Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шерхан салған жол – осы!

0 385

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап Шерхан есімі қазақ ортасында жиі айтыла бастады. Өмірдің талай тауқыметін көріп, оған мұқалмай, қайта уақыт өткен сайын шарболаттай шыңдалған Шерхан Мұртаза сол кездегі алып империяның астанасы Мәскеуде білім алды. Алматыға келгеннен соң көп ұзамай-ақ қазақ халқының рухани байлығын молайтуда, намысы мен мүддесін қорғауда өзінің көзқарасымен, саналы ой-пікірімен, қалам қарымымен танылды.

Өмірлік қаруына айналған қаламының қуаты да, күші де, құнары да мықты екенін жас жігіт білді. Мәскеуде білім алып жүрген кезінде, ең алдымен, жоқшылықтан құтылу үшін алғаш рет әдебиеттің аса қиын да жауапты аударма айдынында жүзе бастады. Бұл таңдаудың астарында өзгеден жазу тәсілін үйрену тұрғанын ол әрқашан айтатын. Аударма жасай жүріп, сөз құдіретінің байыбына барып, оны қолдана білу жолдарын таңдады. Өмірінің барлық белестерінде сол күш-қуатты мақсатты әрі дәл нысанаға бағыттап жұмсауды өмірлік ұстанымына айналдырды. Халыққа қандай жазбалар ұнайтындығын ол білім ордасының қабырғасында жүргенде-ақ түсінген. Мүмкін одан бұрынырақ Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі ауыр кезеңдерде биліктің әділетсіздігіне наразы болған анасының зарынан бойына шер мен мұң болып қатып қалған әлеуметтік әділетсіздікті жою басты міндет екенін сол кезде-ақ түсінген болар. Жоқшылық, әділетсіздік, озбырлық пен қатыгездік оны есейтті, еріксіз ойландырды, толғандырды.
Қазақ журналистикасында өзінің сара да дара жолы бар Шерхан Мұртаза, ең алдымен, өмірлік ұстанымынан таймаған, жан-жағына талантты жастарды топтастыра білген редактор. Ол халқымыздың рухани байлықтарының қайнар көздеріне айналған Оралхан Бөкеевті, Фариза Оңғарсынованы, Мұхтар Шахановты, Сағат Әшімбаевты, Қалдарбек Найманбаевты, Ақселеу Сейдімбековті, тағы да басқа көптеген болашақ тұлғалардың шығармашылығын бір арнаға тоғыстырып, олардың ұлт үшін еңбек етуіне ықпал жасай білген Шерхан Мұртаза екенін айтпасқа болмайды.
Редактор ретінде оның ең жақсы қасиеттерінің бірі – өзгенің жақсылығын көре білуі, содан үйренуді артық санамауы. Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтың басына тағы да қара бұлт үйіріліп, ел мүддесі үшін еңбек етіп, сөзін сөйлей бастаған тұлғаларды тұқырту, құрту белең алғаны белгілі. Жазықсыз жаланың қамытын кигендердің бірі жерлесіміз Асанбай Асқаров болды. Жазықсыз жапа шегіп, абақтыға жабылды. Мәскеу билігі қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың артына да шам алып түсті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін олардың қатары жүздеген жастармен толықты. Қан жұтып, қарауытқан қазақ демін ішіне тартып, тығыла түскендей болды. Осы кезде Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде Асанбай Асқаровты қорғау жөнінде мақала жарық көрді. Мақаланың авторы, белгілі ақын, марқұм Жақсылық Сәтібеков ағамыздың естелігінде мақаланың жазылу туралы, оның жазылуына кім ықпал жасағаны анық жазылған. Мен оны қайталап жатпаймын. Қысқасы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза осы мақаланы республикалық басылымға ықшамдап, көшіріп басуды ар санамады, қаймықпады. Одан кейін барша Қазақстандағы облыстық газеттер «Егеменге» шыққан Асанбай Асқаровты қорғау туралы мақаланы көшіріп басты. Сол кезде бұл әрекеттің оқырмандар арасында қандай қозғалыстар әкелгенін айтып жеткізу бүгінгі күні қиындау. Мен соның куәсі ретінде айтайын, сол мақаланы көшіріп басқаннан кейін (ол кезде мен Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде еңбек ететінмін) Жезқазғанның бірнеше атақты кеншілері мен металлургтері редакцияға келіп, мақаланы екінші рет облыстық газетте басуды сұрағаны есімде. Мұны айтып отырғаным, бас редактор Шерхан Мұртазаның өзгеден үйренуді ешқашан төмендік санамайтындығын, қайта қажетсінетіндігін еске салу.
Шерхан Мұртаза – редакторлардың сапа эталоны. Әркімнің қарымына, ойлау, жазу қабілетіне қарай нақты тапсырма берді. Берген тапсырмасының орындалуын бақылап, бағыт-бағдарын түзеп отыруды да ұмытпады. Ол жазуды ғана талап етпей, өзі жаза білудің озық үлгісін көрсетті. Бәрін айтпай, қаламгер досы Камал Смайылов екеуінің арасында жазысқан хаттарын айтсақ та жеткілікті. Сол мақалаларда көтерілген мәселелер бүгін де өміршең. «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген мақалалар топтамасы – соның жарқын үлгісі. Екеуара сол хаттарда Шерхан Мұртаза ойын ашық айтудың алмас қылышы екенін, бүгежектемей, қорықпай, айтатын сөзді сол жерде айтып, көтеретін мәселені тереңдете жазуды салтына айналдырды.
Шерхан Мұртазаның 1989 жылы жазған «Нұх пайғамбардың кемесі» деген мақаласын оқысаңыз, санаңызға сан ой келеді. Мақалада Құдіреттің тіршілікті жаратқаннан кейін адам баласы өсіп-өніп, әрекеттеніп, тірлік етіп, түрлі өнерді үйреніпті. Келе-келе туған анасы – Жердің жағасын жыртып, көйлегін айырып, әбден абыройсыз халге жеткізіпті. Сол кезде Құдірет – Көк Тәңірі қатты ашуланып, адамдардың ішінде бұзылмаған бір ғана пенде – Нұх деген кісіні шақырып алып: «Мына іріп-шіріп бұзылған адамзатты мен топан су қаптатып, біржола жоямын. Сен таза, жаңа дүние, жаңа адам жасайсың! Сол жаңа пайда болған адам тіршілікті тірілтеді. Басқаның өмір сүруге хақысы жоқ», – деп топан суды қаптатып жіберіпті.
Алып империя құламағанымен, әлсіреген кезі. Соған қарамастан коммунистік партияның кімді де болса жоқ қылып жіберуге шамасы бар болатын. Әлі халқымыз бойын тіктеп, тәуелсіздік үшін қасиетті жолға шыға қоймаған кез екенін еске алатын болсақ, сол мақалада Шерхан Мұртазаның айтқан ойлары батылдықтың, өжеттіктің, халықшылдықтың, қайсарлықтың алтын шырағындай көрінеді. Қорықпаған, қаймықпаған! Бұл мақалада дін де, діл де, тіл де айтылады. Халқымыздың тарихы да бар. Елде болған өзгерістердің тигізген залалдарын тілге тиек етуді де ұмытпаған. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында қазақ Жер-Ананың асылдарын алумен бірге көптеген рухани байлықтарынан, кісілік қасиеттерін айырылып қалғанын да жазды. Еліміздің солтүстік өңірлерінде келімсектердің көп келуі салдарынан жергілікті ұлт азшылыққа тап болып, мектептердің жабыла бастағаны жанға бататындығын қадап айта білді. Былай дейді: «Мектеп жабылған соң тіл кетті. Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге де келмейді. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен туған анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды». Бұған алып-қосарыңыз бар ма? Бәрі дұрыс! Шерағаң осы мақалада ұлттық нигилизм туралы да сөз қозғайды. Бұл тұмсық көтерген шовинизмнен де қауіпті дейді.
Мен Шерағаның бүкіл асыл сөздерін термелеп айтудан аулақпын. Менің айтпағым, ол кісі бас редактор болып тұрғанда да, депутат мандатына ие болған кезде де, ауылын саялағанда да «Егемен Қазақстанға» қысқа әрі нұсқа, ел санасын оятар, халқымыздың мүддесін жоғары қойған, айтқан аталы сөздерін жазып жатты. Қолынан қаламы түскенше: «Құдірет күш бар болса, адамдарды астамдығы үшін, тасыраңдығы үшін, табиғатты қорлағаны, зорлағаны үшін, сөйтіп өздері де имансыз халге жеткені үшін, адамдарды баяғыдай бір жазалайтын кезі де келген сияқты. Енді топан суы қаптаса, Адамнан ұрпақ алып қалатын Нұх пайғамбардың кемесі табыла қояр ма екен?!», – деп көпшілікке ой тастайды.
Нұх пайғамбардың кемесінде айтылған ойларды үнемі басшылыққа алған еркін сөздің кемесін басқарған Шерхан Мұртаза тек қана журналистер шоғырын ғана емес, бас редакторларды, жүрегі халқым деп соғатын жазушылардың қалыптасуына ықпал жасағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Шерхан Мұртазаның журналистік және редакторлық қарымының тағылымы бүгінгі қалам ұстаған журналистерге нәр болуы керек. Бүкіл өмірі тағылымнан тұратын оның журналистік, редакторлық қасиеттері, әдіс-тәсілдері – том-том болатын монографиялардың арқауы.
Журналистің еңбегі туралы айтқанда, Шерхан Мұртаза жиі еске алатын «Түйенің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзінің мағынасы, өкінішке орай, жылдан-жылға жаңа сипатқа ие болып бара жатқандай. Қазір журналист қаруы билік пен қалталының мақсатқа жету жолындағы тетіктердің біріне айналып бара жатқандай. Халыққа және тәуелсіздігімізді баянды етуде бүгінгі күні Шерхан Мұртаза ұстанған қағидаттарды басшылыққа алатын редакторлар мен журналистердің көп болғаны қажет. Қарамағындағы қызметкерлерін қызғыштай қорғап, адал, түзу жолға салатын Шерхан Мұртазадай редактор болса, көкейінде жүрген көп түйінді тарқатып, кемел ойдың, ұлтжандылықтың, кісіліктің алтын арқауын есетін журналистер көп болатынына мен сенемін. Әйтпесе, бізде пікір айту, ой білдірудің өзін артық санайтын ақ жағалылардың легі өсіп келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Басшының алдында орынды, орынсыз бас шұлғу көбейді. Басшыға сын айтсаң – біткенің. Осындай ұстанымды орнықтыратындар – қоғамдық қатынастың дамуын, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын ойламай, қара басын күйттегендер. Олар ауызды жабу әдісін қолдану арқылы тәуелсіз елімізді ұшпаққа шығара алмайды. Баспасөз әрқашан миллиондардың, халықтың мінбері болуы қажет. Шерхан Мұртаза салған жол – осы! Елбасы рухыңды жаңғырт, жаңарт деп жатыр. Сол жаңғыру мен жаңаруды өзімізден бастайық. Шераға салған жол арқауы, тағылымы осы болса керек. Біздің бүгінгі кейбір тірліктеріміздің нәтижесі Шераға айтқандай «бір кем дүниеге» айналмауы тиіс.
Ақ сөзім. Шерағаны жиі еске аламын. Қайта-қайта жазғандарын оқимын. Асыл азамат дүниеден өткенде, жүрегім қан жылады.
Шерхан Мұртазаның болмысы, оның шығармашылығы мен азаматтығы туралы айтқанда, жүректі жабырқатар мұң да, жалынды сөз де емес, тағылымды сөз айтса жарасатынын әркім жақсы біледі. Себебі Шерхан аға – рухтың қайнар бұлағы! Көкемнің рухы ұлтжанды, адал, ақиқаттың туын көтерген ұрпақ өсіру үшін бүгін және болашаққа аса қажет.

Мақұлбек Рысдәулет,
жазушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.