілмек. Сондай-ақ аталған жиындарда Қазақстан Республикасында адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарымен, құжаттарды рәсімдеу ережелерімен, қолданыстағы жеңілдіктер және өтемақылармен, пайдалы электрондық сервистермен танысу арқылы мүгедектігі бар адамдарды құқықтық ағартуға жәрдемдесу көзделіп отыр.
Айта кетер жайт, аталған санатқа жататын азаматтар мұндай семинар-тренингтерден тыс өздеріне қажетті барлық ақпаратты «Шамшырақ-Тараз» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің «Telegram» әлеуметтік желісіндегі сұрақ-жауап каналынан ала алады. Онда 2024 жылдың соңына дейін мүгедектігі бар адамдарды мазалап жүрген сұрақтарына мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуы бойынша, маусым айының басынан бері аталған арнаға жазылушылар 30-ға жуық сауал жолдап, олардың барлығына жауапты мекемелермен бірлесе отырып, барлығына жауап берілген.

Амина Амантай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Web-журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.