12 мамыр – Мейірбикелер күніне орай «Қазақстан бойынша Жамбыл облысындағы мейірбике ісінің инновациялары мен даму перспективалары» тақырыбында халықаралық форум өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бұл шараны Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы, Жамбыл жоғары медициналық колледжі және «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты мейірбикелер жұмысының маңыздылығы мен әлеуетін нығайтып, бұл қызметтің жаңа моделін енгізіп, мейірбике мамандарын даярлау жүйесін дамытумен қатар, халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасу болды.

Форумға Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық орталығы кеңсесінің, JAMK қолданбалы ғылымдар университетінің (Финляндия), Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Ресей медбикелер қауымдастығы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы, Жамбыл облысының медициналық ұйымдары мен озық тәжірибелер орталығымен қатар, медициналық колледждің қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шара Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің құттықтау сөзімен ашылды.

– Қазір пандемия кезінде мейірбикелердің рөлі, олардың адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтаудағы үлесі өте зор. Сіздер өз жұмыстарыңызда әрқашан гуманизм, жанашырлық және мейірімділік сезімі сияқты қасиеттерді басшылыққа аласыздар. Сіздерге облысымыздың барлық тұрғындары атынан ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Мен сондай-ақ бүгінгі форумға қатысып отырған шет мемлекеттердегі әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Заманауи технологиялардың арқасында біз іс-шараны онлайн форматта өткізуге мүмкіндік алдық, – деді Әсет Қалиев.

Одан кейін ДДҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы Мелитта Якаб, Ресей медбикелер қауымдастығының президенті Валентина Саркисова және PhD докторы, JAMK қолданбалы ғылымдар университетінің аға кеңесшісі сөз алды. Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекші маманы Гүлназ Ажымамбетова «Қырғыз Республикасындағы мейірбикелердің жаңа рөлі мен әлеуеті» атты бейнепрезентация жасады. Одан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығының медициналық білімді дамыту бөлімінің бастығы Зәуре Байғожина республиканың мейірбикелік бизнесіндегі ведомс-тволар мен қызметтердің өзара әрекеттесу жүйесі туралы айтты.

– Мен Қазақстандағы соңғы жылдары мейірбике ісі мен мейірбикелік білім беруді дамыту бойынша бірқатар бақылаулармен бөліскім келеді. Осы уақыт ішінде дәл осы бағытта үлкен қадам жасалды, – деді Мелитта Якаб.

Сондай-ақ ДДҰ Еуропалық БМСК орталығы басшысының айтуынша, ол «Мейірбикелік білім беру жүйесін модернизациялау» жобасы аясында Финляндиядан келген 30 сарапшыдан тұратын топты басқарыпты.

Бірлескен жұмыс жылдары ішінде білім беру саласындағы көрсеткіштер едәуір жақсарған көрінеді. Республиканың 37 медициналық колледжі жоғары медициналық колледж болып қайта құрылып, кеңейтілген құзыреттілікке ие еңбек нарығына қолданбалы бакалаврлар мен мейірбикелерді дайындай алады екен. Сонымен қатар жиын барысында Ұлттық мейірбикелік және акушерлік ассоциациялардың Еуропалық форумының президенті, Ресей медбикелер қауымдастығының Бүкілресейлік қоғамдық ұйымының президенті Валентина Саркисова құттықтау сөз алып:

– Ресей медбикелер қауымдастығы атынан сіздерді Халықаралық мейірбике күнімен және Халықаралық акушерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Құрметті әріптестер, сіздерге пандемияның ең қиын айларында көрсеткен кәсіби шеберліктеріңіз бен ерліктеріңіз үшін рақмет. Медбикенің әр күні – ерлік күні, – деп ақжарма тілегін ақтарды.

Өз кезегінде Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жамиля Сарыбекова «Мейірбике ісі мамандарын даярлау жүйесін дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Ал Жамбыл облысында мейірбикелік қызметтің жаңа моделін енгізу мәселелерін Жамбыл облысы бойынша мейірбике ісі жөніндегі үйлестіруші Ляила Бокушева атап өтті. Кәсіби датаның құрметіне мамандандырылған форум Жамбыл облысының үздік медбикелерін марапаттау рәсімімен аяқталды. Қалалық және ауылдық медициналық мекемелерден 30-ға жуық орта буынды медицина қызметкерлері түрлі марапат алды.
– Менің еңбек жолым Луговой аудандық ауруханасында басталды. Содан кейін Таразға көшіп келіп, кәсіби қызметімді жалғастыруға бел будым. Қарапайым медбикеден бас медбике дәрежесіне дейін көтерілдім. Мен облыстық ауруханада, медициналық колледжде жұмыс істедім, қазір қалалық емханада жұмыс жасаймын. Білесіз бе, егер сіз өз мамандығыңызды жақсы көретін болсаңыз, медицинаға баруыңыз керек. Біз адамдармен жұмыс жасаймыз, науқастарды сауықтыру барысында маңызды рөл атқарамыз. Айналамыздағылар үшін тіпті біздің көңіл-күйіміз де үлкен рөл атқарады. Мен соңғы жылдары денсаулық сақтау саласы жетіліп, көп өзгеріске түскеніне қуаныштымын. Жыл сайын менің әріптестерімнің жұмысын жеңілдету үшін барлық жағдай жасалып-ақ жатыр. Жалақы өсуде, еңбек жағдайлары жақсаруда. Мен барлық медбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді, – деді өз сөзінде Ляила Бокушева.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған