Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әскерден жалтарма, жас сарбаз!

0 257

Кез келген егемен ел үшін ең маңызды нәрсе – қауіпсіздік. Әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен өлшенетіні мәлім. ҚР Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген.

Алайда соған қарамастан, еліміз әскер саны бойынша 133 елдің ішінен 57-орында тұр. Мұны елдегі адам санының аздығымен түсіндіруге болады. Онымен қоса әскерге барушылардың да қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқаны жасырын емес. Алайда әскери борышын өтеуден жалтарудың ақыры жақсылыққа апармайтынын да түсінген абзал. Тараз қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, ҚР 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 17-бабы 3-тармағы бойынша ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асыруға міндетті екен. Ал азаматтардың әскери есепке қою жөніндегі комиссиясының немесе сол комиссияның жолдамасымен медициналық куәландырудан немесе тексерілуден бас тарту әкімшілік құқық бұзушылық болып саналғандықтан, бұл адамға күштеп әкелу жазасы қолданылуы мүмкін. Өкінішке қарай, Тараз қаласында да осындай жағдайлар кездесіп отырған көрінеді. Сондықтан қазіргі таңда басқарма Ұлттық ұлан және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқаруда.
Әлбетте, жастардың барлығы әскерге барудан қашып жүр деуден аулақпыз. Олардың арасында Қарулы Күштердің сапында өз азаматтық борыштарын абыройлы өтеп келгендер де аз емес. Солардың бірі – Бәйдібек Қуатбай. Ол өз борышын Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімшеде өтеген. Оның айтуынша, әскер оның мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
– Мектеп қабырғасынан тентектігім басым болды. Әскери борышымды өтеуге 20 жасымда аттандым. Ол жерде тура бір жыл болдым. Әскерге барғанға дейін бұзықтау болғанмын. Кез келген іске байыппен қарамайтын, жауапкершілікті терең сезінбедім, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кезім еді. Әскерге барғанға дейінгі және келгеннен кейінгі Бәйдібектің арасы жер мен көктей. Өйткені әскер мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, өмірге үлкендерше қарай бастадым. Ең бірінші, ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін терең түсіндім. Себебі кейде ата-анамыздың қадірін түсінбей кететін сәт болады. Содан соң уақыттың, ақшаның қадірін білдім. Осылай өмірден біраз нәрсені түйдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жағынан өзгертті. Әскерден келіп, бұзықтығым да басылды. Сондықтан әскерге барғаныма қатты қуанамын, – дейді ол.
Ал күні кеше әскерден оралған Мақсат Сағынбаев үшін әскердің тәртібі мен жүйесі аса қиындық туғызбаған. Керісінше, ол бұл талаптарды оңай еңсерген.
– Ол жақта кейде ұйқыдан қиналғанымыз болмаса, айтарлықтай ауыртпалық болған жоқ. Әскерде «наряд» деген тәуліктік кезекшілік бар. Сол күні түнге дейін кезекшілікте тұрып, тек төрт сағат қана ұйықтайсың. Сол кезде шамалы қиындықтар болғанымен, кейін үйреніп кеттім. Ал басқа спорттық жаттығуларды, тапсырмаларды оңай еңсердім. Қиналған жоқпын. Тағы бір айта кетерлігі, онда сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Киім-кешек, тамақ – барлығы мемлекет тарапынан беріледі. Көп жағдайда ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Бірі әскери тәртіптен қорқады, енді бірі әлімжеттікті алға тартады. Алғашында шақырту қағазы келгенде, өзім не істерімді білмей қалдым. Алайда сол сәтте әкем: «Азаматтық борышыңды өтеп келесің, артыңнан ерген інілеріңе де үлгі боласың», – деп ақылын айтып, батасын берген соң, ойланбастан аттанып кеттім. Сол сөз маған үлкен қолдау берді. Әскерде ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыландым. Сонымен қатар шапшаң қимылдауды, бастаған істі кейінге қалдырмай, соңына дейін жеткізуді де үйрендім. Әскердің кемшілігін көрмедім. Қазір бір жыл деген ештеңе емес. Кезінде әкелеріміз бір емес, екі-үш жыл әскери борышын өтеп келген, тіпті ол кезде тәртіп те қатаң болған. Көпшілік әскерге барған адам физикалық, психологиялық зақым алады деп үрейленеді. Дегенмен бұл әр адамның өзіне байланысты. Оның кедергілерге төтеп беруі үйде алған тәрбиесіне және мінезіне байланысты болады. Менде мұндай жағдайлардың бірі де кездескен жоқ, – дейді Мақсат Азатұлы.
«Қарабет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық» дейді Бауыржан Момышұлы. Ата Заңымыздың 34-бабында да «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан да бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер ауадай қажет. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты, тәуелсіздігіміз тұғырлы ел боламыз.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.