Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда ревматологиялық орталық жұмысын бастады

0 3  065

Соңғы уақытта бүкіл әлемде ревматикалық аурулардың жалпы және біріншілік жиілігінің жоғарылауының айқын тенденциясы байқалуда. Әлбетте, көбіне бұл патологиямен егде жастағы адамдар зардап шегетін. Дегенмен соңғы кездері ол жастар арасында да кездесуде. Дер кезінде емделмесе, бұл ауру адамды мүгедектікке әкелуі ықтимал.

Елімізде бүгінде ревматологиялық науқастарға көмек көрсетуді жақсарту барынша жүзеге асырылуда. Соның жарқын көрінісі – күні кеше Тараз қаласында ашылған ревматологиялық орталық. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР ДСМ штаттан тыс бас ревматологы, Қазақстан ревматология алқасының төрағасы Ғалымжан Тоғызбаев, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова және сала ардагерлері қатысты. Олар өңір медицинасындағы оң өзгерістердің нәтижелі болатынына және халық денсаулығын жақсартуға орталықтың үлкен септігі тиетініне сенімдерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.

Жанар Мықтыбекқызының айтуынша, ревматологиялық дертке шалдыққан жамбылдықтарға барынша жоғары және білікті медициналық көмек көрсетіледі. Бұл үшін орталықта барлық мүмкіндіктер жасалған.
– Аталған орталық өңірдегі ревматологиялық ауруларды қамту, диагностикалау және емдеуді жақсартады. Пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін негізгі дәрі-дәрмектерді уақытылы тағайындау үшін пациенттердің динамикалық мониторингі ұйымдастырылады. Ол физиотерапия және жаттығу терапиясының әдістерін қолданып, науқастарға мүгедектіктің алдын алуға көмек көрсетеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі стационарлардан бөлек, емделушілерге тексерілу, кеңес алу және емдеу мүмкіндігін беретін амбулаториялық қызмет кеңейеді, – деді басқарма басшысы.
Орталықтың құрылымында консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған ревматолог кабинеті, гендік-инженерлік биологиялық терапия кабинеті (ГИБТ), буынішілік манипуляциялар кабинеті, капилляроскопия, денситометрия орналасқан.
Медициналық көмекті 4 дәрігер көрсетеді. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емхананың жолдамасы бойынша ревматологиялық орталықта тексеру және емдеу ақысыз жүргізіледі.
Облыстық денсаулық басқармасының мәліметінше, аймақ бойынша ревматологиялық диагнозбен 4 825 науқас диспансерлік есепте тұр екен. Оның ішінде құрылымында негізгі бөлігі бойынша остеоартроз – 1 656, серонегативті ревматоидты артрит – 1 142, серопозитивті ревматоидты артрит – 985, жүйелі қызыл жегі ауруымен (системная красная волчанка) басқа реактивті артропатия 142-ні құрайды.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының базасынан ашылған орталықтың негізгі бағыты – аутоиммундық аурумен ауыратын науқастардың өмір сүру жағдайын жақсарту, заманауи инновациялық әдістерді енгізу арқылы ревматологиялық есептегі науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту және мүгедектіктің алдын алу.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, отандық фармациялық өнімді қолдау үшін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы Қарағанды фармацевтикалық кешенімен бір жыл бұрын меморандумға отырған болатын. Бүгінде аурухана аталмыш зауыттың шығарып жатқан гендік-инженерлік биологиялық препараттарын қолданып, аутоиммундық ревматологиялық ауруларды емдеуде. Науқастардың кері байланысына сүйенсек, ол оң динамикалық өзгерістер беруде. Айта кетейік, бұл биогенді әдіс адам ағзасына қауіпсіз әрі өте тиімді.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.