Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындардың өтініш-тілектері назардан тыс қалмайды

0 316

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы №4 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Әуелі қала әкімі Бақытжан Орынбеков округте атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– Аумақтық округте 5 тұрғын алқап, 67 көше, 52 бұрылыс бар. Жалпы, қала тұрғындарымен кездесулерде көтерілген негізгі мәселелер көшені түнгі жарықтандыру, жолдарын жөндеу сияқты мәселелер зерделеніп, тиісті шаралар қабылдануда.
Қазіргі уақытта облыс орталығын жарықтандыру, абаттандыру, көшелерін жөндеу бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары әзірленді. Қалада жоспарлаудың басымдықтарына сәйкес, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары салынып, қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, көше жарығы жүргізілмек. Айталық, 2022 жылы №4 округте жалпы ұзындығы 15,5 шақырымды құрайтын 4 жоба іске асырылса, биыл жалпы ұзындығы 18,46 шақырымды құрайтын 5 жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Бұдан бөлек, биыл жолдарды ағымдағы жөндеуге 300 миллион теңге қарастырылған. Осы қаражат аясында қазіргі таңда «Қант Зауыты» алқабында мердігер «Нұрлы Жол-7» компаниясымен Жауғаш батыр, Наурызбай батыр, Рафинадная көшелерінде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар осы алқаптағы Уалиханов, Московская, Алтынсарин, Құрманғазы, Талас, Нұрманбетов көшелерінің бұрылыстарын асфальттау жұмыстары 2025 жылға көзделуде. Бұған қоса №4 округке қарасты 2 аула абаттандырылады. Тағы бір айта кетерлігі, биыл 68 көшені жарықтандыруға 500,3 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде №4 округ бойынша Ақжол, Гончаров, Шмит, Заводская көшесінің 2-ші және 3-ші бұрылыстары, Стариков, Байқоразов, Цветочный көшесінің 1-ші бұрылысына, Строительный көшесінің 1,2,3,4,5,7,8,9 бұрылыстарына, Хмелевский, Навои, Уалиханов көшесінің 4-бұрылысы көшелеріне көше жарығын орнатуға қалалық бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде тиісті келісім-шарттар жасалып монтаждау жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар шілде айына дейін аяқталады. Сонымен қоса ағымдағы жылы округке қарасты 11 көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізіледі, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте аймақ басшысы тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Мұндағы халықтың басым көпшілігін ағын судың тапшылығы, аялдамалардың аздығы, жол жөндеу секілді мәселелер толғандырады екен.
Жиынды қорытындылаған Нұржан Молдиярұлы барлық мәселе жоспарға сай, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Басқосудан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.