Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбек еленіп, құрмет көрсетілді

0 203

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалалық әкімдіктің мәжіліс залында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып, қажырлы еңбегімен үлкен жетістіктерге қол жеткізген азаматтарды марапаттады.

Арайлым ШАБДЕНОВА. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Тәуелсіздігіміздің 29 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі осымен үшінші жыл тапсырылды. Салтанатты іс-шарада қала әкімі Айтқазы Қарабалаев тоғыз азаматқа арнайы төсбелгіні табыс етті.

– Сіздерді барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 29 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатымен дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария етіп, Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 29 жылда бағындырған белестері орасан. Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Ұлт көшбасшысы атап көрсеткендей, тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз – сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі. Осы мереке қарcаңында өңірдің, шаһардың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттау мен үшін үлкен қуаныш, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Сондай-ақ бұл күні еліміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың ішінде қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Бек Есжанов пен Әбдімажит Жүнісбеков, «Спорттық жекпе-жек әскери самбо ардагерлерінің федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жетпісбай Медеуов, Тараз қаласы әкімінің бас инспекторы Қанатбек Нұрланов, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының актері Әбиірбек Тінәлиев бар. Сонымен қатар салтанатты жиында облыс, қала әкімінің және қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары азаматтарға табыс етілді. Марапат төрінен көрінген азаматтар атынан Тараз қаласының Құрметті азаматтары сөз алып, мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін айтып, көпшілікке алғыс білдірді.

Сондай-ақ салтанатты шарада қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев жиылған көпшілікті мерекемен құттықтаса, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлнұр Ешкібаева, Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Нұрғиса Аманмұрат жұртшылықтың алдында Ант қабылдады. Сонымен қатар «Халық алғысы» мерекелік медалімен «Жасыл Ел-Тараз» қызметкері Жомарт Нартов, «Сала мақтанышы» орденімен «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Марат Смайлов наградталса, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» белгісі Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №23 орта мектебінің директоры Ардақ Рысбаеваға табысталды. Ал тәуелсіздік құрдастары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.