Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Түйте» каналының аумағы абаттандырылады

0 1  216

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы «Түйте» каналының жағдайымен танысты. Айталық, қазіргі таңда «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен аталған каналды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл шаһарда ұзындығы 60-тан аса шақырымды құрайтын 8 канал механикалық тазалаудан өткен болатын. Енді сол каналарды абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. «Түйте» каналы – соның алғашқы қадамы. Каналдарды тазалап қана қоймай, айналасын абаттандыру да айрықша маңызға ие. Бұл бір жағынан тұрғындардың тынығатын орнына айналса, екіншіден судың канал бойымен еш тоқтаусыз ағуына мүмкіндік береді. Бастысы, жұмыстар сапалы әрі межеленген мерзімінде орындалуға тиіс, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

📌Айта кетейік, абаттандыру жүргізіліп жатқан «Түйте» каналының аталмыш бөлігі 1 шақырым 738 метрді құрайды. Мұнда қазір он техника, жиырмадан аса адам еңбек етуде.

🔹Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» шағын ауданындағы 1200 орындық «Жайлы мектептің» инфрақұрылым жүйесін жүргізу жұмыстарын көрді.
– Оқу ордаларының инфрақұрылым жүйесі балғындардың сапалы біліммен қамтылуына жағдай туғызып ғана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Ал балалардың қауіпсіздігін сақтау – әрдайым басты назарда. Күні ертең осы мектептің табалдырығын аттайтын оқушылар білім ошағына еш кедергісіз қатынауы керек. Сондықтан мектептің инфрақұрылым жүйесі сапалы түрде жүргізілгені жөн, – деген шаһар басшысы жұмыстарды жоспарға сай орындауды тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.