Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шенге емес, елге қызмет етеді

0 261

Облыс орталығында құрылған ҚР Ұлттық Ұланының арнайы 5513 әскери бөліміне биыл 27 жыл толды.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ
Суретті түсірген В.Барбаш

Елбасы Жарлығымен 1992 жылдың ақпан айында құрылған бөлімнің мерейтойына орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға әскери бөлімнің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауды мақсат еткен бұл құрылым ел игілігі жолында өз міндеттерін бұлжытпай орындап, қызмет барысында сөзсіз ерлік, қырағылық пен көрегендік танытып келеді. Салтанатты шарада қоғамға қалтқысыз қызмет етіп жүрген сарбаздар мен қызметкерлер ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы және бөлім командирінің грамотасымен марапатталды.


– ҚР ішкі әскер құрамында қызмет ететін 5513 әскери бөлімнің Ұлттық Ұлан гвардиясының қатарына енгеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Құрылған күнінен бастап қоғамдық тәртіпті сақтау, нысандарды қырағылықпен күзету қатаң тапсырылған бөлім бұл жұмыстарды абыроймен атқарып келеді. Біздің жеке құрамды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеп, өз тәжірибесімен әрқашан бөлісетін ардагерлерімізге айтар алғысым шексіз. Отанды қорғау – үлкен ұғым, ал Отанға қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы мен міндеті. Міне, осындай жақсы қасиеттерді бойына жиған әскери қызметшілердің арқасында қазақ елінің терезесі тең, керегесі кең болатыны сөзсіз. Бейбіт күннің батырлары шен үшін емес, ел үшін қызмет ететіндіктеріне сеніміміз мол, – деген бөлім командирі, подполковник Бауыржан Қабылбеков сала үздіктеріне арнайы мақтау қағаздарын табыстады.


Ал осындай игі істер алдағы уақытта жауынгерлерге жаңа серпін, күш береді дейді сарбаздар. Астана қаласынан келіп әскери қызметін өтеп жатқан Алмас Сүлейменге бұл мерейлі сәт зор қуаныш сыйлады.


– Жауынгерлік жанұяда ұйысқан сарбаздар үшін әскери бөлімге жүктелген міндеттерді атқару қиындық тудырған емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы: «ел бірлігі – ең басты байлық, тыныштық – басымыздағы бақ» деген болатын. Ал осынау орамды айтылған ұлағат жауапкершілік жүгін арқалаған жас сарбаздарды қанаттандырады. Ел мен жерді қорғауға қайырылған құрам мүшелері өздерінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқара береді, – дейді жас сарбаз Алмас Мұхаметжанұлы.


Салтанатты кеште аталмыш әскери бөлімнің ардагері, запастағы полковник Мұхтар Махманазаров бөлім қызметкерлеріне ізгі тілегін айтып, бейнебақылау камерасын сыйға тартты.


Жалынды жыр, рухты ән әуелеген мерейлі шарада облыс өнерпаздары мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері концерттік бағдарламасын ұсынды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.