Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаштың асыл перзенті ардақталды

0 222

Облыстық ардагерлер кеңесінің мәжіліс залында Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, профессор Оразалы Сәбденмен кездесу өтті. Алаштың асыл перзенті Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жүргізді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Сөз тізгінін алған Оразалы Сәбден тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың қайраткер ретінде қалыптасуы мен мемлекеттік қызметтегі бейнесіне, қазақты бодандық қамытынан қалай құтқарамын деп арпалысқан тұлғаның қысқа ғұмырдағы тындырымды жұмыстары жөнінде әңгімеледі.

– Өткен жолымызды ой елегінен өткізсек, Қазақстан мен Орталық Азия халықтарын патшалық Ресейдің отарлық езгісінен азат ету идеясын жан-тәнімен іске асыруға еңбек еткен қазақ зиялыларының алғашқы легі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің мұраларын білудің, оларды қазіргі өмірге пайдаланудың маңызы зор. Бұл, әсіресе, келешекті жасайтын жастарға өнеге және қайрат-жігер береді. Солардың ішінде Тұрар Рысқұловтың сом тұлғасы ерекше көзге түседі, – деген Оразалы Сәбден Тұрар Рысқұловтың күллі КСРО-ны уысында ұстаған Cталиннің ондаған жылдар бойы орынбасары болғанын, кейін нәубет жылдарында қазақты ашаршылықтан құтқарып қалуға байланысты шара қолдануды сұрап, қаһарлы басшыға хат жазғанын, Түрксіб темір жол құрылысының негізін қалаушылардың бірі екенін және елімізде 15-ке жуық жоғары оқу орнының ашылуына бастамашы болғанын ерекше тебіреніспен атап өтті.

Кездесу барысында Оразалы Сәбденнің «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта ақынның қара сөздерінде көтерілген мәселелерді XXI ғасырда іске асыру тетіктері айқындалған. Сондай-ақ қазақ еліне, жалпы өркениетке елеулі үлес қосқан Әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абылай хан, Дінмұхамед Қонаев сияқты 30-ға жуық тарихи ұлы тұлғалар туралы қысқаша мəлімет беріледі.

– Бізге ең керегі – адам сапасын арттыру, бүкіл қаржыны адамға салу. ХХI ғасыр бәсекелестіктің заманында Абай айтпақшы, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Өйткені Абай идеясын сіңірген ұрпақ ұлы ақын айтқандай, «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Міне, осылар қазіргілердің моральдық кодексіне айналса… Сондықтан Абайдың осы идеясын қайта жандандыруымыз керек, – деді автор.
Сонымен қатар жиында бірқатар ардагерге облыстың «Құрметті ардагері» атағы беріліп, ардагер Н.Тілегеновтің «Өрнекті ой мен өрелі сөз» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.