Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тамыр-таныссыз-ақ депутат болуға болатынын қатарластарыма дәлелдедім»

0 549

Заман ілгерілеген сайын сан саланың тізгінін ұстаған білімді азаматтарға қойылар талап та артатыны белгілі. Сондықтан әркез жаңашылдыққа ұмтылып, бәсекеге қабілетті болу маңызды. Бүгінгі «Сәрсенбідегі сұхбат» айдарымыздың қонағы Сұлтан Өсербаев – педагогика саласын мұғалімдіктен бастап, бүгінде Байзақ ауданындағы «Диқан» тірек мектебінің директоры міндетін абыройлы атқарып жүрген білікті маман. Қарымды азамат қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, облыстық мәслихаттың депутаты да болды.

– Сұлтан Мықтыбекұлы, әңгіменің әлқиссасын педагогика саласына қалай келгеніңізден бастасақ…
– Педагогика саласына алғашқы қадамым 2004 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «филология» мамандығы бойынша оқуға түскен жылдан басталды. Төрт жылда біраз естеліктер қалды. Біз институттан, ең бастысы, білім алдық. Қоғамдық жұмыстарға да араластық. Тіпті күзетші болып жұмыс істеп жүргенде, құр отырмай таңға дейін көз майын тауысып кітап оқитынбыз. Институтты қызыл дипломмен бітірген соң, жұмыс таба алмаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Қасымда бірге оқыған жора-жолдастарымның бірі магистратураға тапсырса, екіншісі жұмысқа орналасты. Несін жасырамын, олардың жолы болғанын көріп, өзімді іштей қамшыладым. Алайда жұмыс таба алмағаннан кейін ауылдағы қызылша алқабына амалсыз бардым. Қыркүйек айының соңғы күндері еді, бір күні қызу жұмыстың бел ортасында жүріп, түскі ас ішпегенім де есімнен шығыпты. Сағат тілі 16:00-ге таяғанда қарным ашқан соң, түскі ас әкелуге кеткен ағамды күтпей, әлгі қызылшамен талғажау еткенмін. Көп ұзамай маза қашып, жүрек айни бастады. Сол сәт мен өзіме «Қызылшаға екінші келмеспін» деп сөз бердім де, ауылға жаяулатып тартып отырдым. Аш қарынға қызылша жеуге болмайтынын кейінірек білдік қой. Сөйтіп сол сөзімде тұрып, еңбек жолымды Байзақ ауданы, Жібек жолы ауылындағы Королевка мектебінен бастадым. Онда төрт жыл жұмыс істеп, директордың тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасары да болдым. 2011 жылы Сарыкемер ауылы, Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін 2014 жылы Байзақ ауданындағы Жаңатұрмыс орта мектебін басқардым. Ал 2017 жылдан бүгінге дейін «Диқан» тірек мектебінің директорымын.
– Осы тұста тірек мектебінің басқа білім мекемелерінен айырмашылығы қандай?
– «Диқан» тірек мектебіне директор болғанға дейін педагогика саласындағы барлық сатыдан өтіппін. Соған қарамастан, мен үшін тірек мектебінің жұмысын жүйелі ұйымдастыру қиынның қиыны болды. Себебі мен директор болған жылы оқушылардың дағдыларын арттыру мақсатында құрылған қосымша үйірмелер жұмысын тоқтатты. Мектепте бар-жоғы бір ғана үйірме қалды. Үйірмелер болмаған соң, штат та жоқ. Бірақ қайтсек те тірек мектебінің жұмысын үйлесімді ұйымдастыру керек болды. Мейлі, оқу блогында оқушылар сабақ өтер. Ал түстен кейінгі үш сағатта балалар не істейді деген сұрақ туды. Маған сол мектептің басшылық қызметін атқаруды сеніп тапсырған соң, шешімін табуға тырыстым. Ойлана келе, әріптестермен келісе отырып, ақысыз үйірмелер ашуға бел будық. Өңірдегі жоғары оқу орындарының кафедраларына барып, қосымша іс-шаралар өткізуге уағдаластық. Бізде бір ғана үйірме болса, соның қасына қосымша тағы үш үйірме аштық. Содан бас-аяғы төрт үйірме болды. Осылайша балалардың болашағына жаны ашитын жоғары оқу орындарындағы ұстаздар мен мектептегі әріптестерім қолдан келген көмегін аямады. Ол мұғалімдерге алғысым шексіз. Тірек мектебі үш сессиядан тұрады. Сол уақытта сырттан 200-ге жуық оқушы келді. Мектепте балалардың білімі, тәртібі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жұмыстың барлығы – айтқанға жеңіл көрінгенімен, іс жүзінде өте қиын шаруа. Бүгінде сол қиын кезеңдердің барлығын артқа тастап, үйірмелердің де санын арттырып отырмыз.
Негізі тірек мектептерінің мақсаты шалғай ауылдардағы шағын жинақталған мектептердің білім сапасын арттыру және оқушыларды әлеуметтендіруге бағытталған. Яғни мұнда шағын жинақталған бірнеше мектептің балалары бірігіп практикалық, зертханалық жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар түрлі іс-шараларға қатысады. Биыл Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шағын мектептердегі ұстаздардың бойындағы «жалғыздық» ұғымын жою мақсатында тірек мектептердің жұмысын жүйелеу керектігін баса айтты. Расында, шағын мектептер арасында бәсекелестік жоқ. Ал бұл алға ұмтылдырмайды. Сондықтан дәл қазір тірек мектептеріне көңіл бөліп, бәсекелестік орта тудыратын кез жетті.
– Десе де, биыл «Диқан» тірек мектебі облыстағы ең үздік мектеп атанды емес пе?
– Иә, 2017 жылдан бері мектеп ұжымындағы әр мұғалім балалардың сапалы білім алуына өз үлесін қосты. Бұған дейін облыстық тірек мектептер байқауына қатысып, екінші орын алғанымыз бар. Сол жылы Ашық есік күнін ұйымдастырып, мектептің жұмысын көрсеттік. 2018 жылы ағылшын пәнінен үйірме ашылды. Мектепте республикалық семинар өткіздік. Осылайша тынымсыз ілгері жылжи бердік. Нәтижесінде биыл облыстағы үздік мектеп атандық. Өзім де жұмысты жүйелендіруге келгенде тыным таппайтын адаммын. 2019 жылы мектеп басшысы ретінде «Табысты менеджер» байқауына қатысып, облыстан бірінші орын алдым. Біздің мектеп облысқа да жақсы таныс деп білемін. Себебі біз оқушыларды театрға, тарихи орындар мен музейге жиі апарамыз. Оның маңызы зор. Оқушыларды әлеуметтендіру деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Өзіміз де ауылда өстік қой. Қалаға алғаш келгенде тосырқап жүргеніміз рас. Кейін көп нәрсені үйрендік, білдік, түйдік, қалыптастық. Біз үшін үлкен жетістік, мектептің абырой-беделін былай қойғанда, балалардың кемел білім алып, бәсекеге қабілетті болуы деп есептеймін. Соңғы екі-үш жылда Ұлттық бірыңғай тестілеуден оқушылардың 70-80 пайызы жақсы балл алып, грантқа түсті. Біз сонымен мақтанамыз. Ертең әр баланың қоғамда өз орнын тауып, білікті те білімді азамат болып өсуін қалаймыз.
– Бүгінгі білім беру жүйесіне қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз? Сондай-ақ мұғалім мәртебесі жайында не айтасыз?
– «Сынның да шыны болады» дейді. Сол үшін байыбына бармай, баға беруден аулақпын. Бүгінде білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Әсіресе ҰБТ-да тәртіп күшейгені қуантады. Десек те, менің бір білетінім, шағын жинақталған мектептерге үлкен қолдау қажет. «Мұғалім жалғыздығы» деген болады. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы шағын мектептерде ұстаздар арасында тәжірибе алаңы жоқ. Ондағы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көбірек көңіл бөлу керек. Мұғалім мәртебесі жайлы айтар болсақ, бүгінде бұл туралы арнайы заң бекітілді. Менің ойымша, қанша заң шықса да, мұғалім өзінің мәртебесін өзі көтермесе, бәрі бекер. Мұғалімнің беделін заң, қаулы көтере алмайды. Себебі біз алдыңғы буын ағалардың мектеп туралы әңгіме бастай қалсаң, үлгі көрсеткен ұстаздарын айтатынын білеміз. Білімді ұстазды балалар да құрметтейді, ал жұмысына шынайы берілмеген мұғалімдерді сынайды. Шын ұстаз өзінің атына кір келтірмеуі керек. Сонда ғана оған ешкім қарсы келе алмайды. Мектепте мұғалімнің барлығы ұстаз емес. Ұстаз болу үшін қажыр-қайрат, еңбек, ең бастысы, білімді болу қажет. Біздің ұстаз деген атқа қаншалықты лайық екенімізді кейін оқушылар, ата-аналар айтып, бағасын бере жатар.
–Биылғы оқу жылында балалар әліппемен қайта қауышты. Бұл бүгінгі білім жүйесіне қажет пе еді?
– Иә, қоғамда осы мәселе қызу талқыға түсті. Халықтың сұранысы бойынша сауат ашудың орнына әліппе қайта келді. Шынында, бәріміз ең алғаш әліппені қолға ұстадық. Ыстық көрінетіні содан. Ұстаз ретінде бұл өзгерісті қос қолдап қолдаймын. Бірақ, меніңше, елімізде бұдан да маңызды дүниелер жетіп артылады. Мысалы, үштілділік мәселесі көп айтылды. Мен соған қуанған едім. Дегенмен қоғамда бұл бастамаға теріс пікір білдіргендер де көп болды. Сонда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген мақал қайда қалды? Әл-Фараби көп тіл біліп, әлемнің екінші ұстазы болды. Бір адам тіл білгеннен қор болды дегенді естімеппін. Ал «әліппе қажет» деп ұсыныс білдірген министрліктегілер енді сол кітаптың ішіндегі дүниені балалар тез игеруіне жағдай жасауы қажет. Және қайта-қайта ауыстырмай, бір тоқтамға келгендері жөн.
– Ауылда жүрсеңіз де праймеризге қатысып, облыстық мәслихаттың депутаты атандыңыз. Халық қалаулысы ретінде осы таңға дейін қоғамдағы қандай мәселелерді шешуге ықпал еттіңіз?
– Мен «Nur Otan» партиясына кеше келген азамат емеспін. Партия қатарына 2005 жылы қосылсам, содан бері белсенді мүшесі болдым. Студент кезден сайлауда үгіт-насихат жұмыстарына араластық. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген соң, өзіндік ой мен көзқарас қалыптасады екен. Енді қоғамның бір бөлігі ретінде біз соған мейлінше араласуымыз керек қой. Келешек ұрпақтың қуатты мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. Біз оларға мүмкіндік беріп, қашанда бағыт-бағдар көрсетуден танбауымыз қажет. Менің праймеризге қатысқандағы мақсатым сол болды. Праймериз көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан жастарға көп мүмкіндік берді. Бұған облыста басшылық қызметте жүрген ағаларымыз куә. Әке-шешем зейнеткер. Қарапайым отбасыдан шығып, тамыр-таныссыз-ақ депутат болуға болатынын қатарластарыма дәлелдедім. Мен соған қуанамын. Студент кезде замандастарым басқа партияларға мүше болғанын білемін. Олардың ішінде бас партия туралы сын айтатындар да бар еді. Мен сонда достарымның арасында партияның игі істерін айтып, үлгі ететінмін. Парламент Мәжілісіне үміткер болғанымда, бір досым «Сен осы жағдайыңмен Парламентке өтсең, мен «Nur Otan»-ға мүше боламын» деп сөз берген. Мен сонда ішімнен «онда дайындала бер» дедім. Енді Парламентке бармасақ та, облыстық мәслихаттың депутаты болдық. Қазір сол досым еліміздегі жетекші партияның мүшесі болуға дайындалып жүр.
Праймеризде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын негізге алып, өзіміздің сайлауалды бағдарламамызды дайындадық. Онда мен жас ғалымдарды мен кәсіпкерлерді қолдау мәселесін көтердім. Праймеризде «Егер депутат болсаңыз, спорт алаңшаларын, нысандарын саласыз ба?» деп сауал қойғандар болды. Мен сұраққа өзімнің балалық шағымды мысалға алып, жауап қайтардым. Шынтуайтында, бізде бұрынғыдай спорт нысандары тапшы емес. Оның үстіне ақылы үйірме деген жоқ. Сондықтан спорт нысандарына балаларды көптеп тарту мәселесі өзекті екенін ескере отырып, жастарға насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алатынымды айттым. Осылайша мен спорт алаңшасын салып беремін деп жалған уәде бергенім жоқ.
Иә, бас партияның қоғамдағы барлық мәселелердің басында жүргенін көпшілік біледі. Депутаттар коронавирус пандемиясы, Арыстағы, Байзақтағы оқиғалардан кейін халыққа көп көмек көрсетті. Халық қиналса қайда барады, әрине, партияға. Біз әрқашан дұрыс бастаманы қолдаймыз. Бұрысына партия тарапынан ұсыныс жасап, мәселені шешуге тырысамыз. Депутат болдым екен деп, депутаттық сауал жолдай беруге де болмайды. Бірақ мен Байзақ ауданындағы Бурыл, Диқан, Жаңатұрмыс және Көктал ауылдық округтеріне инфрақұрылым жүргізіп, жер беру мәселесін көтердім. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл сауалды қолдады. Бүгінде ауылдарға су жүргізілуде. Қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғыны Төле би көшесінің соңына аялдама, жаяу жүргіншілер жолын салып, жарықтандыру мәселесін реттеуді сұраған. Онда қазір тек жарықтандыру мәселесі қалып тұр. Басқасы реттелді. Сол секілді депутаттық сауал жолдамай-ақ, біраз мәселелердің оң шешімін табуға тырыстық. Праймеризде берген уәделерімді орындап жүрмін. Өзім жасанды болудан қашамын. Енді осы міндетімді абыроймен атқарып, елдің алдында әрдайым еңсем тік болса екен деймін. Бұны да үлкен сынақ деп қабылдадым.
– Елдің ертеңі саналатын жастардың бүгінгі аяқ алысына қандай баға бересіз?
– Әрине, ақыл айтар жаста емеспін. Бірақ өз ойымды ашық жеткізгенімнің әбестігі жоқ деп ойлаймын. Қазіргі жастар ақылды. Көп біледі. Алайда көп білгеннің барлығы білімді емес. Дегенмен өзімнен кейінгі жастарға ризамын. Бойында ұлтқа деген махаббат бар. Тек жастар қай жерге барса да, байыбына бармай шешім шығарудан аулақ болса екен деймін. Кез келген қызметке бару үшін соған сай білімің де болуы шарт. Іні-қарындастарымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезінсе екен деймін. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғанда көзіме жас алғаным бар. Себебі ұлт пен ел үшін бауыр еті езілген Елбасының сара жолын Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғайтындығына бек сенімді болдым.
Бүгінгі жастар осындай тұрақты да тәуелсіз мемлекетте тұрып жатқандарын мақтан етіп, ел үшін аянбай еңбек етсе екен деймін. Сондай-ақ ұлтына жанашыр адам ең әуелі отбасын құрып, иманды, ибалы бала тәрбиелейтіні хақ. Олар осынау маңызды дүниені ескерсе, басқасы өз орнымен келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.