Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саналы тәрбие отбасында қалыптасады

0 291

Отбасы және отбасылық құндылықтар – кез келген адамның өмірі қалыптасатын ең маңызды іргетас. Тұлғаның қалыптасуы отбасында басталады. Отбасылық құндылықтар тұтас табиғаттың үйлесімді дамуы үшін қажетті дағдыларды қалыптастырады.

Отбасы – үй, әке мен ана – жақын адамдар. Бұл – ортақ уайымдар, қуаныштар мен істер. Бұл махаббат пен бақыт екені бәрімізге мәлім. Қазіргі таңда балаға сапалы білім беріп, қоғамның кірпіші ретінде қалап шығару мұғалімнің міндетіне жатқанымен, тәрбие бастауының алтын қазығы туған ұясы екені ұмытылып бара жатқандай көрінеді.
Осы орайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Әр бала – жарық жұлдыз» жобасы аясында «Ата-ана, Сізді не алаңдатады?» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Фаиза Көненова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Экономика» кафедрасының доценті, Аналар кеңесінің төрайымы, көпбалалы ана Ардақ Жантаева, Жамбыл облысы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының мүшесі, полиция майоры Анара Мусаева және ата-аналар мен колледж қызметкерлері қатысты.
Кездесуді ұйымдастырудағы мақсат – ата-аналарға ой салу үшін, ата-ананың балаға деген тәрбиелік ықпалының зор екенін тереңінен түсіндіру. Жиынға қатысушылар ата-аналарға бала тәрбиесінің негізі отбасы екенін жеткізіп, осынау шағын әлеуметтік топ бала үшін өмір мектебі екенін тілге тиек етіп, адамзат қоғамының ең басты бейнесі – отбасы екенін кеңінен түсіндірді.
Шындығында, ата-ана – баланың ең алғашқы ұстазы. Ата-ананың ең басты қазынасы, алтын тіреу діңге-гі – бала екенін естен шығармауымыз тиіс.Бүгінгі күні бала болашағында «әттеген-ай» деген тұстары болмас үшін ең бірінші ата-ана тәрбиеден олқы кетпеу керектігін естен шығармауы тиіс. Баланы тәртіпке саламын деген желеумен оның жеке пікірімен санаспау, басып тастау, сөзіне құлақ аспау, сәл тентектігі үшін жазалау жақсылыққа алып бармайтынын, ата-ана мен бала арасындағы алтын көпір – ашылып сөйлесу, әңгімелесу, пікірлесу екендігін естен шығармағанымыз жөн.
Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Әл-Фараби бабамыз: «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды», – демеп пе еді?! Сол себепті де бүкіл ата-ана тәрбиеге бет бұрып, ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата-аналар іс жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне, осындай ынтымақ-бірлікте ғана ойдағыдай нәтиже беретіні бәрімізге ақиқат. Белгілі жауынгер Б.Момышұлы айтқандай, «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөзінде үлкен мән жатқанын баса айтқым келеді. «Отбасы – ата-ана – оқу орны» үштік ұғымы біріккенде ғана сапалы білім мен саналы тәрбие болады.
Қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім- тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы, ата-аналар болып қолға алсақ, болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу – баршаға бірдей міндет.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің тәрбие бөлімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.