Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде»

Еңбек адамдарының құқығы қалай қорғалып жатыр?

0 587

Жамбыл облысында еңбек дауы азаймай тұр. Айлық жалақының аздығына, жұмыс орнында қолайлы жағдайдың жоқтығына ашынған жұрт әкімдік ғимаратын жағалап, талап-арыздарын ашық жеткізуде. Мұндай жағдайлар былтырғы жылы өңірде көптеп орын алып, сананы сан саққа жүгіртті. Алайда бұдан мекеме басшылары сабақ шығармағандай…

Олай дейтініміз, күні кеше «Жасыл ел-Тараз» ЖШС мекемесінің қоғамдық жұмысшылары айлық жалақының аздығына байланысты өздерінің жанайқайын білдірді. Жалпы 41 қоғамдық жұмысшының талабы айлық жалақыны көтеру, өздерін серіктестік штатына қабылдау немесе еңбектеріне қарай қосымша ақы төлеу болды. Бұқара базынасына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков құлақ түріп, көптің көкейіндегі мәселесін тыңдады. Нәтижесінде, биыл республикалық бюджеттен әр қоғамдық жұмысшыға субсидияланатын жұмыс орындары арқылы мемлекеттік бюджеттен 110 760 (қолға еңбек өтілдеріне сәйкес 85 000-95 500) теңге төленетін болып шешілді.
Бүгінгі күнге серіктестікке осы көрсетілген айлық жалақымен жұмыс істеу үшін 49 адамға жолдама беріліп отыр. Алайда жолдама алған жұмысшылар аталған жалақыға жұмыс жасаудан бас тартып, қосымша айлық жалақы төлеуді немесе серіктестіктің штатына қабылдап, жалақыны көтеруді сұрауда. Бұл мәселе де қазір жергілікті билік тарапынан жіті қаралуда.
Негізі, айлық жалақының аздығына байланысты бұл бірінші мәрте орын алып отырған жағдай емес. Өткен жылы «Қазфосфат» ЖШС жұмысшылары жасаған ереуілді ел ұмыта қойған жоқ. Өзі мен қосшыларына қомақты айлық жалақы жазып алған мекеме басшысына жиналғандар тіпті жұдырық алып жүгіріп, соққының астына алды. Соңы филиал директоры жұмысшылардан «өзім білемге салған» әрекеті үшін кешірім сұрап, өз еркімен жұмыстан кетті. Оның артынша осындай шерулер «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты өзге де филиалдарда орын алып, басшылық көптің талабын орындап барып жұмысшыларды басты.
Былтырғы жылы жол тазалығына жауапты компания жұмысшылары да бас көтерді. Жуалы мен Меркі аудандары аралығындағы республикалық мәндегі ақылы жолды күтіп ұстауға жауапты «Шымкент спец комплекс» серіктестігінде істейтін 30-дан аса жұмысшы бір жылдан бері еңбекақылары кешіктіріліп, зейнетақы төлемдері тоқтап қалғаны үшін жолды жауып тастады. Ашынған жұмысшылар жолды жөндеуге қажетті құрал-саймандарының жоқтығын да жеткізді. Ал жолға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының облыстық филиалы басшылығы журналистерге жауап беруден бас тартып, соңы әйтеуір билік өкілдерінің араласуымен мәселе оңтайлы шешілді.
Мұндай жағдай «Меркі-Бурылбайтал» тас жолының құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшыларға қатысты да орын алды. Құрылысқа жауапты қытайлық компания үш жылдың бедерінде еңбеккерлерге ең төменгі жалақы төлеп келген екен. Мұндай басынушылыққа шыдай алмаған 80-нен аса жұмысшы жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыларын көтеруді талап етті. Бұл мәселеге облыс әкімдігі тікелей араласып, қытайлық «Синьсин» компаниясымен өзара келіссөздер жүргізді. Соның арқасында 3 жылда көтерілмеген жалақы 3 күнде өсіп, еңбек адамдарының құқығы қорғалды.
Өткен жылы айлығы шайлығына жетпейтінін айтып, ұжым болып көшеге шыққан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 200-ден астам қызметкерінің шеруі еңбек дауының ең шыңырау шыңы болды. Мұнда еңбек адамдары Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін 20 пайызға көбейеді деген айлықтары, керісінше, 50 пайызға дейін азайып кеткеніне шағымданып, университет ректорынан жауап ала алмағаннан кейін шеруге шыққан. Алайда қызметкерлерінен мұндай әрекетті күтпеген ректор соңында өзі жұмысшыларының алдына шығып, жақын күндері мәселені оңтайлы шешіп беруге уәде етті. Осылайша мұнда да халық бас көтергеннен кейін барып басшылар сабасына түсіп, қызметкерлерінің құқығын ойлау қажеттігін еске түсірді.
Жалпы бұл өңірде өткен жылы орын алған еңбек дауларының бірері ғана. Барлық жағдайда еңбек адамдары жалақының аздығы мен жұмысқа қолайлы жағдай жасалмағанын айтып шырылдауда. Осы орайда облыстық еңбек инспекциясы басқармасына қайырылып, өңірде еңбек адамдарының құқығы қаншалықты қорғалып жатқанын білген едік. Басқарма мамандарының берген ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларымен 126 тексеру жүргізіліп, 179 заң бұзушылық анықталған екен. Нәтижесінде, 176 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылған. Сонымен қатар мекемелердің қызметкерлеріне 554,3 млн теңге көлеміндегі жалақы қарыздары анықталып, ол толығымен төленген. Алайда жұмысқа қолайлы жағдай жасалмауынан өндірістік жарақаттар көбейген. Мәселен, былтыр 47 жазатайым оқиға орын алып, 61 адам зардап шеккен. 8 адам қайтыс болған.
2023 жылы қайтыс болғандар саны 5 бірлікке немесе 38,4 пайызға төмендеуіне қарамастан, зардап шеккендер саны 2022 жылмен салыстырғанда 27,9 пайызға өскен. Жүргізілген талдау нәтижесінде өндірістік жарақаттардың дені жұмыс берушінің кінәсінен орын алғаны анықталып отыр.
– 2023 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде тіркелген 47 оқиғаның 23-і жұмыс берушінің кінәсінен болса, жұмыскердің кінәсінен 19 және 5-і жазатайым орын алған. Қазіргі таңда жұмыс берушілерге орын алған жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар бекітіліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынып отыр.
2023 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында «Қазэкспертпром» ұйымы «Қазфосфат» ЖШС-де еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттаудан өткізді. Зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша ақылар белгіленді. Сүт немесе басқа да баламалы өнімдерді беру үшін жұмысшылардың тізімдері жасалды.
Сондай-ақ «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС өндірістік жазатайым оқиғаларға талдау жасалынып, бөлім, орталық қызмет басшыларының, еңбек қауіпсіздігі және қауіпсіз техника қызметі мамандарының және басқа да қызметкерлердің оқу-жаттығу бойынша біліктіліктерін арттыру бойынша қосымша жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек, жұмыс орындарында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына, қызметкерлерді арнайы киіммен, аяқ киіммен және басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуіне бақылау күшейтілді.
«Golden Compas Jambyl» ЖШС өндірістегі жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында компания бөлімшелерінің барлық басшылары мен жұмысшыларына еңбек қауіпсіздігі бойынша қосымша жоспардан тыс нұсқаулықтар өткізіліп, қызметкерлердің бір бөлігінің жалақысы 10%-дан 25%-ға дейін өсірді.
Жалпы өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда ішкі бақылауды 994 өндірістік кеңес жүзеге асырады. 108 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі стандарттарды енгізді. 18 кәсіпорын «Vision Zero» нөлдік жарақат тұжырымдамасына қосылды. Соңғы 5 жылда 956 өндірістік нысан, оның ішінде 4 554 жұмыс орны аттестаттаудан өткізілді.
Мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан жеке қабылдау жұмыстары барысында 67 тұрғынға еңбек заңнамаларымен қатысты консультативтік кеңестер берілді, – дейді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов.
Негізі, 2022 жылы ұйымдар мен кәсіпорындарға 147 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2023 жылмен салыстырғанда зерделеу жұмыстары көп атқарылған. Нәтижесінде, 223 заң бұзушылық тіркеліп, 158 еңбек қатынастарының бұзылғаны белгілі болған. Яғни 2022 жылы тексерудің көп болғанынан жұмыскерлердің еңбек құқығының бұзылуы да көп анықталған. Жауапты мамандар жоспардан тыс тексерулер жұмыскерлерден келіп түскен арыз-шағымдарға байланысты жүргізілетінін айтады. Демек, 2022 жылы еңбек даулары көп болса, 2023 жылы арыз-шағымдар аз түскен.
Қалай дегенде де, қазір еңбек даулары елді дүрліктіріп тұр. Жұмысшылар жанына батпаса жанайқайын білдіріп, әкімдік ғимаратының есігін күзетіп, шеруге шықпайтыны белгілі. Осы орайда кейінгі жылдары еңбек дауларының көбеюіне не себеп болып тұрғанын білмекке заңгердің пікіріне жүгінген едік.
– Еңбек дауларының көбеюінің басты себебі мемлекеттік мекемелердің қызметінің дұрыс атқарылмауынан болып тұр. Жалпы айлық жалақы болсын, жұмыстағы қолайсыз жағдай болсын, қандай еңбек даулары болмасын, бәріне кінәлі – жауапты мекемелердің жұмысының жүйесіздігі. Мәселен, облыста Еңбек инспекциясы басқармасы бар. Алайда аталған мекемеге еңбек адамдары жанайқайын білдіріп барып жатса, бір-біріне сілтеп, соңы есіктен арқасынан қағып шығарып салып жатады. Осыдан барып құқықтары тапталған жұмысшылар әкімдік ғимаратын жағалайды. Егер сол мәселе Еңбек инспекциясы басқармасы сынды мекемелердің шеңберінде шешіліп жатса, соңы айқай-шуға ұласып жатпас еді.
Тағы бір айта кетерлігі, Үкіметтен түрлі мемлекеттік бағдарламалар жанданып, өңірлерде іске асыруға жолданып жатады. Алайда сол бағдарламаға құзырлы мекемелер бір ғана маманды жауапты етіп белгілеп жатады. Ал ол маман күнде келетін жүздеген адамды қабылдауға қауқары жетпей, оның соңы да айқай-шумен аяқталып жатады. Міне, осындай жағдайлардың орын алмауы үшін алдымен мемлекеттік мекемелердің жұмысын бір жүйеге қою керек. Сонда ғана еңбек даулары азайып, жұмысшылар әкімдік ғимаратына емес, құқықтарын қорғайтын құзырлы мекемеге жүгінетін болады, – дейді заңгер Қайрат Шайхиев.
Иә, еңбек адамдарының құқығын қорғап жүрген заңгердің сөзі орынсыз дей алмассың. Себебі жүйе мен тәртіп болса, жұмысшылар да әкімдік ғимаратының есігін күзетіп, көшеге шықпасы анық. Оған қоса, қазір мекеме басшылары өз мәселелерін ұжым ішінде шеше алмайтындығы жағымсыз көрініс алып бара жатыр. Егер мекемедегі жағдайды басшы бақылауында ұстай алмаса, онда ол не істеп отыр? Басшы сонда қол қойып, мөр басу үшін ғана керек пе? Міне, осы мәселелер ойландырмай қоймайды. Сондықтан облыс әкімдігіне шеруге шыққан еңбеккерлердің емес, ең бірінші өз жұмысын тиісті деңгейде атқара алмаған басшылардың мәселесін майшаммен қарау қажет-ау…

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.