Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алты айда ауқымды істер атқарылды

0 943

Сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, әуелі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің іске асырылу барысы жөнінде баяндады.
– Ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өнеркәсіп саласынан басқа барлық саласында оң динамика қалыптасты. Айталық, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 71,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27,9 пайызға артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 26,8 миллиард теңгеге жетіп, 100,7 пайызға орындалды. Өнеркәсіп те өрістеп келеді. Қазіргі таңда, «Тараз қант зауыты» мен «Тараз металлургиялық зауытының» электрод цехы қайта іске қосылып, тұрақты жұмыс істеуде. Облыс әкімдігімен жасалған келісімдерге сәйкес, жыл соңына дейін өнеркәсіп көлемін 105 пайызға, ауыл шаруашылығы саласында өсімді 110 пайызға, инвестиция көлемін 147 пайызға, құрылыс жұмыстарын 110 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемін 108 пайызға, бөлшек сауданы 102 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз, – деген шаһар басшысы өзге де салаларда атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етті.

Нақтырақ тоқталсақ, есепті мерзімде нәресте өлімі 29 оқиғаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5 оқиғаға азайса, қала көлемінде жалпы әр түрлі 1 032 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда саны 21,3 пайызға төмендеген. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі де 9,8 пайызға азайған. Білім саласына келсек, 1 мен 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 84,4, 2 мен 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 88,8 пайызды құрады.
Тараздықтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Бүгінде 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Соған орай 2023 жылы 3279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 12-сі пайдалануға берілді. Нәтижесінде 754 отбасы баспанамен қамтылды. Ал қазіргі таңда облыс орталығында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 50 үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Сонымен қатар, «Автобекет» маңындағы «Әулие-ата» ықшамауданында 22 тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Сонымен қатар шаһардың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қарастырылды. Оның ішінде, 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады. Ал қалған 13 үй келер жылға өтпелі.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүруде. Соның айғағы – былтыр «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауыз сумен қамтылды. Ал, 2024 жылы «Шалғай Қарасу, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7», Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізбек. Нәтижесінде, орталықтандырылған таза суды тұтынатындардың үлесі 100 пайызға жетеді.
Көшелерді жарықтандыру да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Осы мақсатта өткен жылы облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көше самаладай жарқырамақ. Сонымен қатар, шаһардағы 10 ықшамауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толығымен жарықтандырылды.

Қоғамдық көліктердің қызметі де жіті назарда. Қазіргі таңда шаһарда жолаушылар бағытында 9 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. Жыл басынан облыс орталығына 80 автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қосымша тағы 60 жаңа автобусты әкелу көзделуде. Сондай-ақ 3 жаңа бағыт іске қосылды. Сонымен қатар биыл облыс орталығында жаңа 75 аялдама орнатылады.

«Жол – экономиканың күретамары» деп бекер айтылмаған. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көшені және 18 шақырым 7 жаяу жүргінші жолы орташа жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Коммунальник», «Лето», «Ветеран» алқаптарындағы 165 көшеге шағал жол салынады. Сонымен қоса биыл қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеуге жарияланған конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесі асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал, «Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарланған.

Аулаларды абаттандыру да айрықша маңызға ие. Мәселен, осы жылы 18 мекенжайда абаттандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қосымша 7 мекенжайды абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 8 шағын футбол алаңшасының құрылысы аяқталса, 1 алаңшасының құрылысы жүруде. Сондай-ақ қала ішіндегі 14 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енеді.

Келесі кезекте мәслихат депутаттары көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.

Сондай-ақ сессияда «Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы «Тараз қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы» №11-4 шешіміне өзгерістер енгізу», «Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-6 шешіміне өзгерістер енгізу» мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.