Қала әкімі Бақытжан Орынбеков тараздық бүлдіршіндердің дәстүрлі жаңажылдық мерекесіне қатысты. «Сиқырлы шарлар» тақырыбымен өткен салтанатты шараға көне шаһардағы 61 мектептің 150 оқушысы куә болды.
Жаңа жыл мерекесіне арналған шыр- ша кешін балалар керемет көңіл-күймен қарсы алды. Ән де айтты, би де биледі. Тараз қаласы білім бөлімі мен қалалық оқушылар сарайының шәкірттері мерекеге арнайы қойылымдар көрсетіп, балдырғандарды ертегілер әлеміне саяхат жасатты. Қазақи нақыштағы ертегі кейіпкерлерінің кереметтей көріністері кеш қатысушыларын таң-тамаша қалдырды.
Салтанатты кеште бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алып, әсем шыршаның шамын жақты. Айшықты кешке арнайы келген шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков жеткіншектерді мерекелерімен құттықтады.
– Жаңа жыл – барша баланың асыға күтетін, армандайтын, ең көңілді ғажап мерекесі. Әрбір адам баласы Жаңа жылдан жақсылық күтеді.
Сіздер жыл бойы жақсы оқып, түрлі байқаулар мен жарыстарда жеңіске жеттіңіздер. Өйткені бұл шараға тек белсенді әрі талантты балалар ғана шақырылады. Мен осы үшін өте қуаныштымын. Жаңа жылда достарыңызға деген адалдықты, ұстаздарыңызға деген құрметті және елімізге деген сүйіспеншілікті сақтап, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! – деді Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде.
Әрі қарай Аяз ата балаларға арналған сыйлықтарын үлестіріп, мереке көңілді ойындармен, ән-бимен жалғасын тапты.
Сонымен қатар Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ерекше балаларға арналған көңілді кеш ұйымдастырылды. Шара барысында ән мен биден шашу шашылып, балғындарға түрлі сыйлықтар үлестірілді.
Кештен балалар да, ата-аналар да көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Мұратхан Әлімхан