Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындармен кері байланысты күшейту керек

0 376
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында бөлімдердің орындаушылық тәртібі мен округ инспекторларының жұмысы зерделеніп, қызметіне салғырт қарағандар ескерту алды. Сондай-ақ бюджет қаржысының игерілуі мен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу барысы да талқыланып, алда тұрған міндеттер айқындалды.
Ең әуелі қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов баяндама жасап, бөлімдердің жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын мерзімінде қарау тәртібіне жан-жақты тоқталды.
– Талдау барысында қала әкімдігінің бірқатар бөлімдерінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарының бұзылуына жол берілген. Бұл өз кезегінде жолданымдарды қарау мерзімі мен арыз иелері құқықтарының бұзылуына әкеп соққан, – деген аппарат басшысы өзге бөлімдердің де жіберген олқылықтарын айтып шықты.
Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы кемшілік жіберген бөлім басшыларынан жеке-жеке жауап алып, жолданымдарды уақытылы қабылдап, оның орындалу маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ жеке сұрақпен келген қала тұрғындарының өтініш-тілектері ескерусіз қалмауы қажеттігін қатаң ескертті.
Бұдан кейін сөз алған қала әкімінің кеңесшісі Дәулет Төленді округтердегі тазалық жұмыстарын баян етті. Кеңесшінің сөзіне сүйенсек, бірқатар округ инспекторлары алдыңғы аппараттық кеңесте айтылған сын-ескертпелерден сабақ шығарса, екіншілері жұмысына тиісті деңгейде көңіл бөлмеген.
Аппараттық кеңесте бюджет қаржысының игерілуі мен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу барысында қателікке жол берген басшылардың да мәселесі жіті қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Саян Тілеужан
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.