Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шеткі аумақтар да залалсыздандырылады

0 313

«Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің бригадасы дезинфекция жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Елде жұқпалы індетпен күресудің тиімді әдісі санитарлық нормаларды қатаң сақтау екені белгілі. Бұдан бөлек, вирус тараған тұста дезинфекция жұмыстарының да оң нәтиже беретінін білдік. Коронавирус инфекциясы бақылаудан шығып, аймақтарға блокпосттар қойылғанда, дезинфекцияға «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігімен қатар, өңірлік әскери қолбасшылықтың сарбаздары да тартылған. Нәтижесінде қалада халық көп шоғырланатын орындар, соның ішінде базар мен аялдамалар ұдайы залалсыздандырылды. Ал дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарының арасында вирус жұқтырғандардың көбейіп жатқанын ескерсек, дезинфекциялаудың маңызды екенін білуге болады. Қалада «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі 15 сәуірден бастап дезинфекция жүргізуде. Оған бес адам, бір арнайы көлік техникасы бөлінген. Мамандар күнделікті 50-60 аялдаманы, ал аптасына екі рет саябақтар мен скверлерді залалсыздандыруда. Дезинфекциялық сұйықтықтың құрамына 65 пайыз гипохлорит қосылады. Топ мүшелері жұмысқа 9:30-да кірісіп, төрт сағатта қаланың біраз аумағынан жүріп өтеді.

– Қалада дезинфекция жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр десек болады. Жұмысқа тартылған азаматтарға барлық жағдай жасалған. Арнайы тынығу орны мен түскі ас қарастырылған. Айлық жалақылары – 100 мың теңге. Күнделікті төрт сағат жұмыс істейді. Қорғаныш киімдері де барлық талаптарға сай. Оны жұмысшылар күнделікті ауыстырып отырады. Қаланы залалсыздандыруға бес адам аз, әрине. Бірақ індеттің таралуы бақылаудан шықса, қосымша тағы төрт бригада шығып, екі ауысыммен жұмыс істейміз, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің бас инженері Талғат Торғаев.
Залалсыздандыру жұмыстары тек орталық алаңдарда ғана емес, шеткі аудандарда да жүргізіледі. Онда ең әуелі шағын базарлар мен аялдамаларды дезинфекциялауға басымдық берілген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.