Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар талабы жауапсыз қалмайды

0 321

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тұрғындар алдындағы қорытынды есебі болды. Биылғы есеп онлайн режимде өткендіктен, тұрғындар талабы желі арқылы тыңдалды. 

Арайлым ШАБДЕНОВА, суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қорытынды есеп беру жиынына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев конференция арқылы қатысты. Ал есепті қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев жүргізіп отырды. Ең алдымен, қала халқына Айтқазы Дәулетқұлұлы атқарылған іспен қатар, алдағы уақытқа жоспарымен  бөлісті.

– Тарих қойнауына енген 2020 жылда атқарылған жұмыстар аз емес. Өздеріңіз куә болғандай, әлемді дүрліктірген пандемия бірқатар саланың жұмысына кедергі келтірді. Қаламызда Президент тапсырмаларына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 340 жобаны қаржыландыруға 13,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 100 көше мен жаяу жүргіншілер, 163 аула, 10 білім нысанын ағымды жөндеу мен құрылыс жұмыстары, 67 басқа да құрылыс және инфрақұрылым жобаларының құрылыстары іске асырылды. Нәтижесінде 5597 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеу үшін республикалық бюджеттен 451,8 млн теңге қаржы қарастырылып, 15060 отбасына екі ай 15 мың теңгеден коммуналдық қызметтері төленді.  2020 жылы төтенше жағдай кезеңіне халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз ету үшін 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 5556 теңгеден 5 санатқа 4 айға 26965 адамға 615,0 млн теңге төлем жасалынды. Сонымен қатар төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жұмыстан қысқартылған немесе табыстарынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде 101621 азаматқа әлеуметтік төлем берілді, – деді шаһар басшысы.

Әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды кеңінен ортаға салған қала әкімі жоспарлармен де бөлісті. Жалпы өткен жылы пандемияға байланысты көптеген саланың жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Десе де, әлеуметтік-экономикалық салада жеткен жетістіктер аз емес.

– Қалада коронавирус инфекциясына қарсы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы 2260 жағдай тіркелсе (оның ішінде пневмония жағдайлары – 250), ағымдағы жылы 640 оқиға тіркеліп отыр (оның ішінде пневмония жағдайлары – 292). Ауырғандардың басым көпшілігі – зейнеткерлер мен жұмыссыздар (мұғалімдер, тәрбиешілер – 9, оқушылар, балабақша тәрбиеленушілері – 24, медицина қызметкерлері – 10). Тараз қаласы бойынша ПТР-тест тапсырғандар саны өткен жылмен қосқанда 210 985 адамды құрап отыр (2021 жылы – 12 463). Коронавирус инфекциясына қарсы қала тұрғындарына 2 вакцина түрі – ресейлік «Спутник V» вакцинасы және отандық вакцина салынуда. Тараз қаласында 9 қалалық емханада барлығы 186 968 тұрғынға екпе салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 1-ші кезең жүргізілуде, жоспарға сәйкес қалалық емханаларда 1000 адамға салынды (вакцина негізінен 18-64 жас аралығындағы тұрғындарға салынады). Карантин уақытында шектеу іс-шараларын сақтамағандығы үшін 253 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 57,4 млн теңге айыппұл өндірілді, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Баяндамадан соң, есепті кездесуде әлеуметтік желі арқылы түскен сауалдарға жауап берілді. Сауалдардың басым бөлігі қала аумағындағы тұрғын алқаптарға газ, ауыз су, электр желілерін тарту, асфальт төсеу сынды мәселелер болды. Қала басшысы жиында айтылған әрбір ұсыныс-пікір хаттамаға жазылып, оның әрқайсысы бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізілетінін ескертті.

Жиын соңында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы қала әкімінің атқарған істеріне бағасын беріп, бірқатар сауал қойды.

– Қала тұрғындары тарапынан қала әкімдігіне түрлі сұрақтардың көп екені жасырын емес. Шешілмеген мәселелер де әлі бар. Есеп берген кезде ескеретін бірден-бір мәселе: қолдағы мүмкіндік қандай еді, сол мүмкіндікті толықтай қолдана алдық па, туындаған мәселені шешуде жан-жақты пайдаланылды ма деген сұраққа жауап беру керек. Атқарылған жұмысқа баға берерде осыны ескерген жөн. Қала әкімдігі осыны ашық көрсетуі керек. Әлеуметтік желі арқылы түскен сауалдар жауапсыз қалмауы керек. Қаладағы «сақалды» құрылыстардың жұмысын ретке келтіру қажет. Халықтың мәселесін шешуде кешеуілдетуге жол беруге болмайды. Жиын қорытындысы бойынша толтырылатын хаттамаға ұсыныс ретінде әлеуметтік желілерде халық тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелер ескеріліп, шешу жолдары көрсетілуі маңызды. Онда жасалатын жұмыстар нақты, сала-салаға бөлініп, атап көрсетілетін болсын. Сондай мәлімет болмағандықтан, тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар туындайтыны заңдылық, – деген облыс әкімі көпшілік тарапынан айтылған түрлі ұсыныстарға да үн қатты.

– Қала көркін арттыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бірақ соны күтіп ұстау, халықтың игілігіне жарата білу – ол тек қана биліктің міндеті емес. Ол – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы мәселеге қатысты халықтың мәдениетін көтеруіміз керек. Пәтерге, тұрғын үйге тұрған азаматтардың кезегі электронды түрде ашық болу жолында жұмыс істеуді тапсырамын. Сондай-ақ қала бойынша жылда жылы су мәселесі көтеріледі. Жазда су мүлдем өшпеу қажет. Әлеуметтік дүкендердің жұмысы тұраламауын, қаналдар мен өзендердің, арық жүйелерінің күй-жайын бақылауда ұстауды тапсырамын. Сонымен қатар ескі үйлердің сыртын абаттандыру бойынша әлі де жұмысты жалғастырыңыздар. Жалға берілетін пәтерлердің жұмысын реттеу де кезек күттірмейтін мәселе, – деген облыс әкімі Айтқазы Қарабалаевқа бірнеше тапсырма берді.

Жалпы бір сәтте барлығы 715 адам әкімнің қорытынды есебін желі арқылы тамашалаған. Қатысушылар тарапынан бір дегенде 60-қа жуық сауал жолданса, оның 30-дан астамына эфирде жауап берілді.

Кеңес алдында әкім есеп берді

Шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев өткен жылдың қорытындысы бойынша қалалық қоғамдық кеңестің алдында да есеп берді. Жылды қорытындылап, әр саланың жеткен жетістіктеріне тоқталған қала әкімі пандемия кезінде жасалған жұмыстарды тілге тиек етті. Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов жүргізген жиынға кеңестің мүшелері де қатысты. Жалпы атқарылған жұмыстарды баяндаған Айтқазы Дәулетқұлұлы хабарламадан кейін бірден Қоғамдық кеңеске түскен тұрғындардың сауалдарына жауап берді. 

– Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 26-бабына сәйкес, мүгедектердің қоғамдық автобусқа колжетімділігін қамтамасыз ететін рампалармен немесе кресло-арбадағы мүгедектерді автобусқа көтеруге, автобустан түсіруге арналған жабдықтар орнатылуы тиіс. Қала көшелерінде осындай автобустар қашан пайда болады? Соғылып жатқан 15-ші шағын аудандағы тұрғын үйлердің кіреберістеріне пандустар орнатылмаған. Осы жағдайларды зерделеп, мамандарға нақты тапсырма берсеңіз, – деді қала тұрғыны  Ә.Дәулетбаева.

Сонымен қатар шаһар басшысына Р.Байтелиев: «Шалғай Қарасу» иінінде жеке тұрғын үйлер құрылысына көше, инфрақұрылымдық жүйелер тартуға 220 гектар жер телімі берілген. Ал қазіргі уақытта бақылаудың жоқтығынан әркім үйлерін қалаған жеріне соғуда. Жаңа соғылып жатқан 15-ші шағын ауданға қоғамдық автобус қатынамайды. Құрылыс жүргізу барысында көшелерге төселген асфальт қазылып, жарамсыз жағдайға жеткен, жолдарды қайта жөндеу қажет», – деді. Ал  Ж.Орынбаева:

– Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Олжабаеваның атына Соқырлар қоғамы тарапынан ұсыныстар мен сын-ескертпелер көптеп айтылады. Оның ғимаратын күрделі жөндеу, айналасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, дыбыс жазу кабинетін жабдықтауға қаражат бөлу, мекеме орналасқан Аққозиев көшесі №5 үйдің жанынан әлеуметтік дүкен ашу, аталған санаттағы мүгедектер үшін қоғамдық көлікке жеңілдіктер жасау, мүгедектердің спорттық жетістіктеріне қолдау көрсету, көзі нашар көретін мүмкіндігі шектеулі жандарды бюджеттік мекемелерге жұмысқа тарту сияқты мәселелерді назарға алсаңыздар. Бұл проблемалар зағиптер тарапынан қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Олжабаеваға талай рет айтылған көрінеді, – деді.

Бұдан өзге көптеген сауалдар коммуналдық мәселелер төңірегінде жолданған. Әр сауалға жауап берген Айтқазы Қарабалаев алдағы уақытта тиісті мамандарға тапсырма берілетінін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.