Қалалық қоғамдық-саяси газет

Санамызға шашқан білім шуағын, Мерекеңмен, жаны аяулы мұғалім!

0 368

«Ғалым да, шахтер да бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің», – деп басталатын өлең жолдары кім-кімді болсын тебірентпей қоймайды. Жүрегіңе ізгіліктің дәнін сеуіп, адамгершіліктің алтын қазығын санамызға мәңгіге қағып берген аяулы жандар жайлы толғаныс бір қағазға сыймайды. Ғаламның мың шайыры таңға дейін жырласа да ұстаздың кесек болмысын, оның теңізден де терең парасатын, таудан да биік пайымын суреттеп бере алмасы анық. Өйткені ұстаз – ұлылықтың символы, қарапайымдылықтың екінші аты. Ал бұл екеуі ешнәрсемен өлшенбейді, ешнәрсемен бағаланбайды.
Ұстаз деген бес әріптен тұратын осы бір сөздің астарында мейірімділік, махаббат, сүйіспеншілік, білім сынды асыл қасиеттер үйлесім тапқан. Әрбір адам сауатын ашу үшін ең бірінші соған жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті – ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындау.
Мың ғасыр өтсе де, ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Себебі қай дәуірде де қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Тіпті зәру. Ұстаз берген тәрбие – әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ, кемел келешегінің баспалдағы. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да – бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған. Сондықтан ұлағат иелеріне бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын да солар. Жер бетінде сан түрлі мамандық бар. Бірақ сол мамандықтың қыр-сырын бойыңызға дарытатын – тағы да ұстаз. Себебі ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Осыдан-ақ ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Өйткені оларға деген құрмет барлығынан биік һәм асқақ.
Әрбір күн өткен сайын жаныңыздан табылып, қолдау көрсетіп, жүрегінен жылу бөліп, қуансаңыз бірге қуанып, мұңайсаңыз бірге мұңаятын, көңіл ұясына тұрақтап қалған ұстазға деген махаббат өлмек емес. Ол мәңгі жасайды!

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.