Қалалық қоғамдық-саяси газет

Советұлының сара жолы

0 613

Бақытжан Советұлы Әлімқұлов жайлы сөз қозғағанда ең әуелі ойымызға сатира мен балалар әдебиеті қатар оралады. Сатираның садағын асынып, қалжыннан жебе тартқан ақынның есімі исі қазаққа жақсы таныс. Маңғаз Меркі өңірінде дүние есігін ашып, жайдары Жамбыл ауданында жастық шағы өткен қаламгер күні кеше мерейлі 55 жасқа толды. Ол бұл жасқа қара жаяу келген жоқ, басында құрметтің алтын тәжі, астында абыройдың алтын тағы. Бұл аз десеңіз, қазақ әдебиетінің биігінен жарқырап көрінетін жауһар жырлары тағы бар.
Мерейтой иесінің әкесі Совет Әлімқұлов та әдебиет айдынында еркін жүзген кең тынысты ақын еді. Ауылда жүріп-ақ, тұтас елді мойындатып, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі атанған. Оның мөлдір де тұнық жырлары күні бүгінге дейін әр қазақтың баласының аузында айтылып жүр. Мұзафар Әлімбаев құрастырған «Шынашақ» атты балалар әдебиетінің қаймақтарын топтастырған жинаққа Совет ақынның да енуі оның қаламы қаншалықты қарымды болғанын айғақтай түскендей. Әке бойындағы осы бір тағылым ұлына дарып, келешегіне сәуле шашты.
– Әкемнің де балаларға арналған өлеңдері өте көп. Ол өз туындыларын алдымен бізге оқып беретін. Біз ол кезде баламыз ғой, сондықтан оны сол жүрекпен қабылдап, өз бағамызды беретінбіз. Бір күні әкем маған «моншаға барайық» деп ұсыныс жасады. Ол кезде есейіп қалған кезім, бірден бас тарттым. Кешке балалармен ойнап, үйге келсем әкем: «Саған арнап өлең жаздым, тыңдашы», – дейді. Өлеңнің атауы «Еріншек» екен. Ішінде:
«Жүр Бақытжан, моншаға,
Кір емес үстім соншама.
Жүр Бақытжан, бұлаққа,
Не бар шаршап, жырақта», – деген жолдары бар. Менің моншаға ерініп бармағанымды осылай өлеңмен жеткізіп, сол арқылы мені тәрбиелеген екен ғой. Мен болсам өзімше ашуланып, осы өлеңді жыртып тастаймын десем, ол: «Бұл өлең күллі Қазақстанға тарап кеттті ғой, оның бәрін қалай жыртасың?», – деп күліп еді. Әкем шалғай ауылда күн кешсе де, оны еліміздің түкпір-түкпірінен мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар іздеп келіп, үйде қонақ болып кететін. Солармен әңгіме дүкен құрғанда қасынан тастамай, отырғызып қоятын. Бала болсам да, өлеңдерін тыңдап, тамсанып, «шіркін, мен де осындай болсам ғой» деп армандайтынмын. Мұның бәрі әрине маған, менің шығармашылығыма оң септігін тигізді. Ешкімді қолдан ақын жасай алмайсың, десе де сол кісілерге еліктеп біздің де өз бағытымыз қалыптасты, жолымызды таптық, – дейді қаламгер өткен күндерге көңіл дүрбісін салып. Қазақтың «әке көрген оқ жонар» деген мәтелі осындайда айтылса керек. Иә, бүгінде Бақытжан Советұлы да өз бағытын қалыптастырып, қолтаңбасын қалдырған атпал ақынға айналды. Лирика мен сатирадан бөлек балаларға арналған туындылары да бір атанға жүк боларлықтай. Бұл жөнінде кейіпкеріміздің өзі былай дейді: «Мен өлең жазуды алғаш сатира жанрынан бастағанмын. Студент кезімде осы жанрдағы шығармаларым республикалық «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, «Ара-Шмель» журналында ұдайы жарық көріп тұрды. Ал балалар әдебиетіне бертін келе түбегейлі ден қойдым. Ал оған дейін балаларға арналған мазақтамалар да жазған болатынмын. Кейін осыны жетілдіріп, түрлендіріп, балалар әдебиетінің формасына келтірдім. Бүлдіршіндер туралы жазу, олардың жүрегінің түбіне бойлау оңай емес. Ол үшін бала болып өмір сүріп, бала болып қуанып, бала болып мұңаюың керек. Олардың жанын түсіну үшін өзің де сәби жүректі, бала пейілді болуың қажет. Себебі ересектердің ой-санасымен жазылған дүниені балғындар ешқашан қабылдамайды және оқымайды да», – дейді ақын.
Қаламгердің журналистика майданындағы жорығы да сәтсіз емес. 1993 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамадаған соң республикалық «Санат» баспасы мен сатиралық «Ара-Шмель» журналында еңбек етті. Осы салада жүріп облыстық телеарна төрінен «Ахуал қалай ауыл?», «Ауыл», «Тіршілік» сынды хабарларын көрерменге ұсынды. Қазіргі таңда облыстық «Jambyl» радиосының жетекшісі қызметін атқаруда.
Ел ағасы дейтін жасқа жеткен Бақытжан ақынның сара жолы ешкімге ұқсамайтын басқа жол, дара жол. Ол сонысымен өзгелерге үлгі.

Құрбанәлі Шахабай

 

ЖОЛ ЖЫРЫ

– Бөке, Ассалаумағалейкум.
– Уағликумассалам.
– Қайдан келесіз?
– Құрылыс басқармасынан.
– Не, әлі, жол бітпеді ме?
– Біткен еді…
– Енді?
– Бір жылдай жанымыз кіріп,
Машинамен жүйткіп жүріп.
Мәз болып қалып едік
Жететін жерімізге зуылдап барып едік.
Тақтайдай тегіс жол
Бізге де керегі еді ғой сол.
– Ә, дұрыс болған
– Жоқ, тірлік жоқ оңған.
– Неге?
– Сол…
– Айтсайшы бол.
– Не айтары бар.
Асфальталған көшеміз
Тас талқан етіліп тасталды.
Жылу құбырын жаңалау
Енді ғана басталды.
– Апырмай, ә.
Жол салмай тұрып жаңалауға…
– Ойбай үндеме қаласың дауға.
Қазір сол мәселені көтерем деп,
Келемін таяқ жеп.
– Неге?
– Оған бола бас қатырма дейді.
Үкімет біздің қамымызды жейді.
Ең бастысы жылу,
Жылудың қадірін керек қой білу.
Қахаған қыста-
Мүмкін емес жылусыз өмір сүру.
Қазылған жол қалпына келеді,
Оған қосымша қаржы бөледі.
Ол, ол ма, биыл жылу,
Ендігі жылы суық су-
Құбырлары алмастырылады,
Осылайша жұмыс жалғастырылады,-дейді.
– А, мейлі.
– Иә солай, үндеме дейді.

Ойымыз жоқ бұзық.
Дегенменде «жол жыры»
Бізде шынында да қызық?!
Желге ұшқан қаржыны
Кім берер екен тізіп?!!

 

«Хайп» пен «лайк»

-Жылына бір-ақ рет есеп бересіңдер
Елді алдап келесіңдер.
Жоқ былай болмайды
Көңілім менің толмайды.
Әлеуметтік желіге кіру керек
Халықтың жағдайын білу керек,-
деген Презетденттің сөзінен соң,
Барлық әкім ойланып қалды.
Қонжиып отырған суреттерін
Фейсбугке салды.
Тіпті бәрі
Жеке парақшаларын да ашып алды.
Енді,
Оған жаздыру үшін елді.
Жандайшаптары сабылды
-Неткен сурет.
Керемет.
Біздің әкім-супер.
Ойы да тіпті терең ед.
Өзі қандай.
Көзі қандай
Шашын айтсай шашын,
Қасын айтсай, қасын.
Басын айтсай, басын.
Нағыз сенің досың,-деп
Басшысының қамын жеп,
Елді «Лайк» басуға шақырды.
Бірақ қарапайым халық
Сіресіп қалған суретке
Жіби қоймады.
-Мынауың маңғаз ғой,
Сіресіп қапты
Ақмақты тапты.
Арты креслоға жабысып қалған ба?
Халықпен түс суретке,
Оған сен арланба!
Не істеп, не қойдың жаз.
Өз-суретіңе өзің болмай мәз».
Міне осы сияқты сөздер
Суретіне қадалған көздер
Қарша борады
Уәж әрине орынды.
Құлақ асу керек сөзге толымды.
Әкім Мырза
Білсеші оңың мен солыңды.
Егістік басында,
Шаруалар қасында.
Өнеркәсіп пен кәсіпорын
Қанша аштың
Жұмыс орын.
Өз –өзіңе жасай бермей «Хайп»
Міне осындайыңды айт.
Білсін халық,
Сонан соң өздері-ақ басады «Лайк»

Бақытжан ӘЛІМҚҰЛОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.