Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төбет төбелестіретіндерге тықыр таянды

0 343

Жыл өткен сайын кейбір сұранысқа ие мамандықтар өздігінен қоғамға қажетсіз болып қалады. Сол секілді уақыт өте ата кәсіптен де ажырап бара жатқандаймыз. Әңгіменің ауаны Мәжіліске түскен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасы төңірегінде болып отыр. Бүгінде асыл тұқымды ит асырауға құлықты азаматтар аз емес. Егер заң жобасы мақұлданса, ит үйретіп, аламанға қатысып жүргендердің жолына тұсау болмай ма?

Қоғамда ұсынылған заң жобасы қызу талқыға түсуде. «Адамнан гөрі малды сабағанға көбірек айыппұл салынады» деп ашынып отырған азаматтар да бар. Несін жасырамыз, қоғамда үй жануарларына қатыгездік таныту деген бұрыннан бар. Басқасын айтпағанда, ауыл үйдің іргесіне немесе қоқысқа өлген итін тастап, заңмен ісім жоқ дейтіндерді көріп жүрміз. Қолқа қабатын өлексеге жан жуымайды. Бұған аулада итін байлап ұстайтын, егер көнбесе тоқпақтайтындарды қосалық. Байлаулы тұрған ит үйге келген жанға айбат шегіп тұратыны содан болса керек. Соның барлығын көрген ойын баласы да итті ермек қылады. Осы тұста, ит баптап, оны алаңда сынап жүргендердің жайы қалай болмақ деген орынды сұрақ туады. Көпшілік біле бермейтін шығар, бірақ елімізде «Тазы, төбет, бөрібасар» ұлттық спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі бар. Ата салтты насихаттауды мықтап қолға алған бірлестік жыл сайын төбеттерді сынамадан өткізуді қолға алған. Бәйге төбеттің жүректілігін тексеруге бағытталған екен. Жарыс облыстық, республикалық, кейін ТМД елдері арасында өтеді. Аламанға түскен төбет ә дегеннен барлық қарсыласпен айқаспайды. Талап бойынша бір кездесуден кейін әр төбет бір айдан астам уақыт демалады. Бәсеке бес салмақ дәрежесінде (50, 54, 60, 66, 72 және 72-ден жоғары) өтеді. Әр салмақта үздік болған иттің егесіне тағайындалатын сыйлықтар да қомақты. Онда төбеттің жағдайын мал дәрігері жіті қадағалайды екен. Ереже бойынша ит үш рет тіс қақса, құйрығын қысып қашса және үш рет үрсе, жеңіледі. Яғни алаңда иттер жан шыққанша арпалыспайды. Бір жекпе-жектің өзін ортада үш төреші, қапталда орталық комиссия мүшелері бақылайды. Комиссия еліміздің әр аймағынан келеді. Иттің шамасы жетпей не жарақат алып жатса, төрешілер сөзге келместен бәсекені тоқтатады. Алматыда төбеттер сайысының елішілік турнирі өтсе, ТМД елдері арасындағы бәсеке Тараз қаласында ұйымдастырылады. Төбеттерді сынақтан өткізетін бәйге алаңы Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында орналасқан екен.
Бүгінде осынау ата салтын жалғап, төбет асырауды дағдыға айналдырып отырған жастар да аз емес. Солардың бірі – төрт жыл төбет үйретіп, қыр-сырын жетік меңгерген Шарафат Отар. Оның пікірінше, төбет дайындаудың да тәсілі бар екен.
– Төбетке ешкім біз секілді қарай алмайды деп айтсақ та болады. Себебі әр ит күнделікті екі жарым келі ет жейді. Одан бөлек, арнайы тамағын тағы сатып аламыз. Қазір менің 6 төбетім бар. Оның әрқайсысына күніне екі жарым келі ет табу да оңай емес. Төбетті бір күн жүгіртсек, екінші күні міндетті түрде серуенге шығарамыз. Кейбіреулер бұған екі сағат емес, тіпті төрт сағат уақытын бөледі. Мысалы, мен төбет дайындар алдында міндетті түрде 10 шақырым жүгіртемін. Үйге келгенде, бірден су бермеймін. Себебі өкпесі қабынуы мүмкін. Тек екі-үш сағаттан кейін суын, артынша екі жарым келі ет пен арнайы тамағын беремін. Бұған қосымша дәрумендерді қосыңыз. Ит асырау – біздің хоббиіміз. Жұмыстан шаршап келгенде бір мезгіл иттерге қарап, тынығамыз. Төбеттің де тілін таба білу керек. Онымен сөйлессең, ол да адамды түсінеді. «Жат» десең жатады, қысқасы, айтқаныңды екі етпейді. Үйде балам ойнап жүріп, төбеттің асына қол салып қалса да тістемейді, керісінше жүзін жалайды. Үстіне мініп ойнаса да, төбет баланы түсінеді. Асыл тұқымды ит үйге кім келсе де айбат шекпейді. Сынақтан өткен иттер негізі адамға тиіспейді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз асыл тұқымды итті сақтап қалу болған соң, оны басқа иттермен будандастырмаймыз, – дейді Шарафат.
Төбеттің егесі жарысқа өтініш қалдыру үшін ең алдымен итінің медициналық анықтамасын көрсетеді. Төрешілер алаңға шығатын иттің реңіне қарап, жарақаты болмауын қадағалайды. Ит дайын болмаса, бірден жарыстан шеттетіледі. Сондай-ақ сынақ алдында ит салмаққа сай келмесе, аламанға шықпайды. Төбет асыраушылар ит жүректі болмаса, аң-құсқа айбат шекпесе, оны ұстаудың да себебі болмайды дейді.
Негізі ТМД елдерінің ішінде Түркіменстанда төбетке ерекше құрметпен қарайтыны белгілі. Төбетке арнап еңселі ескерткіш орнатудың өзі түркімендердің ит баптауға қарсы еместігін аңғартып тұр. Бірақ саятшылардың айтуынша, түркіменнің төбеті қазақы төбеттен шыққан көрінеді. Соған қарамастан, бізде ит баптауға қолдау көрсетілмей отырғаны таңғаларлық.
Әдетте төбет баптауды мықтап қолға алғандар білікті мал дәрігеріне жүгінеді. Тіпті сайысқа дәрігерін ертіп баратындар да кездеседі екен. Көп жерде төбет баптайтындарға «Ит дайындап, ақша табасыңдар ма?» деген сұрақ жиі қойылатыны белгілі. Себебі сайыста әр салмақ бойынша бас бәйгеге су жаңа автокөліктер тігіледі. Бірақ соның басы-қасында жүрген Шарафат Отар бұл пікірмен келіспейтінін айтады. Ол «төрт жылдан аса уақыт ит баптап шығындалғаным болмаса, бірде-бір рет бас бәйге алмадым» деп отыр. Шарафат мұны сәтсіздікке телімейді. Себебі ол ит асырауды табыс табу үшін емес, ата кәсіпті жалғасам деген ниетте қолға алыпты.
Қазақтың төбеттеріне қытайлықтар, өзбек ағайындар, қырғыз, тәжік, түркімендер де қызығып, қыруар ақшаға сатып алуда. Тіпті болмаса, жарыста оза шапқан төбеттен күшік алуға тырысады екен. Осылайша қазақтың қанында бар ит баптау дәстүрі қайта жанданғандай еді. Енді ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген мінбердегі азаматтар жаңа заңның ит баптаушыларға тиімді жағын қарастырса дейсің. Өйткені төбет баптап, төбелестіретіндерге тықыр таянып тұрғаны анық.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.