Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі тыңдаусыз қалмайды

0 257

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов партияның Тараз қалалық филиалында шаһар тұрғындарын қабылдады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қабылдау барысында қаланы абаттандыру, орталықтағы коммуналдық мәселелер, тұрғын үйге мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізу хақындағы түйткілдер тыңдалды. Зейнеткер Назым Нұрбаева Заводская көшесінің 2-ші бұрылысын жарықтандыру мәселесін көтерді. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров қысқа жолды жарықтандыру жұмыстары келесі жылға белгіленетінін айтты.
Асқар Мырзахметов Тараздағы көшелер мен тұйық көшелерде жарықтандыру бойынша жұмыстар толық әрі жылдам жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты.
Қалдыкүл Досжанова «Қаратау» шағын ауданындағы №32 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу бойынша облыс әкімінің қабылдауына келді. Аймақ басшысының айтуынша, келесі жылы Таразда 80 үй жаңғыртылып, «Қаратау» шағын ауданындағы №32 үй осы тізімге кіреді. Асқар Мырзахметов сондай-ақ осы үйдің маңындағы ағынды суға назар аударып, жауапты тұлғаларға қаланың кәріз жүйесінің жағдайын зерделеуді тапсырды.

Ал облыс әкімінен жыл соңына дейін қоныс тойын тойлайтынын естіген көпбалалы ана Шәкен Ахметжанова қуанышын жасыра алмады. Пәтерге ие болатын тұрғындар санатына Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, жасы және қызмет өтілі бойынша зейнеткерлер, І, ІІ, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, қарулы күш құрылымдарының зейнеткерлері, көпбалалы аналар жатады.

Қабылдауға келген өзге тұрғындар оқушыларды тасымалдау және жұмысқа орналастыру мәселелерін көтерді. Бұл бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты хаттамалық тапсырмалар берді.

Қабылдау барысында Асқар Мырзахметов Талант Нұрғожаевтың Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында 1995 жылы тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан бес Отан қорғаушыға ескерткіш орнату туралы ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, шекараның осы учаскесінде 700-ден астам жамбылдық әскери қызметтен өткен.

Тұрғындар түйткілін тыңдап, маңызды мәселелердің шешілуін өз бақылауына алатынын айтқан аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа тұрғындар көтерген мәселелерді қысқа мерзімде шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.