Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар өздерін алаңдатқан сауалдарына жауап алды

0 216

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №8 округ тұрғындарымен кездесті. Басқосуда әуелі округтің бас инспекторы Сағындық Үсіпбеков атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– Өткен жылы округте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Талас» ықшам ауданындағы №22, 23, 26, 30, «Самал» ықшам ауданындағы №10, 57 және «Мыңбұлақ» ықшам ауданындағы №50, 37, 18А, 26, 25 тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ №39 мектеп-гимназиясына да күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы пайдалануға берілді, – деген Сағындық Жанысбекұлы алдағы тұрған ауқымды жоспарларды да айтып өтті. Оның айтуынша, биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен Шостакович және Саңырақ батыр көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Самал» және «Мыңбұлақ» ықшам аудандарындағы мектеп және балабақшаларға баратын жаяу жүргінші жолдары (тротуар) жөндеуден өткізіліп, ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұған қоса көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Проект и К» серіктестігі 26 ауланы абаттандыруға жеңімпаз болып анықталған. Енді таяу уақытта «Самал» ықшам ауданындағы №12, 14, «Салтанат» ықшам ауданындағы №10, «Талас» ықшам ауданындағы №18, 19, 20 үйлердің аулалары абаттандырылып, жаңаша кейіпке енбек.

Бұдан кейін тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, өтініш-тілектерін жеткізді.
Мұндағы халықты «Талас» мөлтек ауданындағы №25, 26, 28, 29 көпқабатты тұрғын үйлерге барар жолды кеңейтіп, автокөлік тұрағын және жаяу жүргіншілер жолын салу, С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Т.Рысқұлов, әл-Фараби көшелерінің бойында орналасқан орындықтарды және қоқыс тастайтын жәшіктерді қалпына келтіру және Б.Момышұлы – Д.Шостакович, С.Сейфуллин – әл-Фараби, С.Сейфуллин – Б.Момышұлы көшелерінің қиылыстарындағы су өткелдерін ауыстыру сынды маңызды мәселелер толғандырады екен.
Әрбір сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы барлық мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатынын баса айтты.
– Бұған дейін де талай рет өздеріңізбен жүздесіп, осы округтің мәселелерімен жіті танысқанмын. Қазіргі таңда оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көтерілген әрбір мәселе жауапсыз қалмайтынын тағы да ерекше атап өткім келеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Келесі кезекте қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.