Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шежірелі шаһар – тарих көмбесі

0 919

Әуесбайдың ҚАНАТЫ,

«Атырау» телеарнасының директоры

Түрлі дәуірді басынан өткерсе де, құндылығы топырақ астында қалмай, тарих қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен 2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһары қазіргі таңда тотыдай таранып, жаңа заманға сай түрленіп, өсіп-өркендеп келеді.

Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден жеткен, ұзын саны мыңнан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. Күні бүгінге дейін өңін жоғалтпай сақталып келе жатқан Айша бибі, Қарахан, Бабаджа қатын, Тектұрмас сынды тарихи жәдігерлермен әлемді сүйсінткен көне Тараз қаласының қойнауы толы қазына, топырағы тұнған тарих.

Асан қайғы бабамыз «Таяқ тастасаң, тал болып көктейтін» деген осы мекенді қазақ мәдениетінің алтын бесігі десек артық айтпағанымыз болар. Өйткені ежелгі Тараз Ұлы Жібек жолын жалғап жататын сауда-саттық пен халықтар арасындағы дипломатиялық мәдениетаралық қарым-қатынастың күретамыры іспеттес. Бұл байланыстың маңызы – материалдық ауыс-түйіспен ғана шектеліп қоймай, халықтың рухани кемелденуіне де өз септігін тигізгендей.

Көне шаһар жайлы Шығыстың ұлы жұлдызы Фирдауси «Сергiтер жүрек жарасын, Мөп-мөлдiр көздер қарасын, Тараздан ғана табарсың» деп оның табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне, тарихы мен салт-дәстүріне сүйсінген екен. Қай-қай дәуірде де өзінің аса ірі мәдени-рухани және саяси орталықтардың бірі санатындағы биігінен төмендеп көрмеген шаһарлардың бірі – Тараз қаласы көне тарихымыздың көмбесі болып қала бермек.

Осы орайда барлық жерлестерімді Тараз қаласының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көне шаһардың дәулеті күн санап арта берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.