Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел

0 389

Халықаралық жемқорлықпен күрес күніне орай Достық үйінде осындай атаумен облыстық форум өтті. Жиын барысында қоғамды ізгілікке бастап, парасаттылық құндылықтарын нығайтуға үлес қосқан қоғам белсенділері марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев және мекеме басшылары, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиын барысында әділдік қағидаттары насихатталып, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жолында атқарылған іс-шараға негізделген бейнероликтер назарға ұсынылды.

Сондай-ақ әділдіктің ақ туын кірлетпеуді мақсат тұтып, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың алдын алу үшін адалдыққа бағытталған «Адал еңбектің жарқын бейнесі», «Креативті видео», «Үздік сынып» және «Салауатты сынып» байқауларының жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді.

– Жемқорлыққа жол бермеу мақсатында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі іске қосылған. Кеңсе өз жұмысын өңірлік маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс жасап келеді. Бұл форум біздің Отанымыздың жарқын болашағы үшін күресіп жүргендердің орасан еңбегін көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл мәселеге бейжай қарамайтындардың саны артып келеді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімді жұмыс істейтін дұрыс тұтқаларды табуға көмектеседі. Қоғамдағы ең басты мәселенің біріне тосқауыл қою – біздің басты мақсатымыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев өз сөзінде.

Агенттіктің облыс бойынша департаменті жемқорлықпен күрес жолында «Антикор лайф», «Адал көмек» сынды жобаларды қолға алып, бұл бастама бүгінде өз нәтижесін беріп келеді. Білім ордаларында осыған орай әр оқушыны тура жолға жетелеуді мақсат тұтқан адалдық сағаттары өтсе, әрбір отбасыны әділдікке, шыншылдыққа бастайтын «Парасатты отбасы» сынды берері мол байқаулар да ұйымдастырылып жүр.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіруді, қылмыстың алдын алу сипатындағы жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағыты бойынша «Nur Otan» партиясы және «Жаңару» қоғамдық бірлестігі болса, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе нәтижелі жұмыстар жүргізіліп отыр, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ЖОБ департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Талғат Шариұлы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жұмысы жайында баяндама жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті. Биыл департамент М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетпен бірлесіп, республикалық адалдық сағатының бейнеролигін әзірлеп, қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының адалдық, парасаттылық, әділдік негізіне жазылған дәрістері жайлы бейнероликтер дайындап, жеткіншектерге тәрбиелік мәні зор бейнебаянды ұсынған болатын.

– Қазіргі таңда адалдық пен парасаттылық тұрғысындағы бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру арқылы ел ертеңінің тізгінін ұстар жастарды, қоғамның болашақ, толыққанды мүшелерін тәрбиелеп келеміз. Сондықтан да қазіргі таңда Дулати университетінің негізгі құндылықтарының бірі тазалықты, тура жолды жастардың бойына қалыптастыру болып табылады. Бұл жолды ұстаздар аянбай насихаттап, жастардың бойына ізгіліктің дәнін себуді мақсат тұтса, жастар да тура жолдан таймаудың талабынан ауытқымай, ақ пен қараның жігін ажыратуға, әділдіктің тура жолымен ғана жүруге талпынып келеді. Бұл берілген тәрбиенің зор нәтижесі, еленген еңбектің екі еселенуі деп білемін, – деді жиын барысында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бірінші проректоры Ержан Әмірбекұлы.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және «Жастарды әлеуметтік және тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қоры «Азаматтық бақылау» жобасы аясында бірлесе ұйымдастырған «Үздік сынып», «Парасатты қоғам» және «Адал еңбек көрінісі» суретшілер байқауының жеңімпаздары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Үздік сынып» байқауына Жамбыл облысының барлық аудандарынан 4073 сынып қатысқан. Байқаудың қазылар алқасы үздік деп танылған сыныптарға жүлделі орын ұсынып, «Жомарт сынып», «Көптілді сынып», «Үздік оқырман сынып», «Интеллектуалды сынып», «Шығармашыл сынып», «Шебер сынып», «Өнерлі сынып», «Көшбасшы сынып», «Саяхатшы сынып», «Салауатты сынып» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.

«Парасатты қоғам» байқауына Жамбыл облысы бойынша барлығы 1126 видео келіп түсіп, қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған 3 бейнероликтің иелері жүлделі орындарға ие болды. Ал «Адал еңбек көрінісі» суретшілер байқауына барлығы 2095 сынып қатысып, қазылар алқасының шешімімен үздік атанған жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.