Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сапалы білім – дамудың кепілі

0 287

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын айтып, бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.

Толғанай АТАБАЙ

Расымен де, қазіргі уақытта ауыл мектептерінің жағдайы, ондағы білім берудің сапасы көп жағдайда сын көтермейтіндігі белгілі. Аймақтың білім саласындағы бақылау департаменті жоспарға сәйкес соңғы 2 жылда 66 мектепте мемлекеттік бақылау шараларын жүргізіп, бірқатар ауыл мектептеріндегі олқылықтарды анықтаған. БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында аталмыш басқарма басшысы саладағы кемшіліктерді мәлімдеді.
– Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаменті өзінің құзыреті шегінде облыстағы ауыл мектептерінің жағдайын үнемі назарда ұстайды және ондағы білім берудің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Бүгінде облыста 442 жалпы орта білім беретін мектеп болса, оның 358-і, яғни 80 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауыл мектептерінің 18,5 пайызы саманнан соғылса, 32 мектептің ғимараты 1960 жылдарға дейін соғылған, ал үш мектеп апатты жағдайда тұр. Бұл ғимараттар Қордай және Шу аудандарында орналасқан. Жаңа мектеп құрылысын жүргізуге бүгінде қазына тарапынан қаржы қарастырылды. Екі жыл қатарынан ауыл мектептеріне бақылау шаралары жүргізілді. Бұл жұмыстардың нәтижелері қалалық мектептермен салыстырғанда ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігін, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі мен интернет жылдамдығының, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда білім саласындағы заңнамалардың талаптарын сақтау деңгейінің төмендігін, пәндер бойынша педагог кадрлардың тапшылығын көрсетіп отыр. Биылғы жылдың өзінде 22 ауылдық мектептің білім беру қызметін жүзеге асыру сапасына профилактикалық бақылау жүргізіліп, заңнама талаптарына сәйкес келмейтін бірқатар деректер анықталды. Бақылауға қамтылған мектептерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 5-бабына сәйкес нұсқамалар беріледі, – дейді білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева.
Саналы ұрпақ қалыптастыру үшін әлбетте сапалы білім берілу қажет. Кейбір ауыл мектептерінің заң талаптарын сақтамауы өңірдегі саланың дамуына тұсау болары анық. Балаға білім беріп отырған аймақтағы 9 ауылдық мектепте құрылтайшы құжаттарының талапқа сай рәсімделмеуі де үлкен олқылық. Ал бұған жол берген мекемелерге департамент тарапынан ескертулер де жасалған.
– Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру, оның ішінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою үшін жергілікті атқарушы органдар орын алған мәселелерді назарға алып, нақты шаралар қабылдауы қажет. Атап айтқанда, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, оның ішінде пәндер бойынша уақыт талабына сай оқу-зертханалық жабдықтармен, компьютерлік техникамен және жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасын тиімді пайдаланып, ауыл мектептеріндегі педагог кадрларға деген тапшылықты жою арқылы ауыл мектептеріндегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды жандандыру, оқу-тәрбие процесіне озық тәжірибелерді енгізу қажет деп санаймыз, – дейді департамент басшысы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.