Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саусақ ұшындағы «Фәни-Құбылыс»

0 262

Өткен жылдың аяғында жаңа ғасырдағы қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаманның «Фәни-Құбылыс» атты кітабы жарық көрген болатын.

Жыр сүйер қауымға жол тартқан өлеңдер жинағына ақынның жаңадан жазылған бірқатар шығармалары енгізілген. Онда адам, қоғам және заман туралы оралымды ойлары өлеңмен өрнектелген. Жинақтан лирикамен қоса махаббат, қайталанбас балалық шақ туралы жырларды да кезіктіруге болады. Одан бөлек, онда ақынның мазмұны терең балладалары мен поэмалары топтастырылған.
Өткен жұмада Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен аталған жинақтың тұсаукесер кеші өткен еді. Оған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ақын, «Түрксой» жазушылар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, жергілікті қаламгерлер, ақын-жазушылар, әріптестері қатысқан болатын.
Жыр алыбының атын иемденген өңірдің тұрғындары өлеңге әркез шөлдеп тұратыны белгілі. Сол себепті жаңа жинақты жалпы оқырман қауымға қолжетімді ету мақсатымен Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Фәни-Құбылыстан» көз жанарынан айырылған өлең сүйер қауым да сусындай алуы үшін жинақтың нүктелі-бедерлі Брайль қарпіндегі және аудиокітап түріндегі нұсқаларын жарыққа шығарды.
Осыған орай, «Ақынға 100 сұрақ» форматында «Жас ақын толғайды» атты жыр кеші өтіп, онда кітаптың аталған 2 нұсқасының тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімге ақынның ата-анасы, зиялы қауым өкілдері, жергілікті қаламгерлер, әріптестері мен оқырмандар қатысты. Жинақтың лентасын Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев пен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали кесті.
Әдеби шара барысында көрермендерге ақынның өлеңдерінен заманауи үлгідегі көрініс ұсынылды. Кітапхананың жас оқырмандарынан құралған ансамбль күй күмбірлетіп, қатысушылардың қошеметіне бөленді. Келесі кезекте ақынның ата-анасы, әріптестері мен қаламдастары Хамит жайлы естеліктерін айтып, оның өлеңдері жайлы ой қозғады. Сондай-ақ оқырман қауым Хамит Есаманға өздерінің көкейінде жүрген түрлі сауалдарын қойып, қаламгермен етене жақын таныса түсті.
«Дәуір» баспасынан жарық көрген жинақ «Жүректен өрген қоңыр күй», «Қаламда тұнған қара шер», «Көзімде қалған мұң-шырақ» және «Тағдыр мен тамыр таңбасы» атты бөлімдерден тұрады.
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықтың иегері, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының жеңімпазы, жырлары испан, әзірбайжан, түрік тілдеріне аударылған талантты ақын Хамит Есаманның жаңа жинағы әдебиет сүйер оқырманның рухани олжасына айналарына сеніміміз мол.

Бинура ЖАҚЫПБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.