Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шешендік өнердің қалыптасып дамуы және бүгінгі көрінісі

0 10  399

Шешендік сөз немесе шешендік өнер – ежелгі Грекия мен Рим заманынан бері қарай көптеген халықтардың мәдени, рухани өмір тіршілігіндегі өнердің бір түрі. Грек шешендiк өнерiнiң игi әсерi арқасында көне Римде де бұл өнер дами бастады. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi III ғасыр Рим мен Грек елдерiнде эллиндiк дәуiр деп аталып, әдеби-мәдени құндылықтардың алмасуымен сипатталады. Бұл сипат шешендiк өнерге де тiкелей қатысты. Байырғы салалары: бейнелі сөз, шешендік сын, шешендік өсиет, шешендік нақыл, шешендік дау, шешендік толғау. Әрқайсысының әсерлі өңі, сұлулығы, татымдылығы, дуалылығы, зерделігі адамның ой-жүйесіне, жан-дүниесіне, сезіміне мықты қозғау салады, жүректі тебірентеді.

Антикалық грек-рим мәдениетінен белгілі “Риторика” ілімі шешендік өнердің табиғатын, болмыс-бітімін, сыры мен сымбатын зерттейді. Сонымен, риторика, шешендік өнер әлем тарихындағы көне ғылымдардың бірінен саналады. Мыңдаған жылдар өмір сүріп келеді. Шешендік өнер ғылым ретінде қоғам дамуының әртүрлі кезендерінде бірде маңызы артып, еңді бірде мәні төмендегенімен, өзінің дамуын үзбей өрістетіп келеді.

Бүгінгі таңда шешендік өнерге деген қызығушылық артып отыр. Бұл занды да. Өйткені, кез-келген қоғамдық жүйені либерализациялау адам құқы мен еркіне деген көзқарасты жандандырады. Ал, мұның өзі сөз бостандығын туындатады. Сөз құдіретіне ие болу құштарлығы әрқашанда болады, бірақ, оның мәні өте-мөте өтпелі кезеңдерде, демократияның саналы дәуірлеу тұсында артады. Мұның тарих тағылымындағы айғағын шешендік өнердің гүлдену дәуірлерінің көне грек және рим елдерінің шарықгау дәуірімен, қайта өрлеу кезеңімен (эпоха ренессанса), Франциядағы XVIII ғасыр, Ресейдегі XX ғасыр революцияларымен, қазақ топырағындағы XV ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі егеменді мемлекет, ел болу кезендерімен сайма-сай келуінен көреміз.

Шешендік сөздердің жанрлық табиғатын айқын танып білу үшін антикалық шешендік өнер ғылымын білу қажеттілігі туындайды. Өйткені, онда шешендік өнердің негізгі заңдылықтары мен ережелерінің канондық негіздері жатыр. Ал, кейінгі теориялық еңбектер гректер мен римдіктердің теориялық ілімдерін жетілдірумен, нақтылаумен болды.

Шешендік өнердің зерттеліп ғылыми жүйеленуі ерте замандардан басталған. Мәселен, көне грек, рим дәуірінде бұл өнердің жеке пән ретінде оқытылып, теориялық тұрғыдан зерттеле бастағанын көреміз.

Антикалық шешендік өнер қақындығы алғашқы толыққанды мәліметті бізге Перикл дәуірі (б.з.д. V ғ.) береді. Перикл даңққа мемлекет және саясат қайраткері бола жүріп адамдарды сұлу сөзбен ораған шешен ретінде бөленді.

Бұл кезеңдерде шешендік сөздердің теориясы мен шешендік өнер ілімі пайда болды. Оның негізін Коракс, Лисий және Горгий салды. Коракс шешендік өнерге “Шешендік дегеніміз – нандырудың қызметшісі”,  – деп анықгама берді.

Көне Грециядағы софистер (б.з.д. V ғ.) шешендік өнердің нағыз шеберлері болды. Олар әртүрлі көзқарасты тұтынушылардың арасында сөз сайыстарын өткізіп, сөз кұдіретін танытатын тапқырлық сайыстарында сынасты. Софистер өздерінің теориялық және практикалық сабақтарының мақсаты жастарды қоғамдық шынайы өмірге дайындау деп түйді. Сондай-ақ, олар шешендерді (кәсіби шешендерді) дайындады. Софист Горгий алғашқы шешендік өнер туралы оқулықты да жазды.

Софистік ағымның көрнекті өкілдерінің бірі – Сократ. Сократ ғылыми трактат жазып қалдырмаған. Оның философиялық ой-тұжырымдары Аристотель мен Платон еңбектерінде көрініс тапқан. Сократ даналық сөздерін көшеде, алаңда жиын-топқа сөйлеп, айтып отырған. Сократтың тәсілі — асқан шеберлікпен табылған сұрақ-жауап арқылы қисынды әңгіме-дүкен құру, сөйтіп күрделі, ғибратты ойлар өрбіту.

Софистердің риторика ғылымына сіңірген еңбегін әдебиетші ғалым С.Негимов былайша бағалайды: “Олар риториканы – шешендік, эвристиканы – тартыс өнері, диалектиканы – дәлелдеу өнері дәрежесіне жеткізді”, – дейді.

Шешендік өнер теориясына айтулы үлес қосқан грек философтары: Платон мен Аристотель болды.

Платон шешендік өнердің пәні мен мәнін: “Шешендік – нандырудың шебері, оның маңызы мен мақсаты осында” – дейді.

Шешендік өнер теориясының бүтін бір дәуірін тудырған атакты грек ойшылы, алыптардың алыбы, жаратылыс, логика, этика, психология, педагогика, тарих, саясат, эстетика ғылымдарының түп-тамырын қозғап зерттеген Аристотель творчествосы.

Шешендік өнер табиғатын жасай отырып, Аристотель риторика пәнінің ауқымын өзіне дейінгі бұл мәселеге қатысты көзқарастармен салыстырғанда кеңейте түсті. Аристотельдің айтуынша, риторика жекелеген пәннің арнасында қалып қалмауы керек. Ол нандырудың құралы мен жолдарын шартты түрде барлық пәндерден таба алады. Осы қасиетімен ол дәрігерлік, арифметика, геометрия т.б. арнайы ғылымдардан ерекшеленеді.

Шешендік өнердің жалпылық мәнін, мақсатын тиянақгаған соң, Аристотель шешеннің мақсатқа жету жолында нені меңгеру керек екендігін үйретеді. Шешеннің сөйлеу барысындағы нандырудың амалдарын қарастыра отырып, Аристотель өзінің “Риторика” еңбегін үш бөлімнен түзеді. Бірінші бөлімде шешеннің тыңдаушыларын тыңдауға мәжбүр ететін принциптері сараланады. Екінші бөлімде тындаушының сеніміне кіріп, мақсатқа жету үшін қажетті шешеннің жеке бас қасиеттері мен ерекшеліктері сипатталады  [1, 256].

Үшінші бөлімде Аристотель шешендік өнердің техникалық жақтарын: сөйлеу процесінде пайдаланатын ойды жарыққа шығарудың амалдарын, сөйлеу мәтіндерінің құрылысын қарастырады. Ол сөйлеудің алғы сөз, әңгіме, дәлелдеме, қорытынды секілді төрт түрлі бөлшегін бөліп көрсетіп, әрқайсысының нандыруға, сендіруге қажетті маңызын жан-жақты негіздейді.

Көне Грецияның маңдай алды шешендерінің бірі – Демосфен (б.з.д. 384-322 жж.) құл иеленушілік дәуірдің өкілі, демократиялық құрылымның қорғаны болған адам. Оның Македонияның үстемдік әрекеттеріне қарсы дербестік үшін болған Афина күресінің тұсындағы саясат шешен сөздері, әсіресе, антимакедониялық партияны басқарған кездегі және оның Македония патшасы Филипке қарсы айтқан сындарлы сөздері тарихта қалып, тағылымдық сөздердің қатарына енді.

Шешендік өнер Демосфен өмірінің мәні болды, ол оны аталмыш өнердің ұстазы етіп шығарды. Ол қажырлылық пен үлкен еңбектің арқасында “өзін-өзі қайта туындатты”, әлем шешендерінің эквивалентіне айналды. Демосфен сөйлеу мен оның техникасын шегіне жеткізді. Ол өзінің болмысы арқылы Цицеронның “Ақын болып жаралу керек, шешендер жүре келе қалыптасады” деген аталы сөзін дәлелдеп шықты. Ал, бұл принциптің қазақ топырағындағы көрінісін бабаларымыз “көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады” деп ұлағатты оймен өрнектеген.

Демосфен өз өнернамасында сұрақ-жауап әдісін кеңінен пайдаланған. Осылайша, сөздің драмалық қасиетін күшейтті. Ол нақтылы дерек көздерімен сөйлеген, ойды түсінікті, еркін баяндаған. Сөйлеудің техникасын еркін меңгерген ол тыңдаушы алдында мың сан қозғалысқа түскен. Демосфен сөздері сөйлеу мәнерімен туған. Қарапайым және көтеріңкі пафоспен (екі стильде) келеді. Ол осы екі стильді де еркін игерген. Демосфеннен 170 қолжазба біздің дәуірімізге келіп жетті.

Грек шешендік өнерінің игі әсері арқасында көне Римде де бұл өнер дами бастады. Біздің дәуірімізге дейінгі III ғасыр Рим мен Грек елдерінде эллиндік дәуір деп аталып, әдеби-мәдени құндылықтардың алмасуымен сипатталады. Бұл сипат шешендік өнерге де тікелей қатысты. Шешендік өнер көне Римде үлкен күшке ие болды. Цицеронның мәлімдеуінше, Римде сөз құдіретіне ие болған адамға тәңіріндей табынған. Олар “адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі — қолбасылық, екіншісі — шешендік” деп білген. Рим мемлекеттік істерді халық жиындарында, сенатта, сотта ерікті әрбір азаматтың сөйлеу мүмкіндігіне ие болатындай жағдайда қараған. Сондыктан Римде әрбір азаматына шешен сөйлеудің қыр-сырына қанығып өсу мемлекет істеріне араласу талабынан туындаған. Республикалық Рим үшін қоғамдық қарқынды өмір, сөз бостандығы шешендік өнердің кеңінен өрістеуіне жол ашты. Басқаша айтқанда “демократия — шешендік өнердің анасы”.

Цицеронның шешендік өнер іліміне арналған еңбектерінде шешен үшін сөйлеу композициясы, стилі, айшықты тіл оралымдары, сөйлеудің дыбыстық жағы, әртістік қасиет сияқты тәлім алатын көптеген жақтар қамтылған.

Шешендік өнер теориясының дамуына орыс ғалымдары да зор үлес қосты. XVII ғасырдың өзінде шешендік өнер туралы бірнеше еңбектер белгілі болды. Осылардың ішінде М.Усачевтің “Риторика” кітабын атап көрсетуге болады. Бірақ осы және басқа да еңбектерде діни, яғни шіркеулік шешендіктің әсері әлі де күшті еді. Бұл Ресейдің мемлекеттік құрылымдық жағынан демократияның парламенттік өмір сүру арнасынан қол үзгендігімен түсіндіріледі. Бұл түр батыс Еуропа елдеріне тән еді. Шындығында университет қабырғаларында ғана жанды сөздің еркін дамып, жетілуіне жағдай туды.

Бұған шешуші қадамды Мәскеу университеті мен ғылым академиясының негізін қалаушы М.В.Ломоносов жасады. Ол қазіргі орыс әдеби тілінің негізін қалап, орыс тілінің қиын реформасын жасады. Ломоносов “Шешендікке қысқаша басшылық” кітабын жазып, орыс шешендік өнерінің бастауын ашты. Өзектілігін күні бүгінге дейін жоймаған бұл кітапта орыс шешендік өнерінің ары қарай даму бағдарламасы жасалынды.

М.В.Ломоносов шешендік үшін ең алдымен, рухани дарындар мен дене дарындары  керек деп көрсетеді. Алайда шешен үшін тек табиғи сапалар жеткіліксіз. Шешендік теориясының негізгі талаптарының бірі – халықтық сөздің элементтері мен құрылымы туралы білім. Ломоносов “Риторика” атты кітабында сөйлеуді төрт бөлікке бөлуді ұсынады: кіріспе, түсіндіру, бекіту, қорытынды. Әрбір бөлікке қатысты тапсырмалар, ұсыныстар берілген.

Пратогор, Демосфен, Цицерон, Квинтиллиан т.б. өз заманының мемлекет қайраткерлері, ел аузына қараған ойшылдары болған. «Риторика» ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған. М.В.Ломоносовтың 1748 жылы басылып шыққан «Шешендікке қысқаша басшылық» атты еңбегі бұл өнердің Ресейде дамып, қалыптасуына түрткі болды.

Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.

Ұлттық өнеріміздің тарихында Майқы би Мәнұлынан (Айса пайғамбардың тұстасы) бастап, Майқы би Төбейұлы (1105-1225 жылдар шамасы), Аяз би Жаманұлы (11-12 ғ.), Мөңке би (1207-1250), Едіге би (1354-1419), Бәйдібек би (1356-1419 жылдар шамасы), Әз Жәнібек (1406-1473), Жиренше шешен, Шоған би (1584-1642), Әсет би (1676-1723), Қадір-Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Антайлақ, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Бала би, Ноғайбай, Саққұлақ, Бапан, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Зіл-қара, Алшынбай, Асаубай секілді, сондай –ақ, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билердің жарқын бейнелерін әлі де қазақ даласындағы айтулы шешен-билер есімімен толықтыра, молықтыра айтуға болады.

Қазақ шешендік өнері жайындағы ғылымның тарихы да шешендік өнер тарихы секілді арыда жатыр. Бұл ретте: “Ұлттық шешендік өнер ғылымының тарихы, әлбетте, “Шығыстың Аристотелі” атанған отырарлық оқымысты Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол “Риторика” атты күрделі трактатында ғылыми-теориялық топшылауларын алдымен кәдімгі тәжірибелік іс-мақсаттан, қолдану аясынан туындатады”,- [2, 15] деп жазады шешендік өнер туралы жүйелі еңбек жазған ғалым С.Негимов.

Қазақ қоғамындағы шешендік өнердің, билердің ролін пайымдау мақсатымен жазылған XIX ғасыр шеніндегі Ш.Уәлиханов еңбектерін атап өткен орынды. Ш.Уәлиханов “Сот реформасы жайындағы жазбалар” деген еңбегінде аталмыш өнер аясының билік-кесім айтылатын дау-дамайда туындайтынын дұрыс пайымдай келе, бұл өнердің бүтіндей бір елдің билік жүйесін атқарып тұрған зандық күші бар көшпелі өмірге мейлінше лайықталған қасиетті өнер екендігін айтады. Бұл орайда Шоқаннан көп кейін қазақ оқымыстылары шешендік өнердің билік, заңдық сипатын жоққа шығара қойған жоқ. Мәселен, Ә.Қоңыратбаев шешендік сөздерді заңдық, нақылдық, философиялык, сатиралық деп жіктейді.

Ғылыми-сыни зерттеушілік ой-пікірдің оянуына мұрындық болған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары, әсіресе, “Дала уалаятының газетінің” шешендік өнер, билік өнер қақындағы ой-толғамдарын С. Негимов былайша бағалайды: “Дала уалаятының газетінде” қазақ билерінің қоғамдағы орны, билік-кесім шығаруы жөнінде бірнеше мақалалар берілген. Атап өтер болсақ, “Қазак билерінің жұмыстарды тексеретұғыны турасынан”, “Қазақ жұртының тергеу хүкімі хақында”, “Бұрынғы замандағы билердің билік қылуы”, “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” дейтін материалдарда ұтымды пікірлер, бағалы мәліметтер, құнды деректер бар” [2, 25].

Ш.Құдайбердиев қазақтың шешендік билік өнерінің терең тарихи тамырын, өзіндік ішкі берік жүйесін ел аузындағы мақалға айналып кеткен заңдық бап-қағидалардан көрсетіп береді. Мәселен:

“Би екеу болса, дау төртеу болады”.

“Дау құтырса биін табар, ит кұтырса иесін қабар”.

“Тапқан қуанса да, таныған алады”.

“Кесімді малға өсім бар”.

“Барымта алған мал болмас, қуып алған құн болмас”.

“Ала арқан кеспей арылмас”.

“Өзі жығылған өкінбес”.

“Тағыны жеткен алады, жарлыны кеміткен алады”.

“Тұлпар түп иесін табады”.

“Жортуыл жолдасына, ұры серігіне күйеді”.

Ал, жалпы шешендік өнер аясында туындаған сөздерді шешендік сөздер деп атап, оны әдебиеттің дербес, жеке жанры ретінде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А.Байтұрсынов, М.Әуезов және С.Сейфуллин т.б. ғалымдар еңбектерімен тығыз байланысты. Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендік сөздерді ғылыми зерттеудің көзі ретінде арнайы қарастырды. Мәселен, А.Байтұрсынов 1926 жылғы “Әдебиеттанытқыш” атты еңбегінің “Шешен сөз” деген тарауында шешендік сөздерді бес түрлі ішкі жанрлық үлгілерге жіктеді: а) саясат шешен сөз, ә) билік шешен сөз, б) қошамет шешен сөз, в) білімір шешен сөз, г) уағыз.

Бұдан кейінгі кезеңде жалпы шешендік өнер аясында пайда болған шешендік сөздердің құлақ кесті үлгісі ретінде қандай жәдігерлер қарастырылуы, аталуы тиіс деген көкейдегі ойдың пердесін сыпырған, бұл төңіректегі теориялық ой-толғақтың нені шиырлауы керектігін Әуезовтен кейін тағы да атап көрсетіп, әдебиет тарихының тұтас бір дәуірін арнаған еңбек С.Сейфуллиннің 1932 жылғы “Қазақ әдебиеті” кітабы болды.

С.Сейфуллиннің енбектегі ой-зердесі М.Әуезовтің ой-пікірлерімен астасып, шешендік сөздердің негізі ретінде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзі алынуы керектігін зерделеген ой-әлемі жанрға “билер сөздері” деген термин-атау ұсынғандығынан аңғарылады. Сондай-ақ, С.Сейфуллиннің ғалым ретіндегі ой-тұжырымдарының кұндылығының тағы бір қыры мынада: автордың қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын айта алғандығында.

Бұдан былайғы тұста айтарлықтай құнды пікірлер берген ғалымның бірі – С.Садырбаев. “Халық әдебиетінің тарихи негіздері” дейтін еңбегінде зерттеуші: “қазақтардың шешендік өнерін үшке бөлуге болады: а) салтанатты, екпінді сөздер; ә) нақтылы, қысқа түйінді сөздер; б) майда, биязы, сыпайы сөздер”, – деп жіктеп, олардың мәтіндері мен түрлерін де саралайды.

Теориялық толғамдарды қалыптастыруда қазақ шешендік сөздерін жинап-бастырып, алғы сөз жазып, жүйелеп беріп жүрген ғалымдар еңбегі де айтулы. Бұл орайда Т.Кәкішев, Ж.Дәдебаев, С.Қорабай, Н.Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл істің үлкен жанашырларын атаған лазым.

Жалпы, қазақ сөз қадірін жете ұғынған, оған өз өмірінде мейлінше мән берген, айрықша бағалаған. Сөз өнерін дертке балаған ел “тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады” деп сөз құдіретіне табынған, оның уытты күшін “таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді” деп бағалай білген. Мән-мағынасыз, қалай болса, солай сөйлеуге болмайтындығын ескертіп, “аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі “, “іріген ауыздан  шіріген сөз шығады,” “жақсы сөз – жарым ырыс” деп айтады [3, 47].

Ел қамын ойлап, шешендік пен көсемдікті қатар ұстанған билер елдің ішкі тірліктерін ұйымдастыруда да, сыртқы саясаттың делбесін тең ұстауда да көрегендік танытқан. Олар саяси бағытта хандық пен мемлекеттің ажырамас беріктігін, оның бүтіндігін, тәуелсіздігін мұрат етіп, елшілік, мәмілегерлік жолымен, жаугершілікте қолды болып кеткен жерлері мен қалаларды қайтарып алу үшін, ел шетіне елші жіберіп қана қоймай, керек кезінде бітімшілікке бөтен елге өздері тікелей барып отырды. Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір ауыз сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған.

  Қазақ шешендігінің жалпы шешендік өнерден өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен, қазақ шешендерінің сөздері ауызекі айтылып, ауызша таралған, қағазда емес, халық жадында сақталған.

  Шешендік сөздер ертегі-аңыздар мен халық поэзиясынан іріктеліп, сұрыпталып, бөліне отырып, халықтық бірыңғай әдеби тіліміздің қалыптасуына себепкер болған. Шешендік сөздердің сөйлем құрылысы мен сөздік құрамы, мазмұны, тұлғасы да қазіргі әдеби тілімізден аса алмақ емес. Шешендік сөздер – ауыз әдебиетінің басқа салаларымен қосылып, қазіргі қолданылып жүрген сөздігіміздің негізгі қоры, ұйытқысы. Шешендік сөздерді зерттеп-талдау, оқып-үйрену ана тіліміздің байлығын, сөйлем құрылысын, дұрыс сөйлеу заңын жетік білуімізге, әдеби тіліміздің дамып, ой-өрісімізді кеңейтуге себепші.

  Қазақ шешендік сөздері мазмұнына қарай үш тарауға бөлінеді: шешендік арнау, толғау, дау. Шешендік арнау – адамдар арасындағы қарым-қатынасты, шешендік толғау – халықтың философиялық көзқарасын көрсетеді. Ал, шешендік  дау – қазақ қауымының заттық және рухани даулы мәселелерді реттейтін ежелгі әдет заңын белгілейді. Шешендік дауларды мазмұнына қарай беске бөлеміз: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы және ар-намыс дауы [4, 22].

  Шешендік сөздер – негізінде халық даналығынан туған мұра, халықтың асыл қазынасы. Ол халықтың өмірге, дүниеге көзқарасын, ой-өрісін бейнелейді. Шешендік сөздердің шеберлігі, құндылығы сөз сайысында, алқа топтың алдында бағаланған. Тарихи, қоғамдық жағдай өзгерсе, таптық жік ажырай келе, үстем тап өкілдері  халық жасаған байлықты иемденіп қана қоймай, оның ғасырлар бойы жасаған рухани қазынасын да өзінің таптық мүддесі үшін пайдалануға тырысқан. Халықтың тапқырлық, шешендік сөздерін, әр дәуірдің ру басы билері үйреніп, өз табының үстемдігін нығайтуға құрал ретінде қолданған.

  Шешендік сөздер – қазақтың сан ғасырлық өмірінің бақытты болашақ үшін еңбекші бұқараның қанаушы тапқа қарсы жүргізілген күресінің айнасы. Жалпы қауым, кейде жеке адамдар атынан айтылатын ақылды, аталы сөздердің мол тараулары – шешендік арнау, шешендік толғау түрінде болса, екінші бір күрделі саласы шешендік даулар болып келеді. Мұндай дау тартысқа түсушілер сөзуар даугерлер мен оған қарсы тұрушы халық шешендері болған. Бізге жеткен шешендік сөздерден Майқы би, Аяз би, Жиренше шешен, Сырым батыр сияқты халық даналығын бойларына сіңірген, сөз өнерін еркін меңгерген халық шешендерінің аты мәлім. Белгілі халық шешендері мен есімдері белгісіз дана қарт, шешен әйел, тапқыр бала, жарлы жігіттер атынан айтылатын шешендік сөздерге тән бір қасиет – шешендік, тапқырлығымен қатар дәлдігі, ойының айқындығы және халықтық  сипаты [5, 76].

  Шешендік сөздердің тағы бір ерекшелігі – сөздері үйлесімді, дыбыстары үндес келеді. Шешендік сөздердің сырын ашып, сынын келтіретін көркемдеу әдіс-тәсілдерінің бірі – салыстыру, шендестіру тәсілі. Шабытты шешен алқаланған топты аузына қаратып, мақал-мәтелдерді жиі пайдаланады. Қазақ шешендік сөздері қиыннан қиысқан, өзіндік орны, көркемдік ерекшелігі бар халық ауыз әдебиетінің  дербес, әрі бағалы жанры болып табылады.

Сөз сөйлеу құдіретіне ие болу – адамның жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрінен де жоғары сатыда екендігін танытатын, адамды адам етіп тұрған адамзат баласының ұлы қабілеттерінің бірі. Тілсіз, сөзсіз, сөз сөйлеу дағдысынсыз адам өмірін көз алдымызға елестету мүмкін емес, оларсыз адам ғұмыры мағынасыз. Сөз – адам­дар арасындағы қарым-қатынас құралы, ақпарат алмасу тәсілі, өзге адамның санасына және әрбір қадамына, әрекетіне әсер ету құралы. Сөзді орынды қолдана, құбылта білу өте жоғары бағаланады. Бұл сияқты қабілет – адамның жалпы мәдениетінің, білімділігінің құрамды бөлігі. Бүгінгі таңда зиялы адамның сүреңсіз де сөлекет сөйлеуі, яғни шешен сөйлеу мәдениетінің төмендігі адам баласының оқи және жаза білмеуі сияқты ыңғайсыз көрінуі тиіс, ал білім беру мен тәрбиелеу ісін толық жүзеге асыруды шешендіксіз көзге елестету қиын.

Абдыханова Ғ.Т.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.