Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шындықтың шырағы сөнбейді

0 237

Қазақ қара сөзінің кербұғысы, журналистиканың жампозы атанған Шерағаңның бұл дүниені тәрк етіп, мәңгілік мекеніне аттанғанына да бір жыл уақыт өтіпті. Сынаптай сырғыған уақыт… Шерxан Мұртазаның қазақ әдебиетіне, мәдениетіне сіңірген еңбегі орасан, ойып алар өз орны бар. Шындықтың жебесі атанған нар тұлғаның есімі ел жадынан ешқашан өшпек емес.

Зере ҚУАНЫШ

Тәуелсіздігімізді тұғырландырған тұлғалардың тобында халқымыздың ардақты перзенті Шерхан Мұртазаның алар орны алабөтен. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Ол қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Тұлғаның өмірден озғанына бір жыл толуына орай Алматы қаласында алаштың алдаспанын ту еткен қайраткердің әруағына құран бағышталып, бейітінің басына ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар қаламгердің өзі тұрған үйге де ескерткіш тақта ілінді.
Жамбыл жұртшылығы да бұл күні Шерағаңның аруағына құран бағыштап, ас берді. Іс-шараға жазушының ұл-қызы, ел жақтағы ағайын-туыстары, туған жері Жуалы, Түлкібас, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан делегация, облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала әкімі Қайрат Досаев және белді ақын-жазушылар, жергілікті БАҚ-тың басшылары арнайы келіп, тәуелсіздіктің елең-алаңында басын бәйгеге тігіп, халқының жанына жалау болған қазақ журналистикасының сардарын еске алып, арыстандай айбатын, наркескендей намысы мен қайратын танытатын оқиғалардың, әсерлі естеліктердің тиегін ағытты. Ал «Jambyl» телеарнасы Шерағаң туралы естелікті көпшілікке ұсынды. Жиында сөз алған бірқатар зиялы қауым өкілдері халық жазушысы туралы естеліктер айтты.
– Халқының қамын жеген Шерағаң өмір бойы алаш абыройы үшін қызмет етті. Өзекті мәселелерді өткір айтып, қазақ сөзінің айбарына айналды. Қазақ әдебиетінің, журналистикасының ғана емес, идеологиясының да қалыптасуына зор ықпал етті. Айтар ойын бүгіп қалмай, ақиқаттың айбалтасын асқақ рухпен ұстаған Шерағаң құрметті қаламгер де. Шерхан Мұртаза көркем шығармаларымен ғана емес, шыншыл, бірбеткей, турашыл мінезімен қазақ халқының жадында сақталмақ. Бірегей тұлға саналы ғұмырында қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстады. Суреткердің қарымды қаламынан қазақ әдебиетінің асыл қазынасына қосылған ойы құнарлы, сөзі шұрайлы еңбектер қалды, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, үзеңгілес інісі Жандар Кәрібайұлы.
Сонымен қатар көпшілік ішінде Шерхан Мұртаза жайлы қаламгерлер Несіпбек Дәутайұлы, Мақұлбек Рысдәулет, шәкірттері Көсемәлі Сәттібайұлы мен Бекет Момынқұл өз естеліктерін ортаға салса, Шырын Мамасерікова арнау оқыды. Сонымен қатар өңір басшысы Асқар Исабекұлы алдағы уақытта Руханият және тарихтану орталығына Шерхан Мұртазаның атын беру жоспарда екендігін айтты.
Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткерінің жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталмақ. Шераға салып кеткен жол xалық барда, ел барда, ұлты барда ешқашан ұмытылмайды. Кімдерден қалмаған жалған бұл?! Бір кем дүние…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.