Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһардың шырайы тазалықтан басталады

0 537

Уақыт ағымына сай гүлденіп, жаңаша кейіпке еніп келе жатқан Тараз қаласы жан-жақтан ағылған туристердің де таңдайын қақтыруда. Сондықтан шаһар тазалығына айрықша мән беру аса маңызды. Мұны «Жасыл Ел – Тараз» ЖШС жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы Жұмабек Сағындықов жете түсінеді.

– Тазалық табалдырықтан басталатыны ақиқат. Сондықтан оған әрқайсымыз жауаптымыз. Өзімнің осы салада еңбек етіп жүргеніме 11 жылдан асты. Бүгінде қаламыз гүлдей жайнап келеді. Бұл жаққа ат басын бұратын қонақтардың да қарасы қалың. Олар ең әуелі тазалыққа мән беретіні сөзсіз. Көшелеріміз мұнтаздай тап-таза болып тұрса бұл көрген жанға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап,  жанын жадыратады. Сол үшін күн-түн демей шаһарымыздың тазалығы үшін аянбай еңбек етудеміз. Әрине қақаған аязда, аптап ыстықта қаланы күл-қоқыстан тазарту оңай емес. Алайда осы саланы таңдағаннан сүйіп істейсің. Тұрғындардың санасы бірдей емес. Кейде айналасын шашып кететін жандарды көргенде қатты қынжыламын.  Десе де оларға сабырмен қарап, түсіндіруге тырысамын. Тазалық – денсаулықтың да кепілі. Лас жерден түрлі аурулардың  тарайтыны белгілі.  Сол себепті тазалыққа үлес қосқаным – шаһардың дамуына, жерлестерімнің денсаулығының зор болуына үлес қосқаным деп түсінемін. Осы сәтті пайдалана отырып барша тараздықтарды Қала күнімен құттықтаймын! Көне шаһарымыздың айбыны асқақтап, абыройы арта берсін!, – дейді Жұмабек Сағындықов.v

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.