Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

0 1  081

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №7 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Әуелі округтің бас инспекторы Жарас Алтынбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

– Өткен жылы округте тындырылған ілкімді істер жетерлік. Айталық, былтыр «B-grass» ЖШС-нің мердігерлігімен Желтоқсан көшесінің 3-ші, Бульварный көшесінің 3, 4 бұрылыстарына жөндеу жүргізілсе, Қарахан мен Өтеулиев көшелеріне (бұрылыстарымен бірге) жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ Жанқоразов, Нахимов көшелері мен бұрылыстарына ауызсу желілері тартылып, тұрғындар сапалы тіршілік нәрін тұтынуда. Сонымен қатар мердігер «Проект и К» мекемесі тарапынан Желтоқсан көшесі, №237, Байзақ батыр көшесі №168, Аққозиев көшесіндегі 5 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы мен Өзбек көшесінің 2-бұрылысы абаттандырылып, жаңа кейіпке енді. Бұған қоса, «АсылБасТау» мекемесінің мердігерлігімен Өзбек көшесі 1-бұрылысындағы бос жатқан жер теліміне шағын футбол, воркаут, балалар ойнайтын алаңшалар салынып, ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, Төле би көшесі №11«А» мекенжайында орналасқан көпқабатты жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Абай даңғылы, №159«А» мекенжайындағы 12 қабатты тұрғын үйге 2 жеделсаты орнатылды, – деген Жарас Абдраймұлы алдағы уақытта орындалатын межелі міндеттерді де тілге тиек етті.
Нақтырақ тоқталсақ, ағымдағы жылы Нахимов көшесі 1-бұрылысы, Фазлаев, 8 Март, Жанқоразов, Өтеулиев көшелерін (бұрылыстарымен бірге) орташа жөндеу жұмыстары қолға алынса, Черняховский, Демесінов, Привокзальная көшелеріне жарық шамдары қойылады. Сонымен қатар жыл соңына дейін Ташкент көшесінің бойына (Абай даңғылынан Әйтиев көшесі аралығында) 2, Жібек жолы мен Балуан Шолақ көшелерінің қиылысына 1 аялдама орнатылмақ. Бұған қоса, биыл Төле би көшесіндегі №11 жатақхананың қасбеті мен шатыры жаңғыртылады.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы жұртшылықты жолдарды жөндеу, қоқыстарды уақытында алып кету, арықтарды тазалау секілді маңызды мәселелер толғандырады.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын және әрбір мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Басқосудан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.