Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төл ойынның тынысын кеңейтті

0 249

Соңғы жылдары ұлттық спортымыз тоғызқұмалаққа ерекше назар аударылып, төл ойынға қызығушылық танытқандар қатары артып отыр.

Ертеде «қойшылар алгебрасы» атанған бұл ойын түріне тіпті алыс-жақын шет мемлекет елдері де қызығушылық білдіруде. Оның бір дәлелі – жуырда ғана Түркия елінде өткен бесінші әлем чемпионаты. Осынау байрақты бәсекеге әлемнің 19 елінен үміткерлердің қатысуы тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде таныла бастағанын айғақтай түссе керек-ті.
Төрт мың жылдық тарихы бар зияткерлер ойынының ережесі де ерек әрі күрделі. Ұлттық ойынымызды күллі қазақ баласы білгені жөн деген облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығы «Достық» алаңында он күн бойы төл спортты үйренемін дегендерге мүмкіндік сыйлады. Он күн ішінде қала жұртшылығына білікті бапкерлер ойынның қыр-сырын үйретті.
– Бұл жұмысты қолға алу арқылы әр жастағы азаматтарға төл спортымызды үйретуді жөн көріп отырмыз. Ұлттық спортымызды ұлықтағанымыз жөн. Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаттары тұрақты түрде өтіп жатқанынан баршаңыз хабардарсыздар. Жалпы тоғызқұмалақ ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді, – дейді облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Батырбек Құлекеев.
Көпшілікті ынтық еткен ойын ережесін біз де жаттықтырушылардан сұрап білдік. «Аталмыш спорт он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады. Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Бастапқыда әр отауда тоғыз құмалақтан орналасады. Ойынды солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүруге болады. Ол үшін жүріс жасалатын отаудан орнына бір құмалақ қана қалдырып, қалған сегіз құмалақты түгелімен аласыз да, келесі отаудан бастап әрбір отауға қолдағы құмалақ біткенше бір-бірден салып шығасыз. Ойыншылардың мақсаты – неғұрлым көп құмалақ алу. Сондықтан ойын үстінде әрбір ойыншы өз отауларындағы құмалақтарды шамасы келгенше жұп ұстауға, қарсы жақтың отауларын тақ жасап отыруға тырысады. Тақ санды отауларға үздіксіз шабуыл жасалады. Қазандарға ойыншылардың ұтыстары жазылады. Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. Тоғызқұмалақ тақтасы деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойын мақсаты – ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап, жеңіске жету», – дейді «Әулие-Ата» кәсіпқой спорт клубының тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы Ербол Нұрханов.
Дана халқымызда «Өнерді үйрен де, жирен» деген бар. Ал бүгінгі таңда қазақ жастары қандай өнер түрін таңдап алып соған жол тартамын десе де мүмкіндіктер жетерлік. Әр өнердің өзіндік ерекшелігі, бағалы тұсы бар. Спорт та өнер. Спорттың да өнер ретінде таңдап алар түрі көп. Міне, он күндік оқу-жаттығу арқылы көптеген тараздықтар өздерін осы бір өнердің ерекше түріне баули алды. Тіпті тоғызқұмалақ тарихымен жете танысуға мүмкіндік алып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.