Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстазға құрмет

0 285

Ұлағатты ұстаз, білім саласының үздігі Бәтес Егембердиеваның есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған қоғам қайраткері күні кеше 70 жасқа толды. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков мерейтой иесінің шаңырағына арнайы барып, сала ардагерін құттықтады.

– Сіз отбасы мен әйелдер мәселелерін шешу ісінде, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру саласында елеулі еңбек еттіңіз. Еліміздің дамуына сіңірген еңбегіңіз, жұмсаған қажыр-қайратыңыздың арқасында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Осындай өмірлік жолыңыз елге мұра, жас ұрпаққа өнеге. Зейнетке шыққан соң да Тараз қалалық ардагерлер кенесінің мүшесі, «Әулие-Ата-Демеу» корпоративтік қорына басшылық етуіңіз – соның айқын айғағы, – деген шаһар басшысы ұлағатты ұстазға сый-құрмет көрсетті.
Мерейтой иесі де өз кезегінде қала әкіміне ризашылығын жеткізді.
Бәтес Шайменқызы 1974 жылы Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетін аяқтаған соң, еңбек жолын Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1975-1990 жылдары Талас аудандық және Жамбыл облыстық комсомол комитеттерінің, Қазақстан Компартиясы Шу аудандық партия комитетінің хатшысы, 1991-2004 жылдары облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары, қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі, еңбекпен қамту орталығының бөлім басшысы, директордың орынбасары, облыстық білім беру басқармасының басшысы, 2004-2012 жылдар аралығында Жамбыл политехникалық колледжінің директоры қызметтерін атқарған.
Ел игілігі үшін жұмсаған ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласының «Құрметті азаматы» атағы беріліп, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған.
Ол білім саласын басқарған жылдары облысымыздың өрендері толағай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық, республикалық олимпиадалардан үнемі жүлделі оралды. Бәтес Шайменқызынан тәлім алған түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.