Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл – тірегім

0 378

Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың 22-қыркүйекті «Қазақстан халықтарының тілдері күні» деп жариялауы да осы мақсаттан туған.

«Адамға екі нәрсе керек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тәлімі мен тәрбиесінің түп тамыры да – ана тілі. Тіл болмаса адамзаттың тірлігінде мән-мағына болмайтыны белгілі. Демек, қандай да бір ел үшін тілдің орны ерекше.

Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану – әрқайсымыз үшін парыз.Тіл – халықтың жаны.Тіл құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі, алдымен, тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. Ал біздің мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру.

Қазақ тілі – өзінің байтақ даласындай ұлан-ғайыр жайдары тіл. «Қазақ» сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. «Қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық һәм анық болар еді, егер біздің қазақтар соны аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе», – деп ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қазақ тілі – сөздік қоры мол, бай тіл. Бірақ осындай әдемі тіліміз бола тұра, оның қадірін түсініп, қастерлемей, «өзге тілді өзімізге еншілейтіндер» де арамызда кездеседі. Әрине, өзге тілді білу – заман талабы. Дей тұрғанмен, «өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеу» – әрбір қазақ азаматы үшін міндетті парыз.

Бүгінгі күні телеарналарда, басылымдарда, тіпті көше бойында жарнамалар жиі кездеседі. Нарықтық заман талабы болған соң одан бас тарта алмаймыз. Оған ешкім де қарсы емес. Алайда, сол жарнамаларда, әсіресе, қазақша жазбаларында түрлі қателер тайға таңба басқандай көрініп тұратыны да жасырын емес. Осындай кемшіліктерді болдырмас үшін қазіргі ғылым мен техникалық өндірістің дамыған шағында ана тілін жетік білудің маңызы, әрине, орасан зор. Әрине, көп тілді білсек көкжиегіміз кеңейіп, көптеген дамыған мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, бәсекеге қабілетті ел қатарынан көрінеріміз анық. Дегенмен, өзге тілді сән көріп, өз тілімізді шұбарлау – арсыздық.

«Мен үш нәрседен қорқамын: Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысшалап сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақ қазақпен тек таза өз ана тілінде сөйлесуі керек. Сол себепті саналылығымызға сын келтірмей ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтату – әрқайсысымыздың басты міндетіміз.

Ғ.Т.Абдыханова

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.