№13 орта мектепте алимент мәселесі бойынша «Алимент өндіру бойынша қадағалауды күшейтуді және заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар» тақырыбында сот отырысы өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қала прокуратурасы «Алимент. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын іске асыру шеңберінде алимент өндіру бойынша қадағалауды күшейтуді және заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауды қолға алған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың тоғыз айында қала бойынша 9 570 іс тіркелген.
«Алимент өндіру бойынша қадағалауды күшейтуді және заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар» тақырыбын талқыға алған жиынға Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов төрағалық етті. Сонымен қатар жиынға қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Берік Оразымбетов, облыстық әділет департаментінің атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Шамғұнов, қалалық ПБ-ның кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Семейхан Сексенбаев, Тараз қаласы ПБ ЖПҚ бастығы Сәбит Мамытбеков, Тараз қаласы ПБ 1-ПБ ЖПҚ бастығы Бауыржан Мейірбеков, қалалық ПБ 2-ПБ ЖПҚ бастығы Нұркен Төлеуішов, Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Төлегенов, облыс жеке сот орындаушыларының өңірлік палата басшысының орынбасары Мақсат Еделбаев және басқа да сот орындаушылары қатысты.
2017 жылы 13 007 атқару өндірісі, 2018 жылы 12 396 және 2019 жылғы 9 570 статистикалық мәліметтерге сәйкес алимент бойынша атқарушылық іс жүргізулердің саны азайса да, берешектері азаймағанын атап өту қажет. Прокуратура тарапынан 2019 жылдың 9 айында ықпал ету актілері бойынша 8 млн теңге өндіріліп, 2 медиативтік келісім жасалған.
Қала прокуратурасының актілерімен 2 күн ішінде алимент бойынша 2 борышкермен 1 216 622 теңге көлемінде алимент өндіріліп, 1 борышкер талапкермен нотариалдық келісім жасалған. Сондай-ақ алдыңғы жылдың қыркүйек айындағы 10 күннің ішінде 11 борышкерге қатысты ӘҚБтК-тің 669-бабымен әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 8 борышкер қамаққа алынып, 3 борышкерге әкімшілік айыппұл салынған.
Алименттің уақтылы төленуін қамтамасыз ету бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыру өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Жиын барысында осыған орай қалалық прокуратураның бөлім бастығы Нұрсұлтан Тілешов баяндама жасады.
– 2017 жылдың 7 маусымында алимент төлемейтін адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша сот орындаушылары мен Халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзара іс-қимыл тәртібін бекіту туралы Әділет министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрығы шыққан. Одан бері 2 жылдан астам уақыт өтті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 1 145 құжат болған, оның ішінде 539 мерзімді түрде орындалуда. Қалған 606 жұмыссыз борышкердің ішінен Халықты жұмыспен қамту орталығына 7 борышкерге ғана хабарлама берілген. Сонымен қатар аталған 7 борышкердің тағдыры департаментке белгісіз. Ал палатаның мәліметтеріне сәйкес, 700 проблемалық өндірістің жалпы санынан ЖСО-мен 2019 жылы тек 152 борышкерге хабарламалар берілген, 107 борышкер іздеуде. Қазіргі уақытта Халықты жұмыспен қамту орталығында есепте 18 борышкер ғана тұр, екеуі жұмысқа орналасқан. Осылайша, 400-ден астам борышкерге жұмысқа орналастыру қажеттілігі туралы хабарлама берілмеген. ЖСО-ның әрекетсіздігі нәтижесінде алимент төлеуден жалтару фактісі бойынша оларды жауапқа тарту мүмкін болмайды. Тікелей нұсқаулардың болуына қарамастан, облыстық әділет департаменті мен жеке сот орындаушылар палатасының басшылары осы уақытқа дейін оны тиісінше орындау бойынша шаралар қабылдамауда, – деді Нұрсұлтан Искандербекұлы.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған