Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірін игілікке арнаған жан еді…

0 10

Адам мына жарық өмірге келгеннен соң артына жақсы, мәнді, көпшілікке өнеге болатын із қалдырғысы келеді. Мақсат-арманы орындалып, жанына жақын, ұнамды мамандықты меңгеріп, отбасын құрып, өмірін жалғастыратын саналы бала-шаға өсіріп, өз ортасына сыйлы, абыройлы болса, артынан жақсы сөз ерсе – ол кемеліне жеткен нағыз бақытты жан.

Өкінішке орай, әттең, мына қызылды-жасылды дүрбелеңге толы заманда ондай бақыт әркімнің басына қона бермейді. Болса да, тым сирек-ау, сирек… Сондай жанның бірі марқұм Қуаныш аға Пәрімбеков болатын.


Ол қазыналы Қаратау бойындағы шұрайлы Көсегенің Көкжоны аймағындағы Үшбас аулында 1943 жылдың 5 қаңтарында дүние есігін ашты. Соғыстан кейінгі ауыр тіршіліктің куәсі болып, оның ауыртпалығын тым ерте сезінді. Әкесі оқ пен отқа оранған қантөгіс майданнан оралмай, топырақ сонда бұйырды. Өзінен екі-үш жас үлкен Орынтай ағасы екеуі шешесі Бақыткүл апаға қолқабыс болып, таптырмас көмекшісіне айналып, колхоздың сан салалы еңбегіне ерте араласты. Ауылдың әйелдері мен өздеріндей жас шыбықтай балаларға бірігіп, жаз айларында шалғымен шөп орып, қолорақпен егін жинап, өгіз арбамен астық тасып, қырманда бидай суырып қабырғалары қайысып аянбай жұмыс істеді. Сөйтіп, ол сол замандағы құрдастары секілді тез есейді, еңбектің қадірін ерте түсініп, өмірдің ыстық-суығын, ащы-тәттісін бір азаматтай басынан өткерді. Мектеп жасына келгенде жергілікті білім ошағына барып, сауатын ашты. 1959 жылы аудан орталығы Байқадамдағы (қазіргі Саудакент) мектеп-интернатты тәмамдап, қолына аттестат алды. Мектепті жақсы бағамен бітірсе де, тұрмыс жағдайына байланысты бірер жыл туған ауылында еңбек етіп, аздап болса да қаржы жинуды жөн көрді. Онысын аяулы анасы мен ағасы дұрыс түсінді. Сөйтіп, өзінің кіндік қаны тамған киелі топыраққа, яғни туған өлкесі Көкжонда 1954 жылы бірнеше колхоздан ұйымдастырылған «Түркістан» тың совхозына механизатор болып оралды. Бұл шаруашылыққа 1956 жылы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов арнайы атбасын бұрып, тың игерушілер жайлы «Түркістан солай туған» атты әдемі, тартымды көркем очерк жазған болатын. Шығарманың басты кейіпкерлері сол шаруашылықта еңбек көрігін барынша қыздырып, байлығымызды тасытып жатқан жылдар болатын. Сол қайнаған еңбекке жас механизатор Қуаныш Пәрімбекұлы да қызу араласып, тракторды асықтай үйіріп әкетті. Күн демей, түн демей, қыс-жаз демей, уақытпен еш санаспай аянбай, табандылықпен тыңғылықты еңбек етті. Екі жылдан соң еңбек десе жанып тұрған жасты совхоз басшылығы қолдап: «Қуаныш, байқадық, сен жұмысыңа тындырымды, өте жауапкершілікпен қарайды екенсің. Оныңа рахмет. Болашағың бар жігіт екенің белгілі болып тұр. Көріп жүрген боларсың, бізде құрылыс қызу жүріп жатыр. Сол құрылыс алдағы кездерде де бола бермек. Біз құрылысшы-инженерге өте зәру болып жүрміз. Жергілікті жігіттердің бірін жоғары оқуға жіберіп, құрылысшы-инженер дайындау керек болып тұр. Ой таразысына салып, ақылдаса келе сені сол мамандық бойынша оқуға жіберуді жөн көрдік. Шымкент қаласындағы химия-технология институтына жолдама бар. Қарсылық жоқ болса, соған барып, емтихан тапсыр. Жолың болып түсіп кетерсің…», деп ұсыныс жасады. Әрине, мұндай ұсыныстан бас тарту қиын еді. Шешесінің жанына сүйеу болар Орынтай ағасы бар. «Тәуекел!» деп Шымкентке жол тартты. Сынақтан сәтті өтіп, студент атанды. Бала кезден армандаған ойы орындалып, бес жылдан соң, 1967 жылы білімді маман болып ел-жұртына оралып, еңбекке араласты, құрылыстар жүргізді.


Еңбекке төселген дипломды, жоғары білімді маман көп ұзамай Байқадамдағы ПМК-ға аға прораб болып ауысты. Сарысу ауданы шаруашылықтарындағы жаңа құрылыстардың басы-қасында болып, сандаған ғимараттар бой түзеп, келе-келе бас инженер лауазымына жоғарылады. 1974-1979 жылдары Жол құрылыс ДЭУ-475 мекемесін басқарды. Сарысу, Талас аудандарындағы жолдарды ретке келтіріп, біразына асфальт төселді. Тіпті, шалғай жатқан ауылдарға, құм-жалдар араларына дейін жол тартып, жұмыс ырғағын асырды. Бірде, шілденің шіліңгір ыстығында Бақадам-Түгіскен аралығындағы жолға асфальт төселіп жатқанда автогрейдерші жігіт науқастанып қалып, жұмыс тоқтап қалу қаупі туады. Сол кезде Қуаныш Пәрімбеков «мен басшымын» деп бәлсініп, шіренбей, киімін тез ауыстырып алып, алақанына түкіріп автогрейдердің руліне өзі отырып, жұмысты жалғастырады. Сол сәтте кенеттен облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықпай Асанов сынды бір топ кісі сау етіп, жаңа жол сапасын тексеруге келіп қалады. Автогрейдерді ұршықтай үйіріп оның рулінде отырған ДЭУ-дің басшысын көрген олар таңғалысын білдіреді. Таңғаларлық осы оқиғаны өз көзімен көрген Қырекеңнің жүрегі жылып, ой түйіп кеткен екен. Бір-екі жұмадан кейін Қуанышты кабинетіне шақырып, өзінің орынбасары болуды ұсынады. Сөйтіп, Қ.Пәрімбекұлы аудан атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұрынғы жауапкершілік енді барынша өсе түсті, бүкіл аудан тыныс-тіршілігіне тығыз араласуға тура келді. Бұл қызметте де ол адал еңбегімен, біліктілігімен, жауапкершілігімен, табандылығымен көзге түсті. Өркендеп өсіп келе жатқан жас қала Жаңатастың басшыларымен тіл табысып, олардың көмегін әртүрлі құрылыс саласына жұмылдыра білді. Қажырлы еңбектің арқасында аудан көлемінде заман талабына сай көптеген ғимараттар бой көтерді, ауыл-селолар көркейе түсіп, аудан экономикасы мен мәдениеті өркендеп, халық тұрмысы едәуір жақсара түсті. Соның басы-қасында Қуаныш аға жүрді. Беделі өсіп, өңірдегі сыйлы азаматтың біріне айналды, бірнеше мемлекеттік наградалармен, алғыс хаттармен марапатталды. Кейінірек «Сарысу ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл оның осы өңірге сіңірген адал еңбегінің әділ бағасы еді.


1997 жылы аудан кеншілер қаласы Жаңатаспен қосылып, орталық қалаға ауысты. Осы кезеңде ауыс-түйіс болып Қ.Пәрімбековті Қаратау қаласындағы жол жөндеу басқармасына басшы етіп тағайындады. 2000 жылдан зейнет жасына келгенше Талас ауданының әкімшілігінде абыроймен қызмет етті, еңбекке, өмірге деген таза, әділ көзқарасымен беделге ие болды. Содан кейін балаларының қызметіне байланысты Тараз қаласына қоныс аударды. Қызу еңбекке араласып қалған ол үйінде бос отыруды артық санап, қоғамдық іс-шараларға бел буып батыл кірісті. Тараз қаласының ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде жастар арасында идеологиялық-тәрбие жұмысына қатысты. Мектеп оқушыларымен кездесулерге белсенді араласып, жас буынды отансүйгіштікке, патриотизмге баулуға атсалысты.


Туған өлкесін, кіндік қаны тамған ауылын жанындай жақсы көрді. Кейде «Шіркін, біздің Көкжонның суының тұнықтығы, мөлдірлігі, дәмі әлгі зәмзам суынан еш кем емес қой. Саф ауасы қандай таза, тынысыңды ашып, деміңді жақсарта түседі. Туған жердің қасиетін біз осы оңды бағалай алмай жүрміз бе, білмеймін…» – дейтін терең толғанып. Ағайын-жұртпен байланысын үзбей, қолдан келгенше қолұшын беріп, үлкенге іні, ініге аға болып қамқорлық жасады. Оның өмірлік кредосы «Еңбегің адал, пейілің таза, досың сенімді болсын» деген нақыл болатын. Қандай қызметте жүрмесін өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, әділдікті, тазалықты сүйетін, пенделікке жол бермейтін. Сондықтан қол астындағы қызметтестеріне талап та қоя білді. Тек қызметте ғана емес, жеңгеміз Рая (Күлзейнеш) екеуі отбасындағы балаларын да солай адалдыққа, әділдікке, еңбекқорлыққа тәрбиеледі, тиянақты, сапалы білім берді. Өзі қария жасына келіп, ой-пайымымен, іс-әркетімен замандастарына жақсы, әдемі қартаюдың жолын көрсете білді. Қызметтестерінің, ағайын-туыстардың, құда-жекжаттарының ортасында сыйлы, құрметті жан болды. Құдайға шүкір, төрт ұлы да жарыса өсіп, ержетіп, жоғары білім алып, жүрек қалауындағы мамандықтарын игеріп, бұл күндері әртүрлі салада абыроймен еңбек етуде. Немере-шөберелері де жас толқындай жайқалып өсіп келеді.


Өмір шіркін әрқашан уайымсыз, қайғысыз, ойлағанымыздай тақтайдай тегіс бола бермейді ғой. Ұрланып, мысқылдап келген ауыр дерт Қуаныш ағаны біраз әбігерге салды. Дәрігерлерге тексеріліп, өмірін сәл болса да ұзарту мақсатымен «тәуекел» деп ота да жасатты. Әттең, өлшеніп берілген өмірге бас июге тура келді. 2018 жылдың наурыз айының 6-сында абзал азамат Қуаныш Пәрімбекұлы «Өттің, дүние..!» деп жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік сапарға аттанып жүре берді.


Тәуба, артында игілікке толы ізгілікті істері, ел-жұрт арасында жақсы сөз қалды, өсіп-өнген ұлағатты ұрпағы қалды. Шүкір, өмір солармен жалғасуда.
Міне, бақилық болғанына да бір жылдың көлемі болыпты. Зулап өтіп жатқан уақыт өз дегеніне көндіріп жатыр. Бірақ, Қуаныш аға көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Кейде ол көк аспандағы жарық жұлдыздардың біріне айналып кеткендей болады да тұрады. Сірә, ол солай болу керек. Өйткені оның рухы жүрегімізді әлі жылытып жүр.
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, рухыңыз пейіште шалқысын, аяулы Қуаныш аға!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.