Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

0 452

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялаған болатын. Ал мұны іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган басшыларына зор жауапкершілік жүктелгені белгілі. Осы бағытта шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев былтыр көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіп, бұқараның базынасына құлақ түрген еді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, №1 аумақтық округ тұрғындарының тілегі тыңдалды.

Бұл күні өтініш-тілектерін арқалай келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Айталық, Наталья Гончарова №32 орта мектептің маңы мен Рысбек батыр көшесінен Сүлейменов көшесіне дейін жаяу жүргіншілер жолын салып беруді өтінді. Сондай-ақ ол Еңбек Ерлеріне арналған аллея бой көтерсе деген ұсынысын да жеткізді. Өз кезегінде шаһар басшысы көтерілген мәселелер ағымдағы жылдың жоспарына енгізілгенін айтты. Тағы бір тұрғын Сәуле Тұрашеваны Жібек жолы көшесінің бойына тас жолдың төселмегені алаңдатады екен.
– Осы мәселені көтеріп жүргенімізге көп жылдың жүзі болды. Әлі де оң шешімін табар емес. Жылда жоспарға енгіземіз дегенімен, назардан тыс қалып жатыр. Соның салдарынан жедел жәрдем көліктерінің де қатынауы қиынға соғуда. Асфальтпен қоса Самарқанд көшесіне дейін жаяу жүргіншілер жолын да салып берсе нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір мәсе- ле – біздің көшемен қатынайтын №37, №20-шы қоғамдық көліктердің бағытын қалпына келтіру керек. Таңертең біреу баласын сабаққа апарады, енді бірі жұмысқа барады. Сондай кезде автобустардың жоқтығы қатты сезіле-ді, – дейді Сәуле Бұланбекқызы.
Ал «Төрткүл» алқабының тұрғыны Айдос Испамбетов Сүлейменов көшесінің бойында әрлі-берлі қатынайтын жүк көліктерінің қозғалысына наразы.
– Өздеріңіз білесіздер, бұл көшемен қала сыртындағы ауылдардан келетін көліктер жиі қатынайды. Әсіресе, жүк көліктері бейнебақылау камераларына түспеу үшін тіке үйіміздің жанынан өтеді. Ал көше бойында жүк көліктеріне арналған ешқандай жол белгісі орнатылмаған. Бір-екі рет белгілерді қойып еді, неге екені белгісіз, олар ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кешкісін балаларымыз сыртқа шығып асыр салып ойнайды. Сол кезде қай жерден жүк көлігі шыға келер екен деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Ертең солардың бірі балаларымызды жазым қылмасына кім кепіл? – дейді тұрғын.
Зейнеткер Шара Нүсіпбаева жаңғыр- тудан өткізілген Рысбек батыр көшесіндегі №9 тұрғын үйдің сапасын сынға алды.
– Осыдан 3 жыл бұрын үйімізге жөндеу жұмыстары жүргізілгенде ерекше қуанғанбыз. Алайда сол қуанышымыз көп ұзамай басылды. Себебі небәрі аз уақыттың ішінде құрылыстың сапасыз- дығы анықталуда. Тіпті келісімшартта көрсетілген кейбір жұмыстар сол күйі аяқталмай қалды. Ал мердігерлер бізбен кездесуден қашып жүр, – дейді Шара Сүйінқызы.
Мәселенің мәнісіне үңілсек, жаңғыр- туды жүргізген мердігер компания тиісті қаржының көп бөлігін иеленген. Алайда қаржылай қиындықтарға байланысты өздерін банкрот деп жариялағандықтан, кейбір жұмыстар бітпей қалған екен. Алдағы уақытта серіктестікті сотқа беріп, жұмыстардың қалған бөлігін заң шеңберінде аяқтату көзделуде көрінеді.
Халық қаһарманы, Байзақтағы жарылыста опат болған Мейіржан Аймановтың туған бауыры Өміржан ағасының есіміне көше, мектеп аттарын беруді сұрай келіпті.
– Қапияда қаза тапқан ағамның ерлігі өскелең ұрпаққа өнеге деп ойлаймын. Әрине, сол сәттен бастап оның отбасына аз қолдау көрсетілген жоқ. Ол үшін алғысымыз шексіз. Енді сол батырды ұлықтау мақсатында оның есімін көшеге, мектепке беріп, арнайы мурал салынса деген ұсынысым бар. Содан соң, ол көзі тірісінде жер кезегіне тұрған болатын. Енді сол бойынша тиісті жер отбасына берілсе дұрыс болар еді, – деді Өміржан Қақпасынұлы.
Бұған шаһар басшысы: «Әрине, мұндай ерлеріміздің есімін қастерлеу – біздің парызымыз. Оның Отан үшін от кешкен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бірақ көше, мектеп атын берудің өз заңдылығы бар. Мурал салу бойынша да дәл солай дегім келеді. Муралды кім көрінген сала бермейді. Ол үшін арнайы конкурс жарияланады. Тек содан кейін ғана барып тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деп жауап берді.
Жалпы осы күні 39 сауал келіп түскен. Барлығын мұқият тыңдаған қала әкімі Ержан Жылқыбаев тиісті сала, мекемелердің басшыларына көтерілген мәселелерді зерделеп, тез арада шешілуін тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда жолданған әрбір сауал хаттамаға тіркеліп, жан-жақты зерделенетін болады.

Құрмаш Қаптағай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.