Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үсіпбеков барлығына үлгеріп жүр

0 782

Бұқара мен биліктің арасында алтын көпір орнатуды мақсат тұтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Ал мұны іске асырудың бірден-бір тетігі жергілікті әкімдіктердің қолында. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев шаһар тұрғындарымен үнемі кері байланыс орнатуға тырысуда. Десе де, қаладағы жарты миллионға жуық халықтың базынасының барлығына жалғыз әкімінің құлақ түріп, басу айтуы мүмкін емес.

Бұл тұрғыда тұрғындарды толғандырған мәселелерді қала әкіміне тікелей жеткізу шаһар басшысының әр округтегі бас инспекторларына жүктелген. Жергілікті атқарушы органдардың «көзі, құлағы һәм тілі» яки өкілі саналатын осы бір қызмет иелерінің немен айналысатынын біреу білсе, біреу білмес. Осыны оқырманның назарына ұсыну мақсатында «Бас инспектордың бір күні» айдарымен жуырда №1 аумақтық округтің бас инспекторы Сағындық Үсіпбековтің бір күндік жұмысын барлап қайттық.
Аталған округте орналасқан 1 ықшамаудан, 2 тұрғын үй алқабы, 30 көше мен 17 бұрылыста бүгінде 29700 адам тұрмыс кешуде. Сондай-ақ мұнда білім беру ордалары, емхана, медициналық орталықтар және Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі бар. 

Тәулігіне 15 тонна қоқыс шығарылады

№1 аумақтық округтің бас инспекторы Сағындық Жанысбекұлының жұмыс күні әуелі қала тазалығынан басталады екен. Қоғамдық жұмысшыларды жылы шыраймен қарсы алған ол тиісті учаскелерге аттандырып, істеріне табыс тіледі.
– Қазіргі таңда округте 14 қоғамдық жұмысшы еңбек етуде. Осы азаматтар бір күн жұмысқа шықпай қалса, округтің тынысы тарылып қалады. Себебі бұлардың шаһар тазалығына қосып жатқан үлесі орасан. Қалаға ат басын бұрған кез келген турист ең әуелі тазалағына мән береді. Сондықтан облыс орталығын туристік аймаққа айналдыру жолында да қыруар жұмыс атқаруда. Таң азанымен жұмысқа келе сала алдымен осы кісілермен жолығып, істеріне береке тілеп, жұмыс уақыты аяқталған соң рақмет айтып, шексіз алғысымды білдіремін, – деген бас инспектор алдағы уақытта қоғамдық жұмысшылардың еңбекақыларын арттырса деген тілегін жеткізді.
Расында көше бойындағы бір түйір заттың өзін ұқыптылықпен жинап, әр талдың түбін мұқият қарап, жан сала еңбек етіп жүрген жандарды көріп бас инспектордың сөзіне біз де қосылдық. Осы күні қоғамдық жұмысшылардың арқасында 15 тонна қоқыс шығарылғаны округ инспекторының сөзін тағы бір растай түскендей.

Екпе алуға асыққандардың қарасы қалың

Бұдан әрі бас инспектормен бірге №5 қалалық емханаға беттедік. Дүниені дүрліктірген коронавирус пандемиясы алқымнан алып тұрғаны мәлім. Дертті ауыздықтаудың жалғыз жолы – екпе екенін жаһан жұртшылығы тегіс мойындауда. Бұл бағытта №1 округте де тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Емхана табалдырығын аттаған сәттен-ақ, екпе салдыруға кезекте тұрған адамдарды көзіміз шалды. Сағындық Жанысбекұлы солардың бірқатарымен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрады. Оның айтуынша, тиімді жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде екпе алуға асыққандардың қатары күн сайын артып келеді екен.


– Бұған үй ағаларының (старший по дому) тигізген септігі мол. Себебі, біз олармен тығыз байланыс орнатып, мәселенің мән-жайын түсіндіреміз. Содан кейін олар көршілеріне айтады, соның арқасында қазір емханаға ағылған жандар аз емес. Бүгінгі таңда емханада «QazVac», «Спутник», «Vero Cell» сынды вакциналар жеткілікті мөлшерде жеткізілген, – дейді бас инспектор. Осылайша бір күннің ішінде емханада екпенің 1-компоненті бойынша 130 тұрғын екпе қабылдағанын көзбен көрдік. Келешекте бұл көрсеткіш өспесе кемімейді деген үміт басым.

Халық санағынан тұрғындар қалыс қалмауда

Қыркүйек айынан бастап елімізде халық санағының алғашқы кезеңі басталғаны белгілі. Тұрғындардың жауапты науқанға шақырып, есебін алу – бас инспекторлардың тікелей міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар да қарқын алып келеді. Бас инспектордың айтуынша, жұртшылықты халық санағына шақыру үшін күн сайын дыбыс күшейткіш арқылы округ тұрғындарына үндеу жасалады екен.


– 10 жылда бір өтетін маңызды науқаннан ешқайсымыз тыс қалмауымыз керек. Тұрғындар да мұны жете түсінеді. Оның үстіне цифрландыруға бет алған елімізде санақтың онлайн түрде өткізіліп жатқаны да көңіл қуантып отыр. Күнделікті үндеу жасағаннан бөлек арнайы парақшаларды да таратудамыз. Бұл ісіміз нәтижесіз емес. Мен өзім мекемелерге хабарласып, санақтан өткен адамдардың санын күнделікті алып отырамын. Айталық, бүгін округ бойынша онлайн санақ арқылы 3450 адам тіркелді. Бұл өте жақсы көрсеткіш, – дейді бас инспектор.

Бұқараның базынасы не дейді?

Округтің тынысын кеңейту жолында ілгерілеушілік басым болғанымен күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер де жоқ емес. Айталық, №41 пәтер кооперативінің төрайымы Роза Саламатованың сөзіне сүйенсек, округке қарасты Ж.Аппасова көшесінің тас жолын кеңейтіп, жаяу жүргіншілер жолын салу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр екен.
– Мен осы мәселені 2013 жылдан бері көтеріп келемін. Өздеріңіз көргендей көше жолы тым тар болғандықтан, екі көлік қатар жүрсе сыймайды. Құдай сақтасын, бірақ ертең осы жолдың бойында көлік апаты болмасына кім кепіл? Тағы бір айта кетерлігі, осында қаншама бала кешкісін асыр салып ойнайды. Жаяу жүргіншілер жолы болмағандықтан балалар амал жоқ асфальттің үстімен өтуге мәжбүр. Ең алдымен солардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Сондықтан осы екі мәселе оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді тұрғын.
Ал Сексенбай Қапаров А.Чехов көшесін жарық-тандыру керектігін алға тартты.


– Кеш батқан соң осы көшені үңгірдегідей қараңғылық қаптайды. Дамыған заманда өмір сүрсек те көшенің жарықтандыру мәселесі әлі шешімін таппай тұр. Қас қарайғанда көшемен балалар түгілі өзіміз әрең жүреміз. Жаздың күні ештеңе емес, қыс айы келіп, күн қысқарғанда қиын болады. Әсіресе, балалар мектептен үйге оралғанша жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, – деп базынасын жеткізді округ тұрғыны.
Ал бас инспектор аталған мәселелерден қала әкімдігі хабардар екенін және көп ұзамай бұл түйткілдердің түйіні тарқатылатынын айтып сендірді.

№1 округ барлық жағынан бірінші болуы керек

Бас инспектор округ қауіпсіздігін де басты назарға алып отыр. Мұны оның учаскелік полиция қызметкерлерімен өткізген жиыны барысында аңғардық.
– Біз үшін округтегі әрбір тұрғынның қауіпсіздігі аса маңызды. Әсіресе, ұрлық-қарлыққа, құқық бұзушылық пен ұсақ бұзақылықтарға жол бермей, алдын алып отырғанымыз абзал. Сондықтан осы жолда тізе қосып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деген Сағындық Жанысбекұлы науқаны аяқталып, күз келгендіктен көше бойында тізіліп тұрған киіз үй иелерімен, қарбыз сатып отырған саудагерлермен сөйлесіп, олардың жұмысын тоқтату керектігі жөнінде ескертті.
Бізбен қоштасар сәтте Сағындық Үсіпбеков «№1 аумақтық округі тек реттілігі ғана емес, барлық жағынан №1 болуы керек қой», – деп ұранды ұстанымын жеткізді. Біз де солай болуына тілектестік білдірдік.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.