Құрметті арулар, ардақты аналар!
Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына Сіздер мол үлес қосып келесіздер.
Ел басына күн туғанда да асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады. Бабаларымыз нәзікжандылардың тек үйдегі ғана емес, жаратылыстағы маңыздылығын «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деп бір ауыз сөзбен жеткізген. Ең қасиетті ұғымдар – Отан, ана тілі, туған жерді ананың мейірімі мен қамқорлығына балады.
Егемендік жылдарында әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы. Бұл бағытта Тараз қаласында да елеулі істер атқарылуда.
Сіздердің шығармашылық және кәсіби біліктіліктеріңізді арттыру үшін барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта талантты да талапты әйелдер қоғамдық-саяси өмірдің түрлі саласында зор жетістікке жететініне сенемін.
Осындай шуақты мерекелеріңізде Сіздерге бақыт пен махаббат, шалқар шабыт пен мол қуаныш, сондай-ақ зор денсаулық пен отбасылық бақ-береке тілеймін!
Ержан Жылқыбаев,
Тараз қаласының әкімі